БАТЫЛ БАСТАМАЛАР

Қазақта «Отызында орда бұзып, қырқында қамал алды» деген сөз бар. Ел егемендігінің отыз жылында өткен күндерге көз жүгіртсеңіз, қадау-қадау қадамдарды, батыл бастамаларды байқайсыз. Еңсесі биік елдің бағындырған белестері біршама. 

Шекарамызды шегендедік, барлық елмен дипломатиялық-іскерлік қатынастар түзіп, татулықты тірек еттік.1995 жылғы қыркүйектегі  Елбасының Қытайға  барып қайтқан  үш күндік са­па­рын­да екі ел басшылары  Қазақстан-Қы­тай шекарасы туралы келісімді ратификациялау  жөнін­дегі  грамоталар алмасу  хаттамасына қол қойды.  1999 жылғы 18 қаңтарда  Мәс­кеуде  Нұрсұлтан Назарбаев  пен Владимир Путин Қазақстан–Ресей  мемлекеттік ше­карасы  туралы  келісімге қол қойды. Нә­тижесінде,  әлемдегі  ең ұзақ  шекара құ­қықтық  негізде бекітілді. 1998 жылғы 17 шіл­деде Қазақстан мен Қырғыз Респуб­ликасы арасындағы мемлекеттік шекараны анықтау туралы меморандумға қол қойыл­ды. Өзбекстанмен арадағы шекара да  екі елдің тарихи мүдделеріне сай реттелді. Осы­ның арқасында қазіргі күні мем­ле­ке­тіміздің  территориясы барлық көрші ел­дер тарапынан толығымен танылып, ха­лық­аралық құқық негізінде заңдастырыл­ды.

Қасіретті қарудан бас тарттық. Полигонда өткізілген сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Қазақ даласындағы Семей, Азғыр, Нарын, Тайсойған, т.б. сынды полигондар табиғаты әсем, шұрайлы жайылымдарды тоздырған еді. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Семей сынақ полигонында жүргізілген жарылыстардың салдарынан миллиондаған кісі дертке ұшырап, бақилық болды. «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Президент Жарлығына 1991 жылдың 29 тамызында қол қойылды. Әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тарту жөніндегі Қазақстанның маңызы зор шешімі болды. Қазақстан ядролық қаруы жоқ ел ретінде танылды.

Қандастарды жинадық. 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматыда Дүниежүзі қазақ­тарының І құрылтайы өтті.  Алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде Түркия, Алмания, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Австрия және басқа 33 елден 800-ден астам адам қатысты. Ата жұртты аңсап жеткен қандастар туған елмен сағына қауышты. Құрылтай қоры­тын­дысында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның Төрағасы болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Әлемнің әр қирындағы қазақ диаспорасымен жұ­мыс істейтін іргелі ұйым шаңырақ көтерді. Қазақ елінің Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихының жаңа парағын ашқан бұл құрыл­тайда және одан кейін де шетелде тұратын қазақтардың атамекенге көшуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірнеше заң қабылданды. Егемендік алғалы 30 жылда тағдырдың талайымен тарыдай шашыраған 1 млн 71 мың қандас атамекенге қайтты.

Егемендік алғалы АНА ТІЛІміздің айдарынан жел есті, тасы өрге домалады.  Мысалы, 1991 жылы оқушылардың 37 пайызы ғана қазақ сыныптарында оқыса, бүгінде бұл тілде білім алушылардың үлесі — 80 пайыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары балалардың небары 26 пайызы балабақшадағы қазақ топтарында тәрбиеленген болса, қазір 70 пайыздан асып жығылады. «Қазақ тілінің халі қандай болмақ?» деп дүдәмал күй кешкен күндер келмеске кетті. Ана тіліміздің сағы сынып, басынан бағы таймайтынына көз жетті. 2015 жылғы 28 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-ші сес­сиясындағы жалпы пікірталаста сөз сөй­леді. Елбасының бұл күнгі сөзін Қазақстан үшін тарихи мәнге ие деп айта аламыз. Себебі Нұрсұлтан Назарбаев осы күні ана тіліміздің айбарын асырды. Қазақтың тілін құрамында 200-ге тарта мүшесі бар ұйым­ның алқалы жиынында естіртті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген президенттер, саясат­керлер, журналистер, сарапшылар үшін ілеспе аудармашылар Қазақстан Тұңғыш Президентінің сөзін ресми тілдерге тікелей аударды.

