ЕЛБАСЫ — ТҮРКІ ЖҰРТЫНЫҢ АҚСАҚАЛЫ
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашанда ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі биік, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды.
Түркия президенті Реджеп Тайып Эрдоған
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жаппай-тұрмай іздестіруді міндеттейді», — дей отырып, түрік мемлекеттері интеграциясының тиімді жолдарын іздеу қажеттілігін көрсетті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2000 жылы 14-желтоқсанда латын алфавитіне көшу мәселесіне қатысты өз пікірін білдіре келіп, өте мұқият дайындықтан соң латын алфавитіне көшетінімізді айтты. Бұл жерде Тоныкөк негізін салған «Мәңгілік ел» идеясын қалпына келтіруші, жандандырушы Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ халқына славяндық кириллица емес, түркі тектес бауырларымыз қолданатын латын қарпіне көшудің қажеттілігін айтты. «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады. Бұл бағыттағы алғашқы игі қадам ортаазиялық одақтың құрылуы болды. Оның шеңберінде біздің бәрімізге ортақ мәдени ұқсастығымызды жете сезіну арқылы деңгейіміздің көтеріле түсетіні сөзсіз» — деп түрік бірлігінің болашағына зор үмітпен қарады.
Қазіргі кезде, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген түркі тілдес мемлекеттерді жақындастыру саясаты, елімізді Орталық Азияның көшбасшысына айналдыру идеясы өз жемісін берді. Оған Түркістандағы Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ашылуы, 2009 жылы Түркияның «Түрік ошақтары» қоғамдық ұйымынан Н.Ә.Назарбаевқа «Түркі әлеміне қызмет» марапатының берілуі, Астанада Түркі академиясының ашылуы, сонымен қатар, Анкара қаласындағы «Генчлер» саябағына Н.Назарбаев ескерткішінің орнатылуы, Түркия Президентінің Н.Назарбаевты «түркітілдес халықтардың көшбасшысы» деп бағалауы — Елбасының түркі әлемін біріктіру, экономикалық және мәдени салаларды тығыз байланыстыру жолындағы тарихи еңбегіне берілген әділетті баға болды.