ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ — ЕЛ ЖОЛЫ
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, мемлекеттің іргесін берік қылып, айбынын асырған жол-жоралғылардың барлығы белгілі тұлғалардың атымен байланысты болып келеді. Қазақтың арғы-бергі тарихынан да ондай мысалдарды көптеп кездестіре аламыз. Кезіндегі Қасым хан дәуіріндегі қабылданған заң тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі, ал Есім дәуірінде өңделіп, жаңа сипат пен мазмұнға ие болған қазақтың Жарғы заңы «Есім ханның ескі жолы» деп аталады. Сол сияқты еліміз азаттық алған тұстағы Заңдар жинағын да Елбасының есімімен байланыстырған жөн болар еді.
Есім хан кезінде де мемлекеттік билікті күшейту қажеттілігі туындады. Есім бұл мақсатқа жету үшін мемлекеттің тірегі болып табылатын ескі жарғыны жаңартуды қолға алды. «Есім ханның ескі жолы» ежелден қалыптасқан дәстүрлі жол-жоралғылардың мән-мазмұнын баз қалпында сақтағандықтан, яғни ескі жол сарынын ұстағандықтан солай аталған-ды.
Қасым хан тұсында Қазақ хандығы тұтастай дербестікке ие болып, айбарлы мемлекеттердің санатына көтерілді. Қасым хан тұсында қабылданған заңның да атқарған рөлі ерекше болып табылады. Сондықтан да болар халық жадында ол заңның «Қасым ханның қасқа жолы» деп сақталуы.
Кейінгі Тәуке хан кезінде қабылданған заңдар жүйесі де Қазақ мемлекеттілігін ерекше дамыта түсті. Тәуке хан дәуірі кейбір деректерде «Алтын ғасыр» аталуы сондықтан да болар. Бұл кезең қазақы санада «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған кезең» деген мамыражай заманды елестетеді. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сол кезеңде қазақ даласында кеңінен дамыған мұсылмандық құқық пен дәстүрлі құқықтың синтезі іспеттес. «Жеті жарғының» өмірге келуіне Тәуке хан жүргізген салиқалы саясат ерекше ықпал етті. Халық жады соған құрмет ретінде «Жеті жарғы» заңын «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деп осы уақытқа дейін атап келеді. Қазақтың арғы тарихына жүгінетін болсақ, ғұндардың елін алып империяға айналдыруға ықпал еткен Мөде тұсында қабылданған заңды да санамыз «Мөденің заңы» деп түйсінеді. Кейінгі әлемді дүр сілкіндірген Шыңғысхан заманында қабылданған «Ұлы жасақ» заңы да көшпелі дәстүрден тамыр үзбей, «Шыңғысханның ұлы жасағы» деп аталғаны белгілі. «Ұлы жасақ» заңы тайпалық бытыраңқылықтан бой үзе алмай жүрген моңғол тайпаларын біріктіріп, әлемдік ұлы күшке айналдыруға ықпал етті. Одан әріге бойлайтын болсақ, ежелгі Қосөзен аңғарында қабылданған заңдардың бірі де сол кезеңнің ұлы патшасы Хамурапийдің атымен байланысты екендігі де баршамызға белгілі.
Тарихи дәстүрден сабақ ала отыра, қазіргі тәуелсіз еліміздегі қолданыстағы Конституцияның әлеуеті мен мүмкіндіктеріне бойлап қарайтын болсақ, Конституцияны қабылдаудағы Елбасының қажырлы еңбегінің бар екендігін мойындай отыра, біз қолданыстағы Конституцияны Елбасының атымен байланыстыруға міндеттіміз. Тарихи ақиқатқа деген ұмтылыс бізді осы ойға жетелейді.