БАСПАНА. БАҒДАРЛАМА.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» Жолдауында «Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру. Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет» деп тапсырған еді.

Үшінші мегаполис статусына ие Шымқаланың күн өткен сайын ажары ашылып келеді. Қаланың әр тұсынан бой көтерген тұрғын үй кешендері салтанатпен сап түзеуде. Құрылыс қарқынды. Дегенмен, миллионды қалада жыл сайын басанаға сұраныс артуда. Қазіргі таңда үй кезегінде 44 635 азамат тұр. Оның 19844-ін мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер құрайды. 15 264 азамат халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санаты бойынша тұрғын үй кезегіне тұрғандар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар осы аталған санаттың ішінде.

Тұрғын үй ең өткір де өзекті мәселелердің бірі. Оны шешудің әр түрлі жолдары бар: сатып алу, банктердің ипотека бағдарламалары, қызметтік тұрғын үй алу, соңыра сатып алумен жалға алу, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу немесе әкімдіктен азаматтардың жекелеген топтары үшін баспана алу. Баспана сатып алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарды жалға алу тәртібімен уақытша баспанамен қамтамасыз ету – үлкен қолдау.  Жыл басынан бері 308 пәтер тұрғын үй комиссиясының шешімі бойынша қабылданып, жетім балаларға 18, көпбалалы отбасыларға 148, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына 142 пәтердің жалдау шарттары толығымен аяқталып, азаматтарға қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 368 отбасы жалдамалы баспанамен қамтылады. Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы беріледі. Қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған.

Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін қолжетімді мүмкіндіктер жасау мақсатында ипотекалық бағдарламалар енгізілген. Атап айтсақ, «2-10-20» (Бақытты отбасы), «7-20-25», «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы (5-10-20). «2-10-20» (Бақытты отбасы) бағытына тұрғын үй кезегіндегі «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, толық емес отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады.
Ал, «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы (5-10-20) бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде кезекке тіркелген кез- келген азаматқа өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған. Қалған «7-20-25» бағыты бойынша кез келген, атында мүлік тіркелмеген ҚР азаматы тұрғын үйден пәтер алу мүмкіндігі бар.
Бұдан өзге, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу мақсатында тұрғын үй сертификаттары қарастырылған. Биыл баспанаға мұқтаж азаматтарға қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қайтарымсыз негізде 300 млн. теңге тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып отыр.

Тұрғын үй сертификатын алуға мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілері үміткер бола алады.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бүгінде еліміздің барлық саласын қамтыды. Бұл жүйе тұрғын үй бағытында да кеңінен қолданылып келеді. Үй кезегін егов порталы арқылы бақылап отыруға болады. Тіркелген азаматтар негізсіз кезектен шығарылмайды. Тек, мына жағдайларда ғана кезектен шығарылады: Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуi үшiн негiздер жойылған, яғни санатын жоғалтқан, мұқтаждығы жойылған жағдайларда, басқа елдi мекенге тұрақты тұру үшiн кеткен немесе мемлекеттік кәсіпорындағы немесе мемлекеттік мекемедегі еңбек қатынастарын тоқтатқанда, азаматтар мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуiне мұқтаждығы туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер бергенде, жер учаскесiн алған және өзiнiң тұрғын үйiн салуды аяқтаған немесе тұрғын үй сатып алған жағдайларда, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған жағдайларда кезекке тіркелген азаматтар тұрғын үйге мұқтаждар есебiнен шығарылады.

Шымкентте биыл кезекте тұрған азаматтарға 976 пәтер үлестіру жоспарланған. Қазіргі таңда 608 пәтер беріліп, қалған 368-ін қыркүйекте тапсыру қарастырылған. Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов «2021 жылы  «7-20-25» бойынша 1008 пәтер, «5-10-20» -1028 , «5-20-25» бойынша – 1088, «Бақытты отбасы» бағдарламасы  бойынша 373 пәтер тапсырылады. Жалпы 4197 пәтер  тапсыру жоспарланғанын» атап өтті.

Яғни, биыл төрт мыңға жуық отбасы өз шаңырағына ие болып, қуанышқа кенеледі.

Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.