ҚАЗАҚСТАН — ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ОШАҒЫ

2010 жылдың басына қарай Қазақстанда 10 конфессия мен деноминация, 4,4 мың діни бірлестік жұмыс істеп тұрды. 3,3 мыңнан астам діни ғимарат – мешіттер, ғибадатханалар, костелдер, синагогалар және т.б ашылды.
Елдегі конфессияаралық келісім, сондай-ақ Діни көшбасшылар съезін өткізуіміз жаһандық дінаралық диалогтың жоғары рухани маңызын халқымыздың жете түсінгенін құжат түрінде растады.
Конфессияаралық диалогты жүзеге асыру үшін Қазақстанда әмбебап алаңқай жасау жолындағы мақсатты іс-әрекетіміз елімізде дінаралық бейбітшілік пен келісімді сақтауымызға мүмкіндік берді.

Арнайы осы үшін 2000 жылы ел үкіметі жанынан Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес құрылды. Саяси, ұлтаралық және конфессияаралық диалогтарда араағайындыққа жүру Қазақстанның ішкі
ғана емес, сыртқы саясатында да басым бағытқа айналды. Сыртқы саяси қызметтегі бұл бағыт еліміздің әлемдік қоғамдастыққа кірігуіне және Қазақстанның әлемдік аренада беделі арта түсуіне көп үлес қосатыны сөзсіз.
Біздің ел дін мен өркениет диалогы бағытындағы маңызды халықаралық бітімгерлік жобалардың бірнешеуіне бастамашы болды.

ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығында – 2003, 2006 және 2009 жылдары Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезі өткізілді. 2003 жылдың 23–24 қыркүйегінде Астанада І Әлемдік және дәстүрлі
діндер съезі өтті. Қазақстан орындалуы неғайбыл нәрсені жүзеге асырды – дөңгелек үстел басына әлемдік ірі конфессия өкілдерін бетпе-бет жинады. Бұл бастамашы және рухтандырушы болу бақыты маған бұйырған
қалыптан тыс, форматы мен мәні жөнінен бірегей, шынында да ғаламдық деңгейдегі оқиға болды.

Форумға ислам, христиандық, буддизм, иудаизм, индуизм, синтоизм, даосизм және басқа конфессиялардың жоғары деңгейдегі өкілдері қатысты. Негізгі әлемдік діндер көшбасшылары тарихта бірінші рет бас қосып
қана қоймай, конфессияаралық диалог халықтар мен ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді қолдаудың маңызды құралы ретінде қарастырылатын декларацияны бірлесіп қабылдады. Съезді тұрақты түрде, үш жылда
бір рет өткізіп тұру келісілді.

2006 жылдың қыркүйегінде Астанада, съезд өткізуге арнайы тұрғызылған Бейбітшілік және келісім сарайында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ кездесуі өтті. Оған әлемнің 26 елінен 29 діни делегация қатысты. Съезд «Дінаралық диалог принципін» және қақтығыстарды болдырмауға шақыру Декларациясын қабылдады.
2009 жылдың маусым айында Астанада әлемнің 35 елінен келген 77 делегацияның қатысуымен ІІІ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Әлемдік қоғамдастықты шынайы дінаралық диалог орнату
үшін діни көшбасшылардың күш-жігерін қолдауға ықпал етуге шақырған үндеу қабылданды.

2003 жылы Алматыда Қазақстандағы бірінші ислам жоғары оқу орны – «Нұр» Қазақ-Египет ислам университетінің ашылуы айрықша оқиға болды. Жыл өткен сайын қажылыққа – барлық мұсылман үшін қасиетті Мекке, Медина қалаларына зиярат етуге қазақстандық мұсылмандар арасынан аттанушылар саны да көбейді. Ел аумағында жаңа мешіттер мен ғибадатханалар салынды.

Қазақстандықтардың басым көпшілігі ұстанатын екі ірі дінге – ислам мен христиандыққа құрмет ретінде 2005 жылы мұсылмандардың Құрбан айт мейрамын және православтардың Рождество мерекесін мерекелік демалыс күндері деп жариялау мәселесі көтерілді. Діндерге құрмет көрсететін әділ шешімді қазақстандықтар қуана қолдады.

2010 жылы Қазақстанды ЕҚЫҰ төрағалығына таңдау шешімі негізінен Қазақстан ғана Еуразия кеңістігіндегі көптеген қақтығысты шешу мәселесінде шынайы қолдау көрсете отырып, мұсылмандық және еуропалық қоғамдастықтар арасына таптырмас араағайындыққа жүре алатындығынан қабылданды. Бұл пікірді сарапшылар бірауыздан қолдады.
Әуелі ЕҚЫҰ-ға, содан кейін 2011 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етіп, Қазақстан өзінің мұсылман әлемі мен Батыс елдері арасындағы бірегей араағайындық міндетін қазірдің өзінде жалғастырып жатыр.
«Батыс – мұсылман әлемі» желісі бойындағы халықаралық шиеленістің өршуі жағдайында қордаланған мәселелер мен қайшылықтарды шешуде таптырмас араағайындыққа жүре алатын бірегей мемлекет тек Қазақстан ғана болып келеді. Біздің ЕҚЫҰ төрағалығынан кейін бір жыл өтпей Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуіміз – Қазақстанның осы геосаяси рөлін түсінудің нақты дәлелі.