ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ҚАУЫШУЛАР

2000 жылдары Қазақстанға әлемдік ірі конфессиялар басшылары бірнеше рет келіп қайтты. Бұл олардың Қазақстан халқына құрметін және біздің конфессияаралық келісім үлгіміздің тиімділігін мойындауын білдірсе керек.
2001 жылдың 22–25 қыркүйегінде Астанаға Рим католик шіркеуінің басшысы, католик әлемінің рухани көшбасшысы – Рим Папасы ІІ Иоанн Павелдің келуі ел өміріндегі маңызды оқиға болды. 11 қыркүйекте АҚШ-тағы лаңкестер соққысынан бүкіл әлем қалтырап кеткенін, оның мұсылмандарды жеккөрушілік толқынын тудырғанын ескерсек, христиан-католиктер көшбасшысының келуі ерекше маңызға ие болды.
Бұл понтификтің Еуразия құрлығының Азия бөлігіне бірінші сапары еді, сондықтан әлемде үлкен резонанс тудырды. Қазақстанның жас астанасына мыңдаған тәуетуші келді. Аз уақыт бұрын ғана елорда мәртебесін иеленген Астана осынау жауапты шараны абыроймен өткізді.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сөз алған Ватикан басшысы университеттің Еуразиялық деп аталуының өзі ұлы елге тән миссияны – Еуропа мен Азия арасындағы, мәдениеттер мен дәстүрлер арасындағы байланыс миссиясын танытатынын айтты. Рим Папасы Қазақстанды «кездесу, алмасу және жаңалық мекені» деп қабылдады. Ол Қазақстанда қол жеткізілген келісім «барлық адамдарды бейбітқатар өмір
сүруге шақырудың айқын белгісі ретінде бүкіл әлемге көрсетіле алатынын» ерекше атап өтті.

2000 жылдары Астанаға Бүкіләлемдік Ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла бен Әбдел Мұхсин ат-Түрки бірнеше рет келді. Бұл сапарлар Қазақстанның ислам әлемімен етене байланыста екенін айқындай түсті.
Бүкіләлемдік Ислам лигасы Бас хатшысының дінаралық диалог пен әлемдік діндерді ұстанушылар арасындағы ортақ сыйластықты дамыту мәселесіндегі біздің еңбегімізді үнемі жоғары бағалап, қолдап отырды.

2010 жылдың қаңтарында Астанаға Орыс Православ шіркеуінің басшысы Патриарх Кирилл алғаш рет келіп, жаңа Қасиетті Успен соборын дәріптеді. Содан кейін ол Алматы халқымен кездесу өткізді, Гвардияшыл-панфиловшылар паркіндегі Даңқ мемориалына гүлдесте қойды. Кездесуіміздің соңында Патриарх: «Қазақстан оның еңбексүйгіш және бейбіт халқы, Президенті мен елдің болашағы үшін оған үлкен жауапкершілік жүктеген
барлық адамдар Жаратушының ықылысына бөленсін», – деді қоштасып тұрып.