«Біз тіл үшін күресіп жүргенде Мұқағалидың арақ ішуден қолы босамады»

Жуырда белгілі ақын Жанарбек Әшімжан Facebook желісінде Мұқағали Мақатаев туралы Мұхтар Шахановтың даулы өлеңін жариялаған еді. Ол өлең оқырмандардың қызу талқысына түсіп, Шахановтың атына бірталай сын айтылды. 

Бүгін хат қоржынымызға Мұхтар Шахановтың мәлімдемесі келіп түсті. «Қамшы»ақпараттық порталы еркін пікір алаңы болғандықтан, оны да жариялауды ұйғардық. Оқырмандардың айтары болса, сайт бетінен орын беруге дайынбыз. Автор пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бүгінгі кезеңде бүкіл қазақ халқын рулық сезім жаулап алды. Біреумен жолыға қалсаңыз, ол міндетті түрде алдымен қай жүзден, қай рудан екеніңізді сұрайды. Рас, әркім ата-тегін, руын білгені жөн. Бірақ, рулық сезім бүкіл қазаққа ортақ – елдік, ұлттық мүддені басып кетпеуі керек. Өкінішке орай, қазір солай болды. Кей жерлерде әрбір ру өздеріне арнап, жеке бейіт салып алған. Кезінде баспасөзде жазылды, қытайдан келген, руы басқа бір қандасымызды сол рудың бейітіне жерлеген екен, олар үлкен айқай шығарып, әлгі адамды басқа бейітке жерлеуге мәжбүрлепті. Мәселен, менің туған өлкем Оңтүстік Қазақстан облысында кейбір рулар өз ата-тегіне үлкен ескерткіштер орнатып қойған. Баз бір рулар өздеріне арнап әнұран да шығарған.

Ащы шындық мынада. Егер біздер, ұлтымыздың пайымды, парасатты адамдары бірлесіп, шектен шығып кеткен рулық сезімдерге тосқауыл қоя алмасақ, болашақта ұлтымызды сақтап қала алмасымыз айқын.

Жуырда бір топ жазушылар – Төлен Әбдікұлы, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Темірхан Медетбек бәріміз бірлесіп, Қазақстан Жазушылар Одағын 23-ақ жыл басқарған, сонда да «Мәңгілік төраға» болып қала беруді армандаған, Қазақстан жазушыларының демалыс үйін 49-ақ жылға шетелге жалға берген, жазушыларға тиісті 15 гектар алма бағын, кезінде қала әкімі Храпунов: «Жазушыларға тигізген көмегім болсын!» – деп сыйлаған үлкен базардың көзін жойған Нұрлан Оразалинге қарсы шығып, қызметінен тайдырдық. Оның орнына шындық биігінен көрініп жүрген Ұлықбек Есдәулет деген ақынды бекіттік.

Мына қызыққа қараңыздар. Біз орнынан тайдырған Нұрлан Оразалин мен атақты ақын Мұқағали Мақатаевтың руласы екен. Енді сол Оразалин Жанарбек Әшімжанмен және бір топ руластарымен бірлесіп, «Шаханов Мұқағали Мақатаевқа қызғанышпен күйе жағып отыр.» – деп менің шыншыл рухта жазылған «Мұқағали Мақатаев пен Жұқағали Бұқатаев туралы ойтолғау» атты өлеңімнің ішіндегі мына жолдарды алға шығарыпты:

«Жазушылар Одағында,

Оянсын деп жастардан дара тұлға,

Бір топ жарқын жас өскіннің

     жырын талдап жатқанда,

Мұқағали кіріп келді, ұқсап бақыт тапқанға.

– Осындағы әрқайсысың бір-бір сомнан бересің,

Ал, әйтпесе кім болсаң да көресіні көресің! –

Дедідағы жиындағы жұртты түгел санады.

– Алпыс бес жан… алпыс бес сом ұсынсаңдар болады!

 

Сол сәтте мен:

– Көріндіңіз бүгін жаңа белестен,

Енді сізді Мұқағали Мақатаев деместен,

Жан аярлық жұқалық мінез көрсеткеніңіз үшін,

Ақша сұрап, бұқалық мінез көрсеткеніңіз үшін

Жұқағали Бұқатаев деп атағым келеді! –

Дедім күліп.

                   Тек ол сөзім әзіл еді өрелі.»

 

Бұл оқиға айна-қатесіз шындық. Сол жиынға қатысқан ақындардың кез келгені (егер шындығын жоғалтып алмаса) мұны растай алады.

