«БӘЙТЕРЕК» МОНУМЕНТІ

Әлемде алғаш рет диаметрі 22 метрлік, салмағы 300 тоннадан тұратын, күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалынған шар биіктігі жағынан рекордқа ие болды. Біздің бас қаламызда бой көтерген бұл «Бәйтерек» монументі Астананың басты көрікті орны ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның сәулеттік символына айналды.
Монумент құру идеясының авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Елорданың бас жоспары аясында салынған нысанның сызба-жобасын әлемдік сәулет өнерінің шеберлері жасап, Ресей академиясының сәулетшілері, белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава және «Ақорда» қазақстандық жобалау-құрылыс компаниясы орнатты.
Өзінің тарихи тамырын сақтап, берік негізін нығыздайтын, болашаққа бағдар жасайтын, мемлекетті түсіндіріп беретін монументтің мағынасы терең. Эпикалық түсіндірмесі бар. Халқымыздың дүниетанымынан хабар беретін, ұлттық ерекшеліктеріне сай құрылған ғажайып ғимаратқа бүгінде Астанаға келген әрбір адам ат басын тірейді. Заманауи тілмен өрсек, «Бәйтерек» Астананың «визит картасына» айналды.

Көшпенділер дүниетанымы

«Бәйтерек» монументі ертедегі көшпенділердің дүниетанымын танытатын терең философиялық мағынаға ие. Оның идеясында «Самұрық» қасиетті құсы туралы ежелгі қазақ аңызы жатыр. Қанатымен аспанды жауып «Самұрық» тұр. Бәйтерек тіршілік тірегіне қарай ұшып келеді. Бәйтеректің ортасында өмір мен үміт беретін алтын жұмыртқа Күнге негіз салуда. Ал бұл сәтте діңгектің жанында жұмыртқаны қарпып қалғысы келетін аш құрсақ Айдаһар жасырынған. Осылайша, жақсылық пен жамандықтың мәңгі күресі көрсетілген. Айналасында Әлемдік өзен ағып өтеді, ал жағалауында ұшар басымен аспан тіреп, тамырымен жерге ойысқан Бәйтерек тұр.
Бұл Өмір ағашы Әлемнің сипаты іспетті: жерасты әлемі «Бәйтеректің» тамыры, жерүсті әлемі – сабағы, ал аспан әлемі – ағаштың ұшар басы. Құрылысты аяқтап тұрған диаметрі 22 метр болатын үлкен шыны шар бақыт құсы Самұрық ағаш басына жыл сайын салатын алтын жұмыртқаны аңғартады. Монументтің биіктігінің де өзіндік мәні бар.
Бәйтерек ежелгі түркі сөзі, «бәй» – үлкен, алғашқы деген ұғымдарды, ал терек «ағаш» деген ұғымды білдіреді. Демек, «Бәйтерек» екі сөздің бірігуінен жасалып, «зәулім ағаш» дегенді білдіреді.

Ұлттың тамыры

«Бәйтеректің» ең төменгі қабаты, оның тамыры іспеттес бөлігі, өмір ағашының нәр алатын жерасты бөлігі 4,5 метр тереңдікте орналасқан. Бұл бөлікте дәмхана, аквариум және суретші Ерболат Төлепбайдың еңбектерінен тұратын «Бәйтерек» минигалереясы бар.
Бұл жерде «Астана-Бәйтерекке» қонақ болғандар үшін жаңа қаланың мәдени-әкімшілік орталығының макеті бар. Экскурсоводтар мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерінде астанамыздың алыс және жақын шетелден келген, еліміздің түкпір-түкпірінен астанаға келген қонақтары үшін шолу экскурсияларын өткізеді. Оларды қызықтыратын сұрақтарға жауап береді. Сонымен қатар, онда «Астана-Бәйтерек» символикасы мен сувенирлік өнімдер сату бойынша дүкен бар. Онда қонақтар ұлттық құндылықтарымыздан хабар беретін түрлі естеліктер, суреттер, кәдесыйларды естелікке алып кете алады. Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандардың да кіріп-шығу мәселесі шешілген. Қонақтарға қолайлы болу үшін арнайы кіру билеттерін сататын терминалдар орналастырылған.

