БІЗ ЕЛБАСЫМЕН МАҚТАНАМЫЗ
Елбасымыз – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайлы «Кемеңгер, дана Көшбасшы» кітабы жарық көріп жатыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы бұдан бұрын да бірнеше кітаптар мен фильмдер жарыққа шыққаны белгілі. Ал биылғы жылы 80 жасқа толып отырған Нұрсұлтан Әбішұлы хақында құрастырылып отырған «Кемеңгер, дана Көшбасшы» кітабының маңызы ерекше деп айтқан болар едім. Бұл кітапта Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы ғана емес, сонымен бірге Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап, өсіп-өркендеген кезеңдеріндегі халықтың көңіл-күйі мен ауыл-аймақтардың тыныс-тіршілігі де қамтылып отыр.
Елбасының сарабдал саясатының арқасында кемелденген өңірлердің бірі – Түркістан облысындағы Шардара ауданы деп айтсақ, жаңылыспаймыз. Шалғайда жатқан біздің өңір Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының нәтижесінде сан белестерден алқынбай өтіп, шаруасын тіктеп келеді. Елбасы Жолдауларында айтылған міндеттер мен тапсырмалар өз деңгейінде жүзеге асуда. Мемлекеттік бағдарламалар мен Үкімет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктердің игілігін көріп отырған жерлестеріміздің бүгінгідей ғажайып өмірді орнатып берген Нұрсұлтан Әбішұлына айтар алғысы шексіз. 2007 жылы шардаралықтар аудан орталығындағы үлкен саябаққа «Тұңғыш Президент саябағы» атауын беруге бір ауыздан қолдау білдіргені де халықтың Елбасымен мәңгі бірге екендігін көрсетсе керек. Бүгінде «Тұңғыш Президент саябағы» тұрғындар қонақтарға мақтанып көрсететін саялы орынға айналды.
«100 мектеп, 100 аурухана» аясында бой көтерген Жаушықұм ауылындағы үш қабатты «Жаушықұм» мектеп-лицейі Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығы арқасында дүниеге келген зәулім ғимарат болып саналады. Мұнан басқа да аудан көлемінде жаңадан бой көтерген «Қазақстан», Ы.Алтынсарин, А.Әлімбетов, Қ.Сағырбайұлы, Қ.Аманжолов, Ж.Жабаев, М.Әуезов мектептері, Халық қаһарманы М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернаты, Б.Соқпақбаев атындағы білім беру ошақтары еліміздегі білім беру саласына жасалған лайықты қамқорлық деп білеміз.
Елбасы Жолдауларындағы елімізді дамытудың басым бағыттарының бірі – жаңа технологияларды өндіріске батыл енгізу. Үкіметіміз бұл бағытта «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын» әзірледі. Шардара өңірінде осы бағдарлама аясында соңғы жылдары бірнеше нысандар ашылып, халықтың игілігіне жұмыс істеп келеді. Биылдың өзінде «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» бойынша 1,5 миллиард теңгеге 4 инвестициялық жобаны іске асыруды қолға алып отырмыз. Оның біріншісі – жеке кәсіпкер Талғат Жалғасбаевтың иелігіндегі балық өңдеу зауытының өндірісін кеңейту аясында қосымша балық өнімдерін өндіретін және балық майы мен жемін шығаратын цех құрылысының жұмысы. Жобаның құны – 200 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары аяқталған кезде қосымша тағы да 40 адам жұмыспен қамтылмақ. Екінші – «Turan IT» ЖШС-інің блокчейн, дата центр жобасын іске асыру еді. Жобасының құны 600 миллион теңгеден астам болып отырған бұл орталықтың құрылыс жұмысы жуырда аяқталды. Үшінші жоба – жеке кәсіпкер Бауыржан Сариевтің «Алатау батыр» ауылдық округінен салынатын жем шығару кәсіпорны. 200 миллион теңгеге бағаланған бұл жоба жүзеге асқан жағдайда 20 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда жем шығаруға арналған құрал-жабдықтардың қаржысы алдын-ала төленіп қойылған. Тағы бір тың жоба – Достық ауылдық округінде қауыннан қақ дайындауды қолға алмақпыз. Жобаның құны 500 миллион теңгені құрайды, 25 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Шардара ауданының негізгі көрсеткішін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Шардаралық шаруалар мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктердің игілігін өз деңгейінде көріп келеді. Ағымдағы жылы 59300 гектар суармалы жерді игереміз деп жоспарлап отырмыз. Егістік алқаптарына дәрі жеткізу жұмыстары да толыққанды атқарылуда. Анығын айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3923 тонна селитра, 750 тонна аммофос, 550 тонна аммоний сульфаты, 423 тонна карбамид таратылып, минералды тыңайтқыштар тасымалдау жалғасуда. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкімет тарапынан жеңілдетілген бағада 3120 тонна жанар-жағармай бөлініп, ақпан айында 780 тонна, наурызда 780 тонна, сәуір айында 910 тонна және мамыр айында 650 тонна жеткізілді. Операторлар тарапынан жанар-жағармай бекеттерінде жеңілдетілген бағада 160 теңгеден жанармай босатылуда. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғанымыз, ол – Елбасының ауыл халқына жасап кеткен қамқорлығының жалғасы.
Шардара халқы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының саясаты төңірегінде топтасып, мемлекетіміздің көркейіп-гүлденуі жолында ауызбірлікте жұмыс атқаратынына сенімім кәміл.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙ,
Түркістан облысы,
Шардара ауданының әкімі.