ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЕЛОРДАСЫ
Тәуелсіз жұрттың төлқұжатына айналған бас қала. Егемен елдің еңсесін көтеріп, етек-жеңін жиғанын төрткүл дүниеге танытқан Орда.
1994 жылдың 6 шілдесінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңес сессиясының жалпы отырысында елорданы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи идеясын жариялады. «Менің тапсырмам бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы жерді анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы егжей-тегжейлі зерттелді. 32 тұрғыдан жүргізілген талдау барлық нұсқалардың ішінен ең дұрысы Ақмола қаласы екендігін көрсетті…», деді Елбасы сол бір тағдыршешті тарихи сәтте. Саяси ғылым докторы, профессор Сайын Борбасов бұл кезеңді «Президент Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясындағы сөзінде Қазақстанның астанасын Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысын айтты. Бұл ұсыныс Парламентте ғана емес, бүкіл Қазақстан қоғамында қызу талқыға түсті. Тәуелсіздіктің алтын бесігі болған Алматы қаласы елдің шетінде орналасқан. Қаланы жаңа тұрпаттағы астанаға айналдыру үшін жері мен құрылыстық мүмкіндіктері шектеулі. Алматыда жаңа құрылыс салу Ақмолаға қарағанда 2,5-3 есе қымбатқа түсті. Қалада бос жерлер тым аз болды. Кеңес Одағы тұсында негізгі шешімді Мәскеу шығарып отырғандықтан, Алматы республиканың астанасы рөлін атқара алды. Ал, тәуелсіз елдің Астанасы оның орталығында, барлық аймақтармен жақсы байланысы бар қалада орналасқаны тиімді еді. Ең бастысы елорданың Орталық Қазақстанда болуы биліктің солтүстік-шығыс аймақтарға саяси ықпалының артуына зор көмегін тигізді» деп еске алады.
Тоқырау жылдарынан қалған тоң жібіген соң, 1997 жылы 20 қазанда Елбасының «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы жарияланды. Тау-тасы жоқ жазық далада талайды тамсандырар ғажап қала тұрғызылды. Астананың жаңаруымен елдің жаңғыруы орын алды. Шешімнің дұрыстығын тарих өзі дәлелдеді. Мұны Елбасының өзі де: «Біздің Астана сәулет өнерінің жауһар туындыларына, үздік үлгідегі ескерткіштеріне, алуан гүлдермен өрнектелген бау-бақшаға оранған, шығыс пен батыстың ең озық, рухани құндылықтарын талғаммен бойына жинаған жоғары мәдениетті қалаға айналды», – деп сүйсіне еске алады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. «30 жылда қазақ елі қалай өзгерді?» десеңіз, бас қала Нұр-Сұлтанға сапарлап қайтыңыз. Сәулеті мен салтанаты келіскен келбетті шаһар бей-жай қалдырмасы анық.
Алтын АСҚАР