ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЕЛ БІРЛІГІ
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Сонымен қатар осы бір қастерлі ұғымдардың балама үлгісі Елбасы деген сөз де бәрімізге тым етене жақын, ыстық естіледі. Ал енді Елбасы жайында айту ел бірлігі деген ұғымды одан әрі тереңдету.
Елбасы ел билеген жылдарында бірнеше Жолдау халыққа жол тартқан болатын. Олардың қай-қайсысы да елдің, халықтың игілігіне, мемлекеттің гүлденуі мен дамуына жол сілтеп жатты.
Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға жол көрсеткен Жолдаудың басты ерекшелігі бүкіл әлем халқы бастан кешіріп отырған экономикалық дағдарыстан шығудың амал әрекеті, бірақ ол Жолдауда бұдан да биік бір ұғым бар екенін естен шығармау керек. Ол – Ел бірлігі. Сан сұрақтың жауабын іздейтін Жолдауда Еліне жақын Елбасы ең алдымен туған халқының «мұндай кездесулер кезінде «көппен көрген ұлы той» деп, сабыр сақтап, ынтымақ-бірлігін бекіте түскен» қасиетіне сенді. Сол себепті де «Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады» деп көрсетті. Иә, Елбасының қадап айтып, қайталай беретін ұлт мұраты, ұрпақ болашағы, тәуелсіздігін баянды ететін аманаты – ел бірлігі екені түсінікті.
Біздің Республика тәуелсіздік алған жылдары көпұлтты, көпдінді, көптілді елге айналды. Сол себепті Елбасына жүктелер жүк те зілмауыр болды. Осының бәрін мұқият саралаған саясаткер «белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін біздің халқымыздың топтасқандығы қажет» деп түсіндірді. Иә, туған ел төрінде жүзден астам ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті, бейбіт өмір сүруде.
«Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де сондай қажет» деді Елбасы. Бұл аманат әрқайсымыз үшін берік ұстанатын өлшем болуға тиісті.
Нариман НҰРПЕЙІСОВ.