БӘРІМІЗДЕ БІР ОТАН, КӨШБАСШЫМЫЗ — NUR OTAN!

Күтпеген оқиғаларға толы 2020 жыл да аяқталды. 2021 жылы Қазақ Елі Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерекесін атап өтеді. «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауымен басталмақ. Мұның символдық мәні зор. Бұл дода барлық мерейтойлық іс-шараларға идеологиялық және мазмұндық тұрғыдан тың серпін беретіні анық. Алдағы сайлау қоғамның біртұтастығын және береке-бірлігімізді бекемдей түседі деп сенемін» деді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ құрылтайында сөйлеген сөзінде. 2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламентінің мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы болады. Мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Сондықтан да партиялардың қоғамдағы атқаратын қызметі арта бастады. Осы жағдайларды ескере отырып, еліміздегі жетекші партияның тарихына тоқталып өтейін. 1999 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Отан» партиясы құрылған болатын.1999 жылғы 12 ақпанда партия Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеуден өтті. Міне, осы күн Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы партия қызметінің өз жұмысын бастаған уақыты болып есептеледі. Партия мұрағатында Республикалық «Отан» саяси партиясының мүшесі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1999 жылдың 22 ақпанымен белгіленген есеп кітапшасы мұқият сақтаулы.1999 жылғы 1 наурызда партияның І құрылтай сьезі өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірауыздан партия Төрағасы болып сайланып, Саяси кеңес, Орталық ревизия комиссиясының құрамы бекітіліп, партия Жарғысы қабылданды. 2006 жылғы 4 шілдеде Астанада Республикалық «Отан» саяси партиясының кезектен тыс IX съезі өтіп, «Асар» партиясының, ал, 2006 жылғы 22 желтоқсанда өткен кезектен тыс Х сьезде Азаматтық және Аграрлық партиялардың «Отан» РСП қатарына қосылуы туралы шешім қабылданды. Партияның Х съезінде көпшілік дауыспен Қазақстанның жетекші саяси күшін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы етіп өзгерту туралы шешім қабылданды. 2013 жылғы 18 қазанда «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы «Нұр Отан» партиясы болып өзгертілді.

2020 жылғы 25 қарашада өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ құрылтайында партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа – лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы қабылданды.

Бағдарламада  негізгі төрт басымдық бар: 

БІРІНШІ – Әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік беру;

ЕКІНШІ БАСЫМДЫҚ – саламатты зияткер ұлт қалыптастыру;

ҮШІНШІ БАСЫМДЫҚ – экономика мен өңірлердің орнықты дамуы;

ТӨРТІНШІ БАСЫМДЫҚ – есеп беретін, «халық үніне құлақ асатын» мемлекет және жауапты азаматтар.

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп атап өтті: «Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Nur Otan партиясы бағдарламаны жүзеге асыру үшін Үкіметпен бірлесіп, алдағы бесжылдыққа 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарламада елдің әлеуметтік ілгерілеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты әрі тиімді шаралар ұсынылады. Партия жұртшылықтан келіп түскен ұсыныс-тілектерді назарға алды.  Біздің бағдарламамызды бүкіл еліміз дайындады деуге толық негіз бар

 Жаңа жаһандық сын-қатерлер ескеріле отырып, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына жұмсалатын қаражат ұлғайтылатын болады. Бұл – адам капиталына, еліміздің болашағына салынатын стратегиялық инвестиция

2023 жылға қарай дәрігерлердің еңбекақысы 2,5 есе өседі. Басты мақсат – қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 75-ке дейін ұзарту. Саламатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту зор маңызға ие. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер клубтарын тек шағын және орташа қалаларда ғана емес, сондай-ақ тірек боларлық барлық ауылда ашу қажет. Сонымен қатар жаттықтырушы-оқытушылардың еңбекақысын көтеру керек. Әрбір ауылдық округте спорт жөніндегі нұсқаушы лауазымын енгізген жөн

Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін білім және мәдениет саласын өркендетуге, жастарды қолдауға баса мән беруіміз керек. Бүкіл Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады. Соның арқасында біз апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесін толық шешеміз. Барлық мектеп интернетпен, компьютермен және пәндік кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Ауыл мектептерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде орналасқан 5 мыңнан астам мектеп жаңғыртылуы керек. Педагог мамандарға сұранысты арттырып, білім сапасын жақсарту мақсатында олардың жалақысы 2 есе көбейеді…

   Біз үшін жаңа бағыттар – IT саласы мен туризмге шын мәнінде басымдық беру керек. Осы екі сала бойынша 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады…

Nur Otan партиясы – ізгі ниетке негізделген нақты істер партиясы. Қазақстанның жарқын болашағы үшін зор жауапкершілік бізге жүктелген. Отанымыздың тағдыры партияның стратегиясын қолдайтын белсенді мүшелерінің, шынайы патриоттардың қолында».

Nur Otan партиясының алдағы 5 жылға арналған сайлауалды бағдарласымен танысып, еліміз алда талай биік белестерді бағындыратынына сендім. Ұстаздар қауымына қамқорлық жыл өткен сайын арта беретіні қуантады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Ұстаздар қауымын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, мол бақыт, мәртебелі ұстаздық қызметінде шығармашылық табыс тілеймін. Nur Otan партиясы еліміздегі жетекші, көшбасшы партия екені белгілі. Беделі биік, бағдарламасы жасампаз осындай партиямыздың болуы әр қазақстандық үшін үлкен бақыт деп ойлаймын. Еліміздің Бас партиясы туралы мақаламды ақын Бекзат Рүстемнің «Көшбасшымыз- Nur Otan» деген өлеңімен аяқтауды жөн көрдім.

Бәрімізде бір Отан,

Көшбасшымыз — Nur Otan.

Отан үшін жауапты,

Партияны ұнатам.

Әркез айқын жоспары,

Жақсы істің дастаны.

Елдің бағы Nur Otan-

Армандардың асқары.

Жолы жарқын, ізгі үні,

Бағалайық біз мұны.

«Nur Otanда» болуға,

Тиіс елдің тізгіні.

Ел партия кемелі,

«Nur Otanға» сенеді.

Барша халық сенген соң,

Бәсекеде әркез жеңеді.

Бақытқа елді бөледі,

Жүрекке нұр себеді.

Әр азамат лайықты,

Өмір сүрсін дегені.

Дұрыс таңдау жасаңыз,

Солай алға басамыз.

«Nur Otanмен» өркендеп,

Асулардан асамыз.

Жаңғырады санамыз,

Жайнар Ұлы Даламыз.

«Nur Otanмен» көркейіп,

Мәңгілік Ел боламыз.

Ф. ЕСІМБАЙ,

педагог. Шымкент қаласы.