Біз қазақ тілін мемлекеттік тіл ету үшін, Кеңестер Одағы кезіндегі билікпен жағаласып жүргенде, Мұқағалидің арақ ішуден бір сәт те қолы босамады. Нұрлан Оразалин бастаған топ өкілдері ғаламторда, мені санасыз ақынға, тіпті есекке теңепті. Олардың ойынша, Мұқағали аруағын қаралағаным үшін оның руынан, бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрауым керек екен. Мейлі, кешірім сұрады деп есептеңіздер. Мұқағалидің бүгінгі даңқы ел арасында биік деңгейде салтанат құра берсін. Руластары қуатты күш жинап тұрған кезде шындық айтылмауға тиіс екен.

Тағы бір қызығы, Мұқағали екеуміздің ортақ тіл тапқанымыз, тіпті оның маған өзгеше батыл тілек білдіргені жайлы жазғанымды, Оразалин бастаған топ мүлде елемеуге тырысып, аттап өтіпті. Онда Мұқағалидың маған айтқан мынадай тілегі және менің ол туралы ойларым келтірілген:

«…Мейлі билік көрсетсе де саған ылғи кекесін,

Тек шындығың аман тұрса, мақсатыңа жетесің!

Кешір мені айналайын, жүрген болсам ұсақтап… –

Деп көзіне жас алды да, ұзақ тұрды құшақтап.

Мен сорлыны қаншама адам өсектепті, ұқпапты,

Мұқаңның сол қолдау сөзі әлі есімнен шықпапты…

Көп жыл бұрын өтті-кетті пенделік, рух шатысы,

Мұқаңды енді кінәлауға жоқ ешкімнің хақысы…

Билікке де, халыққа да әр қырынан сән құрып,

Мұқағали даңқы солай тұра берер жаңғырып.

Айыра алмау қайғы емес пе қалайы мен жақұтты?

Қарасаздай ауылы бар әрбір ақын бақытты!..»

 

Енді менің «Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов бастаған жазушыларға тағылған кінә немесе Зылиха апайдың мұңы» деген жырыма назар аударыңыздар:

«Кезінде демократияға өзгеше жол салған тұлға,

Кейіннен Ресейдің тұңғыш Президенті болған тұлға,

Желтоқсан шындығын жақтаған,

Мені биліктің зорлығынан сақтаған,

Борис Ельциннен ерекше сес көргендіктен,

Одан туар қиындықты ескергендіктен,

Горбачевтің амалсыздан маған берген рұхсатымен,

Құпияларға өрледім, биліктегі биік сатымен.

 

Жақсы білген ақ пен қара өтімін,

Қауіпсіздік комитетінің,

Қазақстандық басшысын шақырып алып:

– Мұрағаттарыңда жатыр сан жылғы қара тарих,

Енді соны ашайық,

Шындыққа қадам басайық! –

Деп талап еткенімде,

Ол айтты:

– Қазір шындық бұрылмас теп-тегінге,

Мұрағатты ашсақ, Мұхтар Әуезов бастаған,

Сәбит Мұқанов, Тәжібаев, Ормановтар қостаған,

Өте үлкен топ даңқ пен құрмет биігінен кетеді,

Олардың да әділдікке сатқындығы жетеді…

 

Бейқам кеме секілденіп соғылған тас кемерге,

Шошып қалдым, әсіресе Мұхтар Әуезов дегенде.

Иә, Әуезов сонау Кеңес Одағының тұсында,

Түскен адам болмаса да зорлық пенен қысымға,

Шығармасы шыққандықтан үлкен дара белеске,

Ту биікке жол сілтеп,

Сондай тұлға болсын деп,

Мына менің есімімді Мұхтар қойған емес пе?

Бірақ, бірақ, алдымызда кімдер сатқын, кім мықты?

Біз білуге тиістіміз адал, ащы шындықты.

 

Үш әріптің бастығы да бұл нүктені басуға,

Бізбен бірге құлшынса да,

Бізбен бірге жұлқынса да,

Мәскеу рұхсат бермей қойды, мұрағаты ашуға,

Кейле билік дайын тұрар әділдіктен қашуға.

 

Шындық өрге шықпаған соң, тағдырымыз күйкілеу,

Рас, Кеңес кезіндегі тарих мүлде шикілеу.

Басқа-басқа «дана» Сәбит Мұқановтың бір өзі,

Күллі Кеңес Одағында өрге шығып мінезі,

Талай ұлттық тұлғаларға тірідей көр қазды ғой,

Әрі оларды сатқандығын мақтанышпен жазды ғой…

Өкінішті-ақ тұрсадағы қара тарих бетінде,

Жұрт оны әлі мадақтайды дара тұлға ретінде.

