РФ мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қақтығысқа Түркияның көзқарасы

4 Наурыз күні бұрынғы КГБ агенті Сергей Скрипал мен оның қызы Юлия Скрипалдың Ұлыбританияның Солсбери қаласында химиялық қарумен өлтірілуінен кейін премьер министр Тереза Мэй өлімнің Ресей барлау ұйымы тарапынан ұйымдастырылған болуы мүмкіндігін айтып, Мәскеуді айыптай бастады. Ресейдің бұл айыпты «жала» деп үзілді-кесілді қабылдамауынан кейін екі ел арасында дипломатиялық дағдарыс басталды. Еуропа Одағы мен АҚШ-тың Ұлыбританияны қолдауымен бұл жағдай Батыс-Ресей дипломатиялық дағдарысына айналды. Барған сайын ушығып бара жатқан бұл дағдарыста Түркияның ұстанымы өте маңызды болып саналады. Өйткені Түркия НАТО мүшесі болғанымен соңғы кезеңде Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатып, әсіресе Сирия мәселесінде ынтымақтастық жүргізіп жатыр.

Анкарадан бұл мәселе туралы алғашқы мәлімдеме 26 наурыз күні Түркия үкіметі баспасөз хатшысы Бекир Боздағ тарапынан жасалды. Боздағ мәлімдемесінде  «Ұлыбритания мен Ресей арасындағы дағдарыс осы екі ел арасындағы дағдарыс болып табылады. Ұлыбритания кіммен қарым-қатынас құрып, кіммен құрмайтындығын өз біледі. Ресей де сол секілді өзі шешім қабылдайды. Ұлыбритания мен Ресей – өз шешімдерін қабылдай алатын тәуелсіз мемлекеттер. Бұл елдердің басқа мемлекеттерден қолдау алуы – сол мемлекеттердің шаруасы. Біз қандай да бір елдің басқа бір мемлекет туралы алған шешімін өз мүддеміз тұрғысынан қарастырамыз.» деді. Боздағ Түркия мен Ресей арасында жақсы қарым-қатынас бар екендігін ескерте келе, Түркияның Ресейге қарсы қандай да бір шешім қабылдамайтындығын айтты. «Өйткені Түркия – өз саясатын өзі қалыптастыратын тәуелсіз ел.»

Бекир Боздағдың мәлімдемесі Түркияның осы дағдарыстағы ұстанымын айқындап тұрғандықтан өте маңызды. Бұл жерде Анкара өзінің сыртқы саясатын дербес мемлекет ретінде қалыптастырады. Басқаша айтқанда, Түркия басқа бір екі елдің қарым-қатынасына бола өзінің басымдылықтарынан бас тартпайтындығын жеткізіп тұр. Әсіресе Батыстық бір елдің мүддесіне бұрынғыдай қызмет ету ниеті болмағандығын мәлімдейді. Еуропа мен Американың Мәскеуге қарсы бір ауыздан Лондонды қолдауына қарамастан Анкараның Ресейге қарсы қандай да бір қадам жасамайтындығын мәлімдеуі Түркияның халықаралық саясатта өз орны бар субьектіге айналғандығының белгісі болып табылады.

Ресей-Ұлыбритания арасындағы бұл дипломатиялық дағдарысқа Түркия тарапынан жасалған екінші мәлімдеме Сыртқы істер министрлігінен келді. Министрліктің баспасөз хатшысы Хами Аксой «Түркия химиялық қару қолдануды адамзатқа қарсы жасалған қылмыс ретінде бағалайды. Англияда орын алған шабуылды осы тұрғыдан қарастырамыз және айыптаймыз» деді. Түркияның НАТО, ОБСЕ және Еуропа Кеңесі қарарларын қолдайтындығын білдіре келе Аксой осы ауыр оқиға туралы қажетті тергеудің жүргізіліп, жауаптылар тез арада сотқа беріледі деп сенетіндігін білдірді.

Аксойдың мәлімдемесіндегі маңызды жер Түркияның Ұлыбританиядағы шабуылды адамзатқа қарсы қылмыс деп қабылдайтындығы болып табылады. Басқаша айтқанда, Анкара мәселенің саясилануына қарсы екендігін білдіріп тұр. Оның үстіне «жауаптылардың анықталып сотқа тартылу керектігін» айту арқылы Түркия бұл мәселеде Ресейді айыптаудың орынсыз екендігін білдіріп тұр. Өйткені тергеу әлі жалғасып жатыр. Тергеу бітпей, айып дәлелденбейінше, бұл жай ғана жала болып есептеледі.

Қорыта айтқанда, Түркия Ресейге қарсы саяси науқанға айналып бара жатқан бұл дағдарыста Батыстың сапында Ресейге қарсы шықпайтындығын жеткізеді. Расында да, бұл дағдарыстың ушығуынан, Ресей мен Батыстың қарыс-қатынасының шиеленісуінен Түркияға ешқанда пайда жоқ. Керісінше, Түркия әрі НАТО-ның мүшесі әрі Ресейдің сенімді серіктесі ретінде бұл дағдарыстың шешілуіне үлес қосуы мүмкін. Бұл оқиғада Түркияның бұрынғы дағдарыстарда болғандай Батыстың жетегінде кетпей өз мүддесін қорғауға тырысуы Анкараның халықаралық қатынастардың маңызды акторына айналғандығының көрінісі. Егер Түркия Ресей мен Батыс арасында өршіп келе жатқан осы жаңа «қырғи-қабақ соғыста» өз ұстанымдарынан бас тартпай дербес саясат жүргізе білсе, онда ол әрі Батыс тұрғысынан әрі Ресей тұрғысынан маңызды стратегиялық әріптеске айналады.

«Қамшы» сілтейді