ЕЛОРДА — ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНАНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ

Елбасы денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесінде міндетті түрде әлемдік деңгейдегі сапалы үлгінің болуы керек екенін айта отырып, Астана медициналық кластерін құру жөнінде шешім қабылданды.
Ол елордада барынша заманға сай медициналық орталықтар салып, ол жерлерде халықаралық деңгейдегі кардиохирург Юрий Пя секілді бірегей мамандарды жинау туралы тапсырма берді.

Ұлттық медициналық холдинг 2008 жылдың мамырында құрылып, алты инновациялық құрылымды біріктірді – Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы, Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық.

Халықты жоғары сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету бағытындағы стратегияның арнасы бойынша құрылған Астана медициналық кластері Қазақстан халқына медицинаның жаңа стандартын әкелді.

Бұған қоса, мемлекетіміз қол жеткізген табысқа тоқмейілсімей, тағы бір үлкен мақсат қойды. Ол – медициналық кластер базасында алдыңғы қатарлы медициналық технологиялар мен сапа стандарттары негізінде медициналық қызметтердің сан түрін Қазақстан және шетел азаматтарына ұсынатын, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті «Болашақ госпиталін» құру.
«Болашақ госпиталі» өз атауына толық сай келетінін дәлелдеп, денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибенің трансфертімен қамтамасыз етеді, Қазақстандағы басқа бүкіл медициналық
ұйымдар үшін эталон болады.