ЕГЕМЕН ЕЛІМ ЕҢСЕЛІ ҚАЗАҚСТАН
Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Бүгінгі Қазақстан — өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел.
XX ғасырдың сүргінін бастан кешіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын жаңғырған қалпында аттаған Қазақстан өзінің барша төлтума болмысын, жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қызық та қилы-қилы тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, құлдығы мен зорлығы жоқ жаңа өмірді жаңғырту үшін, еңбек пен мәдениетті жарастыру үшін, сұлулық пен парасаттың салтанат құруы үшін, жаппай келісімі жарасқан адамзатпен бір сапта болу үшін жаңаша өмірге қадам басты.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пікіріне әлем саясаткерлері ықылас қоятын болды.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі — Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға» айналдыруымыз, «қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек», – екендігін ескертті. Сонымен қатар,Еліміздің мұратына айналған «Мәңгілік ел» идеясы – халықтың әл-ауқатын жақсартып, ынтымағын арттыратын, елді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам. «Мәңгілік ел» идеясының маңыздылығын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі етіп алып, бұл туралы өз сөзінде: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті… Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын. Халықты бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа үндеген Елбасының бұл жолдауында ел халқына үлкен жауапкершілік жүктелген.
Мәңгілік елдің тірегі жастар екенін Мағжан Жұмабаев атамыз «Жастарға» деген өлеңінде:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін! –
деп болашақ ұрпаққа үлкен сенім артқан. Иә, бүгін біз еркінбіз. Еркін елдің болашақ тірегіміз. Аяулы ата-бабаларымыз қол жеткізген Тәуелсіздіктің әрбір арайлап атқан таңы біз үшін бақыт, әрбір мерекесі – ұмытылмас ұлы күн.