Білім беру саласына ерекше ден қойылды. Себебі, сапалы ұрпақ — ұлт болашағы. 1994 жылы бір топ қазақстандық студент алғаш рет «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді. Аталған стипендия түлектердің кәсіби маманданып, дамыған елдердің тәжірибесін елге сәтті әкелуге көмектесті. Бүгінде «Болашақ» түлектерінің 40 пайыздан астамы  эко­номиканың шынайы секторында, 20 пайы­зы  білім және ғылым саласында, 7 пайыз­дан астамы  медицина мен денсаулық сақ­тау саласында жұмыс істейді. Болашақ­тық­тардың төрттен бірі ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың топ-менеджері болып еңбек етіп, ел дамуына жаңа серпін әкелді. 30 жылдың ішінде республикада 1 800-ден астам мектеп салынып, 3 ауысымда білім беретін мектептер саны қысқарды, апатты мектептер саны азайды. Тек санға емес, сапаға да ерекше ден қойылды. Жаңа мазмұнда білім беретін 20 Назарбаев зияткерлік мектептері ашылды. Қазіргі уақытта дәл осы мектептердің тәжірибесі еліміздің бүкіл білім жүйесіне енгізілуде. Педагогикалық корпустың сапалық құрамын жақсарту үшін 2018 жылдан мұғалімдерді аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі енгізілді. Ұлттық біліктілік тестін сәтті тапсырған педагог біліктілігіне байланысты жалақысына 30-дан 50 пайызға дейін үстемеақы алады. Бүгінде 158 405 мұғалім немесе жалпы ұстаздардың 50,4 пайызы ұлттық біліктілік тестінен сәтті өтті. Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды. Бүгінде мұғалімдердің мәртебесі артып, білім сапасында үлкен жетістіктерге қол жеткізуде.

Ұлттың саулығы жақсарды. Тәуелсіздік жылдары 8 ұлттық ғылыми медициналық орталық, 180 аурухана, 100 емхана, 330 мамандандырылған медициналық орталық ашылды. Әлемдегі озық технологиялар әкелініп, ең алдыңғы қатарлы мамандармен трәжірибе алмасты.  Елорда төрінен Ұлттық ғы­лыми медициналық орталық, Ұлттық медициналық хол­динг бой көтерді. Оның құрамына Республикалық диаг­ностикалық орталық, Ұлттық ғылыми ана мен бала ден­саулығы орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлт­тық балалар оңалту орталығы, Ұлттық ғылыми онкология орта­лығы еніп, орталықтар соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталып, жаңа технологиялар еліміздің түкпір-түкпіріне тарай бастады. Тәуелсіздік алған кезде Алматыда бір ғана кардиохирургиялық орталық болса, қазір әр облыста бар. Мұның нәтижесі – асқынған инфаркт­тың бір тәуліктегі өлімі 67 пайызға дейін азайды. 30 жылдың ішінде жүректі алмастыратын болдық. Туберкулезді ауыздықтадық деп айтуға болады. Тубер­кулезді емдеуге байланысты жаңа тәсілдер қолданылды. Қазір елімізде туберкулездің асқынған түрімен ауыратындар саны мен өлім саны азайды. Кез-келген мемлекеттің медицина жағдайы трансплантацияға қабілеттілік индексі бойынша бағалануда. Елімізде бауыр, бүйрек, жүрек ауыстыру оталары жасалады. Ең басты жетістік — туу көрсеткіші 60 пайызға көбейіп, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін өскені.

