ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ ТЕГІН КОНЦЕРТТЕР ӨТКІЗІЛЕДІ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенованың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәслихатында Ханзада Әзімханқызы 19 маусым – қала күні мерекесіне орай өткізілетін іс-шаралар жайлы баяндады.
– 2200 жылдық тарихы бар қаламыздың төл мерекесіне арналған іс-шаралар легі 14-19 маусым аралығында өтеді деп жоспарлануда. Бұл ретте Шымкентте қазақи құндылықтарымыз бен дәстүрімізді дәріптеген 52 іс-шара ұйымдастырылады. Бір аптаны қамтитын шаралар санитарлық талаптарды сақтай отырып, Ashyk бағдарламасын іске қосу арқылы өтеді. Басты мақсатымыз – атаулы күнде мегаполистің мерейін асырып, қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық мәдениетіміз бен шаһарымыздың айшықты келбетін кеңінен көрсету, – деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, қала күніне арналған іс-шаралар барысында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған. Атап айтсақ, «Ұлы даланың жеті қыры және ұлттық әдебиет» дөңгелек үстелі, «Шуағын төккен Шымқала» өлкетану кеші, «Шаһар шырайы – Шымкент» кітап көрмесі ұйымдастырылмақ. Ал 18 маусымда Әл-Фараби кітапханасында қаламыздың ақын-жазушылары, суретшілер мен мүсіншілердің қатысуымен ауқымды «дөңгелек үстел» өтеді. Сондай-ақ мерекелік шаралар аясында қаламызда 4 кітапхана, 3 музей ашылады.
Бұдан бөлек, У.Абдраимовтың «Шымкент кеші көңілді» сазды думанды қойылымы, А.Алтынбековтың «Рақмет саған, дәрігер» қойылымы, Орталық саябақтағы Суретшілер пленэрі және «Шарықтай бер, Шымқала!» концерттік бағдарламасы, «Шым қала» этноауылындағы қызыққа толы кештер қала күнінің ажарын аша түспек.
Айта кетейік 18, 19, 20 маусым күндері қаладағы барлық театрларда және Этноауыл, зообақ, «Түркістан» сарайы, Циркте өтетін іс-шаралар мен қойылымдарды көрермендер тегін тамашалай алады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы