БЕЙБІТШІЛІГІМІЗДІ БАЯНДЫ ЕТКЕН ҚАЙРАТКЕР

Нұрсұлтан Әбішұлы елге қамқор басшы болып, әрбір қазақстандықтың жүрегінен терең орын алып отыр. Елбасымыз алдағы уақытта да халқымызбен бірге, мемлекетімізді жаңа биіктерге, жаңа белестерге жеткізетіні сөзсіз. Сонымен бірге Елбасымыз әрқашанда тәуелсіз Қазақстан тарихының төрінде Тұңғыш Президент, ұлт Көшбасшысы ретінде жарқын істердің жаршысы болып қала бермек дегім келеді.

Осы ретте жиырма жасымда ауған даласында соғыс көргенімді айта кеткім келеді. 2 жыл  5 айға созылған Ауғанстандағы отты жылдар еске түссе, жүрегім езіледі. Қыршынынан қиылған талай боздақтардың өмірі әлі күнге дейін көз алдымда. Осындай сәтте елдің тыныштығынан артық ештеңе жоқ екенін түсінесің.

Тыныштық – әрбір елдің басты байлығы. Осы бір ауыз сөздің қадірін адамдар терең түсінсе, сол тыныштық барда қазақтың қарыштап  дамуы да, өркендеуі де, озық елге айналуы да бола береді емес пе?

«Іргемізді бекемдеп, байтақ шекарамызды халықаралық құжаттармен мызғымастай етіп бекіттік. Ашық аспанымызды қас қақпай күзететін айбарлы армия құрылып, келелі Конституция басшылыққа алынды. Қарышты экономикалық өрлеу арқылы Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қабырғалы ел болды. Біз ұлттық рухы берік, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет құрдық», – деген еді Елбасы. Осының нәтижесінде елде соғыс жоқ. Мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына әуелі елдің тыныштығы үшін алғысымды білдіремін, ол кісімен мақтанамын. Мемлекетіміздің өркендеуі жолындағы Тұңғыш Президенттің еңбегі өлшеусіз. Ал мұндай еңбек ешуақытта ұмытылмауы керек.

Елбасы Мақтаарал өңірін жүрегіне жақын санайды. Оны біздер осы өлкеге келген бірнеше сапарынан аңғардық. Мақтааралдықтармен кездесуінде Тұңғыш Президент: «Мақтаарал – оңтүстіктің жүрегі», – деп зор теңеу айтып, жүректерді толқытқаны бар еді. Бұл сөз тегін айтылмағаны анық. Оны бүгінде бүкіл қазақстандықтар біліп, көз жеткізіп отыр.

Бүгінде мен Мақтаарал аудандық сотының төрағасы қызметіндемін. Саналы ғұмырымда өңірдің тәй-тәй басқан сәтінен бүгінгі деңгейге дейінгі аралықта сан қилы кезеңдердегі қиындықтармен ұшырасқанын көрдім. Сындарлы сәтте аудан халқынан бастап, ел ағалары күні-түні тынбай еңбек етті, елдің өркендеуі жолында тер төкті. Ащы тердің тәтті жемісін қазіргі күні татып отырған жайымыз бар.

Құнанбай МҰСАЕВ,

Мақтаарал аудандық сотының төрағасы, Ордабасы және

Мақтаарал аудандарының

Құрметті азаматы.