ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР — МЕМЛЕКЕТ БАЙЛЫҒЫ
Жаңа ғасырда мемлекет талантты оқушыларды бұрынғыдан да қатты қолдай бастады. 2001 жылға қарай дарынды балаларға арналған 20 мамандандырылған мектеп жұмыс істесе, 2010 жылдың басында олардың саны 115-ке жетті.
2007 жылы Қазақстан математика мен жаратылыстану пәндері бойынша төртінші сынып оқушыларының білімін бағалауға арналған халықаралық зерттеуге (Third International Mathematics and Science Study) қатысты.
Қазақстандық оқушылар жоғары ұпай жинап, 43 ел ішінде бесінші орын
иеленді.
Қазақстанның жоғары сынып оқушылары арасындағы халықаралық математика олимпиадаларындағы жетістіктері ерекше маңызды. Дәл осы табыстар 2007 жылы халықаралық ұйымдастыру комитетінің 51-Халықаралық математика олимпиадасын 2010 жылы Қазақстанда өткізу туралы шешіміне әсер етті. Қазақстан жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасынан бірінші болып математикадан осы бір мәртебелі «әлем чемпионатының» ұйымдастырушысы болғаны да есте қаларлық жайт.
2010 жылдың шілдесінде Астанаға 51-Халықаралық олимпиадаға қатысу үшін 110 елден 600 жас математик келді. Жарыс «Балдәурен» республикалық білім беру-сауықтыру орталығында өтті. Тартысты сында Қазақстан
командасы (Қытай, Ресей, АҚШ және Оңтүстік Корея сияқты мектептегі математикалық дайындық ісінде дәстүрлі түрде күшті болып саналатын елдердің ізін ала) бесінші орынды жеңіп алды.
Оқушыларымыздың онжылдық ішінде халықаралық жарыстарда жеңіп алған марапаттарының бірнеше есе өсуі де ерекше көрнекті: 2001 жылы қазақстандық оқушылар 34 медаль иеленсе, 2011 жылы халықаралық жүлделер саны 900-ден асып кетті. Мұның бәрі отандық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі бірнеше есе өскенін айғақтады.
Білім сапасының артуына жол ашқан негізгі шешімнің бірі – Қазақстанда білім берудің ең заманауи, инновациялық, көп тілді моделін қалыптастыру идеясы болды. 2009 жылы талантты балалармен жұмыс істеуге арналған бірегей жоба – Назарбаев зияткерлік мектептері дүниеге келді.
Математиканы, физиканы, химияны, биологияны тереңдетіп оқытатын жиырма зияткерлік мектеп елдің барлық аймағында құрыла бастады. Алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, бұл мектептер
түлектерін үздік қазақстандық және халықаралық ЖОО-да білімін жалғастыруға дайындады. 2010 жылдың басында осындай мектептер Астанада, Семейде, Көкшетауда, Талдықорғанда, Өскеменде ашылды.
Назарбаев зияткерлік мектептері бүкіл еліміз бойынша орта мектептердегі оқыту процесін жаңғыртуда шешуші рөлге ие бола бастады. Шын мәнінде, бұл – мектептегі білім сапасын үздік әлемдік стандарттар деңгейіне шығаруға бағытталған ұлттық орта білім жүйесінің локомотиві.