ТӘУЕЛСІЗДІК БЕЛГІЛЕРІ
БӘЙДІБЕК БИ ЭТНОСАЯБАҒЫ
Соңғы жылдары қала көрінісіне ерекше айбаттылық пен сән-салтанат сыйлаған «Бәйдібек би» еліміздегі ең биік ескерткіш. Мүсіннің биіктігі 10 метр болса, ал зәулім монументтің биіктігі 220 метрге, салмағы 9 тоннаға тең деп есептеледі. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына орайластырып ашылған кешен 2012 жылдың күзінде пайдалануға берілген болатын. Ескерткіш қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би даңғылының басталар тұсында, ең биік нүктелердің бірінен орын тепкен. Сәулетшілер Насыр Рүстемов пен Дәурен Әлдеков.
Қолына таяғын ұстаған күйі биге тән асқақтықпен құшағын жайып тұрған мүсін тұлғаның болмысын толық ашып тұр. Бәйдібек Қарашаұлы қазақ тарихында өзінің кемелдігімен, әділдік, ерлігімен елге сөзін жүргізген биі әрі батыры ретінде айтылады. Шежіре бойынша қазақ тайпаларының, оның ішінде Ұлы жүздің түп атасы ретінде таниды. Соңғы деректерге сай 1356 жылы Ташкентте дүниеге келіп, 1419 жылы қайтыс болған. Өзінің ақылдылығы мен көрегенділігінің арқасында Бәйдібек би жетім-жылқышыдан би дәрежесіне жетіп, өз уақытының әйгілі билерінің бірі болады.
Ел тарихында орны бар айтулы тұлғаларды мәдени ескерткіштер арқылы насихаттау тәуелсіздіктің бір жемісі. Қазіргі таңда Бәйдібек би этносаябағы кеңейіп, айналасынан «Наурыз» алаңы, жасанды көл, «Жайлаукөл» саябағы мен мұражай орын тепкен. Сондай-ақ, мұнда Қожа Ахмет Яссауи, Отырар, Баба Түкті шашты Азиз, Кемеқалған, Арыстанбаб, Укаш Ата, Қарашаш ана сияқты тарихи маңызды ескерткіштер мен кесенелердің макеттерін көруге болады.
Отау құрған жастар мен отбасылардың тұрақты серуен аймағы, талай жанның бақытына ортақтасқан құт мекені. Ел егемендігінен хабар беретін осындай тағылымды да тамаша орындар қаламыздың ең басты құндылығы болып қала бермек.
Аяулым ҚАЛШАБЕКҚЫЗЫ.
(Соңы).