ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ЖАМБЫЛ ТОЙЫ ТҮРКИЯДА
Жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы Анкарада аталып өтті.
ҚР Түркиядағы елшілігі, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және Кечиорен әкімшілігі ақынның құрметіне орай бірнеше шара ұйымдастырды.
Анкарадағы Жамбыл көшесіне ескерткіш тақтайша орнатылды. Енді анкаралықтар жыр алыбының өмірбаянын тақтайшаға орнатылған qr код арқылы оқи алады.
Шараға Қазақстаннан Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласы және Алматы облысының әкімшілік өкілдері, жыр алыбының ұрпағы Салтанат Жамбылова және өнер адамдары арнайы барды.
Қатысушылар Жамбылдың ұстазы Сүйінбай Аронұлының ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.
175 жылдыққа арналған шара «Жамбыл — түркі дүниесінің жыр алыбы» атты халықаралық конференциямен жалғасты. ТҮРКСОЙ ұйымы ұйытқы болған жиында қазақ ақының түркі әлеміндегі рөлі, шығармалары жайында әңгіме қозғалды.
Конференция барысында Жамбыл Жабаевтың түрік тіліне аударылған таңдамалы туындылар кітабының тұсауы кесілді.