ЗАЙЫРЛЫ ЕЛДЕГІ ЗИЯТКЕРЛІК ӨРЛЕУ
2004 жылдың қазанында білім мен ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде Елбасы Н.Назарбаев отандық білім беру жүйесіндегі үш негізгі мәселені атап көрсетті. Олар – білім сапасы, демографиялық үдерістерден артта қалу, халықаралық стандарттарға бейімделмеу.
Мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігі өте қатты білінді. 2000 жылдардың басында ғана мектепке дейінгі тәрбиелеу орындары қайта еңсе көтере бастады. Балалармен жұмыс істеудің жаңа формасы – дамыту орталықтары ашылды. Балабақшалардың саны өсті (2003–2007 жылдары – 35 процентке көбейді). Дегенмен әлі де мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен балалардың үштен бір бөлігі ғана қамтылған еді.
Ең алдымен балабақшалар мен бөбекжайлардың инфрақұрылымын жақсартып, орын тапшылығын бірте-бірте жою арқылы мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеудің қолжетімділігін арттыра алдық. 1990 жылдары
жекешеленіп кеткен ғимараттарды қайтарып алу да сондай шаралардың бірі болды. Осының нәтижесінде Қазақстан ТМД елдерінің ішінде балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамтуда алдыңғы орынға
шықты.
2000 жылдары орта білім саласына мемлекет инвестициясы ұдайы өсіп отырды. Ондаған жаңа мектеп ашылды. Барлық білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі дәл осы орта топқа байланысты екені сөзсіз еді.
2009 жылы мектептерде 1200-ден астам биология, химия, физика кабинеттері және лингафон студиялары жабдықталды. Компьютерлендіру аяқталды.
2010 жылдың басында елімізде 7400 мектеп жұмыс істеді, онда 2,5 миллионнан астам бала оқыды, 280 мың педагог еңбек етті. Ауылдық білім ошақтары – мемлекет ерекше бақылауында ұстайтын сала. Қазақ тілінде білім алу мүмкіндігі ерекше қамқорлықта – 2010 жылға қарай шамамен республикадағы барлық мектептердің жартысында қазақ тілінде білім берілді.
Дегенмен елдің бірқатар аймағындағы мектептердің көпшілігінде орын тапшылығы әлі де бар еді. Сабақ үш ауысымда жүргізіліп жатты. Мектеп ғимараттарының біразы апаттық жағдайда тұрды. Осы өзекті мәселені шешу
үшін 2007 жылы Елбасы Үкіметке «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Құжат бойынша еліміздегі қажеттілік туындап тұрған аймақтарда әлеуметтік нысандар құрылысы қарастырылды. Бағдарламаны іске асырудың арқасында 2012 жылға қарай Қазақстанда жаңа буын құралдарымен жабдықталған 106 мектеп салынды. Бұл межеге мемлекетіміз әлемдік қаржы дағдарысы туындатқан барлық қиындықтарға қарамастан, табысты түрде қол жеткізді.
Балалардың шығармашылық қабілетін дамытатын және бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған қосымша білім де уақыт талап еткен жаңалық болды. Елімізде жаңа оқушылар сарайлары, музыка және көркемсурет мектептері, техникалық, экологиялық және туристік стансалар ашылды, бұрынғылары қайта жаңғырды.