ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖҮГІН КӨТЕРГЕН ЕҢБЕГІ

Елбасының 2003 жылы “Атамұра” баспасынан шыққан “Сындарлы он жыл” атты кітабы қауіпсіздік мәселесіне арналған. Бірақ, онда ядролық қауіпсіздік емес, соңғы онжылдықтарда кең етек жайған халықаралық терроризм, сепаратизм, экстремизм сияқты әлемдік дерттер және оларға қарсы күрес жолдары туралы айтылған. Мысалы, кітаптың кіріспе бөлімінде автор: “Терроризм, сепаратизм, экстремизм дегеніміз соғыс. Демек кез келген соғыстағы сияқты, біз, антитеррорлық коалиция мен ерікті елдер ынтымақтастығының мүшесі ретінде қару қолданбай отыра алмаймыз. Алайда халықтар мен мемлекеттердің мүддесіне қайшы келетін байлар мен кедейлер әлемінің арасындағы түпсіз шыңырауды, бейбітшілік декларациясына қатыса отырып, қару-жарақ сатушылықты, планетадағы миллиондаған адамдардың есірткіге кіріптарлығын пайдаланып, қыруар қаржы жасаушылықты, геосаяси өркөкректік пен өзімшіл өлермендікті жоймай тұрып, терроризмді жою да мүмкін емес”- дейді.

Бұл жолдардан кітаптың пайда болуының объективтілігі халықаралық қауіпсіздік және оған жету жолдары екендігін байқауға болады. Сонымен қатар әлем қауіпсіздігі аймақтық, ұлттық қауіпсіздігінің басты факторларының бірі екендігі де, Қазақстанның бейбітшілікті сақтау жолындағы ұстанымы да, кітаптың пайда болуына әсер еткендігі даусыз. Ол туралы Нұрсұлтан Әбішұлы: “Біздің аймақтық, ұлттық қауіпсіздігімізге деген қауіп-қатер баршылық және оның сипаты өзгермей тұр. Алайда мен бұрынғыша, тек өзара келісімге негізделген бітімгершіл саясат пен сенім ғана алдағы уақытта да, Қазақстанның осы жылдар ішінде ұстанып келгеніндей, бейбітшілік режимін орнықтыру жолында ықпалды да тиімді құрал бола алады, сонымен бірге алдағы ахуалға да қызмет етеді деп есептеймін”-дейді.