«Аялы алақан» құдіреті

Келушілер панорамалық лифтімен әйнек «шарға», яғни ең биік шыңы жұмыртқаға қарай көтеріліп, «құс ұшатын» биіктіктен егеменді Қазақстанның жаңа астанасындағы үлкен өзгерістерді бағамдайды. Көкжиектен көз тастап, ел астанасын алақандағыдай көре алады.
Ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен. Оған қол табы тигенде, шиыршық түрінде жарық ағып түсіп, сәуле алақанға құйылады да, Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны ойнай жөнеледі. Одан әрі қосымша түріндегі композиция өз негізінен бөлініп, жер бетіне қалықтап тұрғандай әсерге бөлейді. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Арнайы шынылармен әйнектелген «Бәйтерек» күмбезі­нің салмағы – 70 т, ал алтын шардың үстіңгі ауданы – 1553 м. Осынау ғаламат шардың панорамалық залынан Астананың кешегі және бүгінгі сәулеті – «ескі» және «жаңа» көрінісін тамашалауға болады. Алтын шар мен ғимараттың негізгі кіреберісі бір-бірімен «оқпан» деп аталатын салмағы 695 т металл құралымен байланысып жалғасқан. «Бәйтерек» кешенінде келушілердің демалып, асықпай отырып төңірегін көруге мүмкіндік беретін дәмханасы да бар. Астананың орталығында көкке бой созып тұрған «Бәйтерек» – қазіргі Қазақстанның нышан-символы, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспетті.

Бейбітшілік ұясы

Айта кетерлігі, осы биіктіктегі ерекше екі композицияның бірі – 17 түрлі әлем діндерінің уәкілдері қолы қойылған ағаш глобусы. Панорамалық зал ортасында орналасқан, «Бата» композициясы аталатын 17 жапырақтан тұратын белгінің өз тарихы бар. Бұл – 2003 жылы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астанада жиналған он жеті әлемдік діни конфессиялардың жетекшілері Қазақстан халқына және жеріне берген ақ батасы.

Ұлттың бренді

Бәріне белгілі, бұл монументті тамашалау үшін жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ, алыс және таяу шет елдерден келген туристер көптеп келеді. «Астана-Бәйтерек» монументінің жарық та, кең де көрініс залдарында ресми және мәдени іс-шаралар өтеді. Экскурсия жетекшілері мемлекеттік, орыс, шет тілдерінде Қазақстанның барлық аймақтарынан, сол сияқты таяу және алыс шет елдерден келген елорда қонақтары үшін шолу экскурсияларын өткізеді, қызығушылық танытып отырған сұрақтарына тілектестікпен жауап береді.
Бүгінде «Астана-Бәйтерек» монументі ұлттық брендке айналды деуге әбден болады. Бүгінде әлемдік қоғамдастық оны елордамен ғана емес, сондай-ақ, бүкіл Қазақстанмен орнықты түрде байланыс­тырады. «Бәйтерек» Астана қаласының ғана емес, бүкіл қазақ халқының игілігіне айналды.
Бұл нысан әлемдік сәулет өнерінің жоғары талаптарына толығымен жауап береді. Астана қаласында Сәулетшілер одағының халықаралық қауымдастығы өткізген 10-байқауда беделді халықаралық қазылар алқасының шешімімен 2002 жылғы ең таңдаулы жоба және құрылыс ретінде «Бәйтерек» кешеніне гран-при берілді.

Бес кереметтің бірі

Жақында халықаралық National Geographic журналы Қазақстан табиғаты жайында тамсанып жазды. Қазақстандық ғажайыптар тізіміне біздің еліміздің сәулет және табиғат әсемдіктерінің бес ескерткішін кіргізіп, оларды Қазақстанға келген туристердің бәріне ұсынған. Сол қазақстандық ғажайыптардың бірегейі осы «Бәйтерек» монументі болып отыр. «Бәйтерек» сөзі қазақ тілінде жас, жайқалып өскен ағашты білдіреді. Жоба авторларының ойынша, осылайша өзінің тарихи тамырларын сақтаған мемлекеттің тағдыры берік тұғырымен қатар өріліп, болашақ гүлденуге ұмтылысы бейнеленген деп жазды журнал.
Расында, «Бәйтерек» – бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтардың ғұмыр­лық мұратын білдіреді. Тамыры терең елдің бәйтерегі биік болады.

«Астана-Бәйтерек» монументі 2002 жылы ашылды. Металдан, шыны мен бетоннан жасалған бұл бірегей сәулет құрылысының ауқымы да ерекше. Биіктігі – 105 метр, салмағы 1000 тонна металл конструкциясына 500 қада тірек болып тұр. Әлемде тұңғыш рет диаметрі 22 метр және салмағы 300 тонна болатын, күн сәулесіне қарай түсін өзгертетін «құбылмалы» шар 97 метрге көтерілді. Құрылыс кезінде жерге орналастыру жұмыстарының алаңы – 8600 м³, бетон жұмыстары – 2900 м³, металл конструкциялары – 999 тоннаны, күмбезді шынымен көмкеру жұмыстары 1555 м² құрады.

Гүлжан РАХМАН