 

Құпия шындық шаршатады құздан, сайдан құралып,

Ел назарын енді басқа мәселеге бұралық.

Әрқашанда кеңге жайған рухының қанатын,

Әттең, бірақ, күнін ерте батырған,

«Халық жауы» ретінде атылған,

Жұмабаев Мағжан деген болды шыншыл дара ақын.

 

Күйеуінің тағдырына жанын салған ұдайы,

Сан-салалы кедергіден қажымаған, талмаған,

Сүйгені үшін Сібірді де шарлаған,

Болды оның Зылиха атты шыншыл, адал жұбайы.

Сол Зылиха күйеуі үшін сөзге шығып ерікті,

Мәскеулік бір журналистке үлкен сұхбат беріпті.

Әлгі сұхбат кітап болып басылыпты Мәскеуде,

Кәне, кімнің аузы бармақ оны мәнсіз, бос деуге?

 

Зылиханың шындығына ықыласы құлаған,

Кітапшаны маған берді қартаң тартқан бір адам.

Өте ауыр мазмұн ұқтым сол сұхбаттың ішінен,

Бір адамның нар беделін бес тиынға түсірген.

 

Айналаны және үйді қара түнек жапқанда,

«Үш әріптің» адамдары Мағжанды ұстап жатқанда,

Олардың зор жұлқуынан құлай кеп,

Зылиханың құлағына сыбырлапты ол былай деп:

– Кей тұлғалар мен үшін жай шөп болды.

Айналды олар рухсыздың күш, қаруына.

Ал бүгінгі ұсталуыма,

Есіңе тұт, Әуезовтің пенделігі сеп болды…

 

Әрқашанда бой – аласа, ой – теңіз,

Толғаналық,

бұл істі енді қайтеміз?

 

Иә, Кеңестер кезіндегі тарих шындық тапқан жоқ,

Тіпті қылмыс адамдары биікте тұр мақтан боп.

Шыншылдардың иығына ешкім шапан жапқан жоқ.

«Үш әріптің» мұрағаты ашылмай,

Өсек, шындық осылайша өрши бермек басылмай…

………………………………………………………………………………………..

Ал, Зылиха сұхбатына бір адам тіл қатқан жоқ,

Оған себеп, уақыт әлі шындық шамын жаққан жоқ…

 

Бұл кітап қазір менің қолымда. Әлде осы ащы шындықты ешкімге сездірмей бұғып жата беруіміз керек пе еді?!

Енді «Жамбылдың «дара ерекшелігі» және  оның туған ауылында болған кездесу» атты жырыма да назар бұрсаңыздар:

«Шыншылдықты сақтап қалу жеңіл ме, әлде ауыр ма?…

……………………………………………………………………………….

Меніменен жыр алыбы Жамбыл туған ауылда,

Бір кездесу өткізілді ой саларлық қауымға.

 

Елестетіп, нар тұлғадан өрбіген он батырды,

Ұқсап және Жамбылдың ту ұстары,

Оның жақын немере, туыстары,

Мақтанышпен ең алдыңғы қатарға кеп отырды.

 

Кенет жас қыз сұрақ қойды:

– Сіз бір шыншыл ағайсыз,

Жамбылдың даңқ, атағына қандай көзбен қарайсыз?

Және оның ақындығын қай деңгейге балайсыз?

 

– Иә, Жамбылға бүкіл Одақ құрметпенен қараған,

Оның даңқы – дедім күліп, – әлі өшкен жоқ санадан.

Сталиннің туфлиін махаббатпен жалаған,

Жасы жүзге жақындаған,

Жігер-оты лапылдаған,

Болған емес ол кезеңде одан даңқы зор адам.

«Толған Ай ма дер едім,

Түнде бар да, күндіз жоқ.

Толған Күн бе дер едім,

Күндіз бар да, түнде жоқ»

Деп мақтана Сталиннің парқын Күннен асырған,

Ондай адам ілуде бір бой көрсетер ғасырдан.

Шындық кейде қауіпті шың, кеудесі – құз, басы – қар…

Жәкең жайлы мен әрдайым бір сенімге тоқтаппын,

Шынымды айтсам, жырларынан қос жол өлең таппаппын,

Поэзияға ерекше бір үлес болып қосылар.

Сонда да ол жыр алыбы, Сталин сенген асыл жан,

Асыл жанға бүкіл билік зор құрметпен бас ұрған! –

Дегенімде,

 туыстары болды алғандай нар соққы,

Ал қалың жұрт орнынан тұрып ұзақ қол соқты.

