ТАРИХТЫ ЖАСАҒАН ТҰЛҒА

Ұлыбританияда «Темір әйел» атымен танымал Маргарет Тэтчер: «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын», – деген болатын.

«Тарихты тұлғалар жасайды» деген қағидаға сүйенсек, Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразия төрінде өз Туы, өз Елтаңбасы, өз Әнұраны мен өз Ата Заңы бар, дамыған, зайырлы Тәуелсіз мемлекет құрды. Елбасының салиқалы саясатының арқасында Қазақстан қарыштап дамып, әлемге танылды. Шекарамыз бекіп, Елордамыз бой көтерді. Халқымыздың әл-ауқаты жақсарып, еліміз бейбітшілік пен татулықтың ошағына айналды.

1991 жылдың 1 желтоқсаны күні кешегідей есімде қалыпты. Тұңғыш рет жалпыхалықтық дауыс беру жолымен Қазақстан Президентін сайлау рәсімі өткізілгенде толқымаған жүрек қалмаған болар?

Көпшіліктің қалауымен сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ең көп дауыспен (98,76%) жеңіске жеткені әрбір қазақстандықты қуанышқа бөледі. Жаңа бетбұрыс, жаңа серпін, жаңа уақытты тезге салу басталды. Əр салада қиындықтан шығудың іс-əрекеттерін меңгере отырып, алға өрлеу басталды. Барлық қазақстандықтар Елбасымызды бір кісідей қолдаумен бірге жас мемлекетімізді өркендетуге кірісті. Əр азамат, əрбір отбасы барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, Елбасымыздың жаңа Жолдаулары қолдауларға ие болып, алға қарай ұмтылды.

Біз бүгінде «Еңбек түбі – зейнет» болатын мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Осы уақытқа дейінгі белсенді, ортақ еңбектің нәтижесінде ата-бабамыздың «Елу жылда – ел жаңа» дейтін тұжырымын қайта жаңғыртып, жиырма жылда ел жаңа бола алатындығын дәлелдедік. Мысалы, әсем Елордамыз бой көтерді. Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Шымкент қаласы үшінші мегаполис атанды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы мәртебесі әрбір қазақстандық үшін зор мақтаныш.

Өзімнің қызмет атқарған жылдарымда Елбасымыздың «100 мектеп – 100 аурухана» бағдарламасына үлесімді қосу мақсатында Отырар ауданы, М.Шаханов мектебінде орыс тілі мен əдебиеті пәні кабинетін, Түркістан қаласындағы өзім бітірген М.Мəметова мектебінің орыс тілі кабинетін жеке қаражатыма жабдықтап бердім.

1982-83 оқу жылында ұстаздық кезеңіме 12 жыл толған кезде Отырар ауданы, Сейфуллин орта мектебінің директоры болып тағайындалдым. Сол кезде мен ұстаз болу мен басшы болудың арасының жер мен көктей екенін сезіндім. Мектеп өмірі мен қоғамдық ортаны байланыстыра отырып, алға өрлеу жолдарын меңгере бастадым. Осындай күндердің бірінде, 1986 жылы желтоқсан айында біздің қазағымыз үшін ата-бабаларымыздың аңсаған арманы көктен түскендей елге нұрын себелеп, жаңа жарқын күндердің бастауын алып келді. Əрине, еліміз үшін барлық жаңалықтардың жаршысы болу оңайға түскен жоқ. Өзінің қызығы мен қиындығы қатар келіп жатты.

Қазіргі кезеңде Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі əжелер алқасының төрайымы ретінде əжелермен бірге жұмыс істей отырып, салт-дəстүріміздің құндылықтарын жастарға жеткізу жолында қызмет жасап келемін. Əжелерден ұйымдастырылған бірнеше топтар республикалық «Өнерлі ердің – өресі биік» байқауында екі дүркін жүлдегері атанды. Дәстүрге айналған «Əже дəмі» тақырыбында Шымкент қаласында бірнеше əскери бөлімдерге барып, жас сарбаздарға əже дəмін ұсынамыз. Ол дастарханға əскери бөлім басшылары озық ойлы, қызметін үздік көрсеткен сарбаздарды шақырады. Бұл дегеніміз, ауылын сағынып жүрген сарбаздардың бойына патриоттық сезімін ұялатып, өз Отанын қорғауға деген міндетін сезіне отырып, үлкен серпіліс алатынын байқадық.

Қазір елге келіп жатқан қиыншылық кезеңінде де əжелеріміз көптің ортасынан табылып, қиындықтан құтылудың жолын қарастырып, көппен бірге жұмыстар жүргізуде.

Мінекей, айтуға оңай көрінгенімен, мұнда қанша күш-жігер, даналық пен сабырлық таныту керектігі түсінікті де шығар?! Бұл – ерлікпен пара-пар дүние. Көреген, дана Көшбасшымыздың ел игілігі үшін атқарған әрбір ісі ешқашан ұмытылмайды, мәңгі есімізде сақталады.

Тəуелсіз мемлекетіміздің өркендеу жолында бірге болғанымды, тамшыдай болса да үлес қосқанымды мақтаныш етемін.

Шарапат ҚҰРМАНБЕКОВА,

ҚР білім беру ісінің құрметті

қызметкері, «Алтын ана» медалінің иегері, Отырар ауданының

Құрметті азаматы.