Спортшыларымыз үздіктер қатарынан көрінді. Осы 30 жыл ішінде спортшыларымыз талай дүбірлі додаларда топ жарып, көк туымызды биіктен желбіретіп, Әнұранымызды әлемге тыңдатты. Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш кеудені кернейтін тебіреністі сәттердің талай рет куәсі болдық. Спорт ойындарының шыңы — 4 жылда бір келетін олимпиада ойындары десек, 1996 жылдан бері  олимпиадан жалпы саны 64 медаль еншілеген. Әсіресе, біздің боксшыларымыздың бағы басым түседі. Олимпиада ойындарында қазақ боксшылары 17 рет жеңіс тұғырына көтеріліп, ең үздік былғары қолғап шеберлеріне берілетін «Баркер» кубогын 3 рет жеңіп алды. Кәсіпқой спортта да түрлі тұжырымдар бойынша алдыңғы орыннан көрініп келеді. Тәуелсіздік жылдарында елде осы саланы дамыту мақсатында көптеген спорт нысандары да бой көтерді. Қазақ спортының жаңа тынысы ашылды. Түрлі халықаралық спорт сайыстарын өткізуге мүмкіндік алды. 2011 жылы қаңтар-ақпан айларында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында Қазақстанда тұңғыш рет Қысқы Азиада ойындары өтті. Ел құрамасы бірінші орынға ие болды. Қаржы дағдарысының салдарларына қарамастан Елбасының тапсырмасы бойынша Азиада ойындары үшін арнайы республиканың негізгі екі қаласында бірегей спорт кешендері салынды.  Қазақ елі өз тарихында тұңғыш рет Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізген елеулі сәтті айтпай кеткеніміз жөн болмас. 2017 жылдың ақпанында «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты, «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Сұңқар» халықаралық кешені, Б.Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондары кешені, «Табаған», «Алматы арена» және «Халық Арена» ойын-сауық кешені сияқты 8 спорт кешенінде спорттың 12 түрінен сайыстар ұйымдастырылды. Универсиадада қазақстандық студенттер құрамасы 36 медаль ұтып, жалпыкомандалық есепте 2-ші орынға тұрақтады. Ұлттық спорт дегенде алдымен ойға оралатыны — күрес пен көкпар. Кейінгі жылдары «Қазақ барысы» жобасы қанатын кеңге жайып, әлемнің назарын өзіне аударды. Нәтижесінде «Әлем барысына» айналды. Қазақ елін, күресін танытқан бірегей дүние. Сондай-ақ, «Қазақ күресі», «Саятшылық», «Асық ату» және «Тоғызқұмалақ» секілді ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді.

Тарирхымызды түгендедік. ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқы­мыз­дың тарихындағы қасіретті кезең. 100 мыңға жуық азаматымыз қу­ғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Қазақстан тәуелсіздік алған­нан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік дең­гейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бас­тады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. 2003 жылы түзілген «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында ел аумағындағы тарихи-мә­дени ескерткіштер мен нысандар жаң­ғыртылып, баға жетпес мұраларымызды елге таныту, келер ұрпаққа жеткізу жо­лында толымды істер атқарылды. Ал 2013 жылы «Халық – тарих толқы­нын­да» бағдарламасы арқылы әлемнің ең бел­ді архивтерінен төл тарихымызға қа­тыс­ты құжаттар жүйелі түрде жиналып, зерт­телді. Рухани жаңғыру, тарихымызды тану бойынша әлі де атқарылар істер аз емес. Себебі, «тамырын тереңге жібермеген дарақтың ғұмыры келте келетінін» білетін жұртпыз.

Отыз жыл ұлт дамуы үшін аса көп уақыт емес. Десек те, ұлы мақсат жолында біткен іс пен аяқталған шаруа шаш-етектен. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы болсын, Қазақ елі!       

Нұрила ШЫНӘДІЛ.