 

Қазір елдің көбейсе де, жасқанары, бұғары,

Естілсе де жан-жағынан жағымпаздық ұраны,

Санасына дөп тисе егер ащы сөздің пырағы,

Бүгінгідей күрт секіріп, шындық алға шығады.

Мұндай қимыл анда-санда…

                                                  Ойланар жай бұл әлі…

Сол үшін де, намыс рухын көтеріп,

Жамбылды еске ап,

                                  бірге тілек етелік:

«Ұлттан мәңгі жойылсын! – деп – «туфли жалау» құмары…

…………………………………………………………………………………………

Әлгі тілек Құдай қолдап, қабылданған жағдайда,

Жағымпаздық, үрку, қорқу кілт бұрылып шалғайға,

Шындық және ұлттық мүдде болып басты шынары,

Қазақ ұлты мүлде дара биіктікте тұрады!

 

Бұл өлеңдердің ешқайсысы ойдан шығарылмаған. Өзім куә болған, немесе қолға түскен шыншыл фактілер негізінде жазылған. Бірақ Нұрлан Оразалиннің басшылығымен жақтастары, ұлтымыздың ұлы ақыны Абай атамыздың кейбір пайымсыз туысқансымақтары, Жамбыл ақынның жақынсымақтары, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Әбділда Тәжібаевтың, Ғали Ормановтың бауырсымақтары тұс-тұстан жабыла үн қосып, ғайбаттауда.

Мен Мәскеуде, Кремлдің Съездер Сарайында, М.Горбачевті алдап, Арал мәселесін айтамын деп, Желтоқсан шындығын әлемге жайып салғанымда, Горбачев билігінің ұсынысымен Желтоқсан комиссиясының төрағасы боп бекітілген Қадыр Мырзалиев: «Желтоқсанда алаңға шыққандардың бәрі нашақорлар, маскүнемдер, алаяқтар еді» деп колбиншілердің пікірін қуаттады. Кейіннен Ресейдің Тұңғыш Президенті болған Борис Ельцин түгелдей маған бұрылғандықтан,  одан қаймыққан М.Горбачев амалсыздан, мені желтоқсан комиссиясының тең төрағасы еткенде, мен оқиғаға кінәлі 42 адамның аты-жөнін тізіп, қаулы қабылдаттым. М.Горбачевтің тікелей тапсырмасымен біз ашқан шындықты жоққа шығару мақсатында КСРО Қауіпсіздік комитеті, КСРО Ішкі істер министрлігі, КСРО Прокуратурасы бірлесіп, арнайы комиссия құрды. Қ.Мырзалиевтің сол комиссия құрамында болғанын КСРО Бас прокуратурасының  бірінші орынбасары А.Васильевтің маған жазған хатынан білуге болады. Мұның бәрі менің «Желтоқсан эпопеясы» атты кітабымда толық баяндалған. Енді сол Қадыр Мырзалиевтің жақынсымақтары да ащы шындықты ашқаным үшін, мені иттің етінен де жек көретінін сездіруде.

Әлеуметтік желідегі түрлі парақшаларда «Шахановтың пенделігі оянып, атақты тұлғалардың бәріне қызғанышпен қарай бастады.» деп, мен сорлыны есекке, хайуанға теңепті. Сонда біз атақты адамдардың кемшілігін ауызға алмай, тек мақтай беруіміз керек екен ғой. Онда елімізде шыншылдық арнасы мүлде жойылып, ұлтымыз бейшара күйге түспей ме?

 

Бірнеше мемлекеттің алдыңғы қатарлы өкілдері қолдаған, менің мына ұстанымым бұл сұраққа жауап беріп тұр:

«Кім шындығын жоғалтып алса,

«Ақты-ақ, қараны-қара» деп айтудан қалса,

Яғни, сөзі басқа, ісі басқа болса,

Ұлттық, ғаламдық мүддеге тамыр жібере алмаса,

Пенделігі тек өзін емес, қоғамын да алдаса,

Ондай ақынның да,

                               ғалымның да.

                                                  саясаткердің де,

Мазмұны, даңқы – далбаса!»

Сондықтан да мен шындығын жоғалтпаған рухтастарымнан жан-жақты қолдау табар деген ниетпен, осындай үндеу жариялауға мәжбүр болып отырмын. Ойланалық, шындықтан мүлде шет жүру, ұлт намысын пенделікке тептіру емес пе?

«Қамшы» сілтейді