ЕЛБАСЫДАЙ ПЕРЗЕНТІ БАР ЕЛ БАҚЫТТЫ

Дара да дана, қазақ халқының бағына туған Нұрсұлтан Әбішұлының өңірімізге жасаған әрбір сапарының өзіндік өрнектері бар. Оның қай сапары болсын жүректерде жазулы. Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап осы аймаққа ерекше ықылас қойды. Жалпы аймақтың жылы жүзді, еңбекшіл қауымын шынайы сезіммен жақсы көрді. Әр сапарында уақыт тауып мақташылармен, егіншілермен, құрылысшылармен, диқандармен етене араласып, барынша ашық та сындарлы кездесулер өткізді. Елім деп соққан оның елжіремелі жүрегінің дүрсілін біз сол кездесулерде тыңдай алатынбыз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың нақышты әңгімелері мен әдемі әзілдері маңайға шуақ шашып тұрады. Сондықтан да Елбасымен қарапайым еңбек адамдары еркін де ашық сырласады, әңгіме өрбітеді, алдағы жоспарларын бүкпесіз айтады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының адами тұлғасы, пайым-парасаты, көңіл көкжиегі қаншалықты кең екенін талай рет байқадық, таңырқадық. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев – заман тудырған ұлы тұлға. Оның Қазақстанды Жер шарының барлық мемлекеттеріне таныту, алдыңғы қатардағы отыз елдің қатарына қосу жөніндегі ерен еңбегі – баға жетпес үлкен ерлік. Нұр дидарлы Нұрсұлтан ағаның елі үшін жасаған игілікті істері ғасырлардан ғасырларға үлгі ретінде жететініне бек сенеміз.

Елбасы Н.Назарбаев өңірімізге келген бір сапарында: «Оңтүстік – қазақтың қаймағы шайқалмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, ең бастысы, еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Сіздерге әр келген сайын оңтүстікқазақстандықтардың өз өлкесін гүлдендірумен, тұрмыс-тіршіліктерін жақсарта түсумен қатар өздерінің негізгі түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғастырып жатқанын көремін», – деп біздің облыс жұртшылығына деген ыстық ықыласын, жылы лебізін жеткізді. Иә, бұл облыс жұртшылығына деген үлкен құрмет болатын.  Жергілікті тұрғындар Елбасының әрбір сапарын асыға күтті. Онымен бір сәт сөйлесіп қалудың өзі адамдарға үлкен қуаныш сыйлады.

2001 жылдың қарашасында Елбасының қамқорлығымен еліміздегі алып құрылыстардың бірі – Сырдария көпірі ашылды. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев бұл көпірдің елдің бүгіні мен ертеңіне қызмет ететінін атап көрсетті. Бұл құрылыс – Қазақстанның қаншама қиындықтарды жеңіп, өзекті мәселелерді өзі шеше алатындығының жарқын үлгісі. Осындай ірі жобалардың жүзеге асуы тәуелсіз мемлекеттің арқасында ғана мүмкін болды. Әрине, Сырдария көпірі – Қазақстандағы стратегиялық маңызы зор нысандардың бірі. Үш жүз мың халқы бар Мақтаарал (қазіргі Мақтаарал және Жетісай аудандары) ауданының тұрғындары бұрын шекарада қиындықтар көрсе, ендігі ретте осы көпір арқылы кедергісіз барлық өңірлерге шығуға мүмкіндік алды. Сондықтан бұл көпірді халық «Өмір жолы» деп атады және мұны өте орынды теңеу деуге толық негіз бар. Мұндағы тағы бір айтпағым, елі сүйген Елбасы Жер шарындағы барлық мемлекеттер мен Қазақстанды байланыстыру, жалғастыру жөнінде де алтын көпір болып келді, бола да береді.

Елбасының салиқалы саясатының арқасында өңірімізде өнеркәсіптік кәсіпорындар қарқынды дамыды. Экономикалық индустриализациялау жүйелі жүзеге асты. Аймақтарға жасаған іс-сапарларында өндіріс пен ауыл шаруашылығының жағдайымен танысуды назарынан тыс қалдырған емес. Сондай сапарларының бірінде Елбасы «Химфарм» акционерлік қоғамына келді. Жалпы, Қазақстандағы фармацевтикалық өнімдердің 65 пайызы осы кәсіпорында өндіріледі. Кәсіпорын өнімдері Болгария, Румыния, Қырғызстан, Молдавия, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, тағы басқа да елдерге экспортталады. Бүгінде Түркістан деген текті де тәберікті, киелі атауға ие болып отыр-
ған облысымызда Елбасының қолдауымен жүзеге асырылған мұндай бағалы тірліктер өте көп.

Елбасы – жолы болғыш тұлға. Әлі есімде, Түркістанның 1500 жылдығын атап өтуге Нұрекеңнің өзі келді. Қалың жұрт қаумалап, Мемлекет басшысын қарсы алғалы тұрғанбыз. Күн бұлыңғыр. Жаңбыр жауып кетпесе екен деген күдік те жоқ емес. Бір кезде: «Елбасы келе жатыр!» – деген хабар естілді. Көкті жапқан қалың бұлт ыдырап, күн нұрын төгіп қоя берді. Таңқалыстық. Айналадағы көнекөз қариялар: «Тәңірінің нағыз сүйген пендесі! Қарасайшы күннің жарқырауын!» – деп қауқылдасып жатты. Десе дегендей, Нұрекең – қазақтың бағына туған біртуар азамат.

Сөз орайына қарай Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру жөніндегі бағалы да маңызды шешімін айта кетуіміз керек. Рухани астана бүгінде танымастай келбетке ие болды. Күллі Түркі жұртының түпқазығы һәм түптамыры болып табылатын Түркістан шаһарына туристер легі тасқындай түсті.

Қазақстан мен Түркия мемлекеттері арасындағы тығыз ынтымақтастықтың айқын дәлелі болып табылатын Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті де – Елбасымыздың әріден ойлай білетін көрегендігінің жемісі. 2010 жылы Түркістанға Түркияның сол кездегі Президенті Абдулла Гүл келді. Аталмыш жоғары оқу орнында қос Президент білім беру саласындағы Қазақстан мен Түркияның стратегиялық серіктес-
тігінің маңыздылығына тоқталды. Міне, сонда Түркия мемлекетінің басшысы Абдулла Гүл әріптес ағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа асыл тастармен әшекейленген асатаяқ пен ақ шапанды сыйлап тұрып: «Көп жыл бұрын біз Түркі әлемі мемлекеттерінің Кеңесін құрдық, бұл жолдағы Қазақстан Президентінің еңбегін ерекше атауға тұрарлық. Сондықтан түркітілдес халықтар әлемі атынан мына асатаяқты үлкен құрметпен Нұрсұлтан Назарбаевқа табыс-
таймын», – дей келіп, біздің Президентті бүкіл түркі жұртының көшбасшысы деп атаған еді. Міне, бүгінде сексен жасқа сергек келіп отырған біздің Көшбасшымыз, Елбасымыз осындай жан! Біз алдағы жарқын болашақтарға сеніммен қараймыз. Көреген көшбасшы, дара да дана Нұрсұлтан Әбішұлындай  перзенті бар ел бақытты

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.