ЕНЕ МЕН КЕЛІН: ДОС ПА, ҚАС ПА?
Әр ененің бойында келіндерге үлгі ететін қырлары болады. Бауыржан Момышұлы айтқандай «Ең батыр алам, ол – қыз. Өзі мүлдем білмеген, танымаған ортаға барып, сол әулеттің шырағын маздатып, ұрпағын өрбітеді. Жапырағын жайқалтып, тамырын тереңге бойлатады. Тәуекеле бел байлап, өзінің туған ата-анасын, бауырларын, кіндік қаны тамған жерін тастап кете барады. Міне, осындай бар жақсыны киіп, жақсы өнегені көріп өскен бір үйдің аяулы қызын неге бауырыңызға баспасқа?!
Иә, «келін қыздай бола алмас». Бірақ, балаңның сүйіп алған сыңары болған соң оған да жүрек жылуын төгіп, сыйластықпен қараған жөн шығар. Жылы-жылы сөйлеп, «Балам, мұның жөні мынадай болады» деп мысалмен түсіндірсеңіз, ең бір түсінігі төмен жан болмаса ұғынары хақ. Ал, «мен енемін, менің айтқанымды жаса» деп шорт кессеңіз, араларыңыз алшақтап, уақыт өте бір-біріңізді сыйлаудан қалуларыңыз ғажап емес.
Сол себептен, айналайын енелер, бауыр еті балаларыңды ойласаңдар келін босағадан атттаған күннен бастап қамқорлықтарыңды көрсетіп, ақыл-кеңестеріңді әдемі балдай тәтті сөздермен айтып, қою күрең шайларыңды бірге ішіп отырсаңдар, ол да түсінеді, тез үйреніп, бауыр басып кетеді. Бар жақсылығын аямайды. Міне, адалдық осыдан басталады.
Бір-бірімізге балдай тәтті сөздерімізді айтудан жалықпайық. Ащы сөз араны ажыратады. Бұндайдан Құдай сақтасын. Ене әрқашан ақылшы, кеңесші. Келін – тыңдаушы, орындаушы.
Балаларымыздың бақыты үшін тіл қысқа болып, ақыл, ой-өрісіміз кең болсын!Келінді жамандама, ол балаңды жамандағанмен тең. Келініңді мақта, ол балаңның мәртебесінің биік болуымен тең. Енелер мен келіндер деген қазір көп ақпарат көздерінде көрсетіп жүргендей бітіспес дұшпандар емес, керісінше, ең жақын, бір-біріне жанашыр жандар.
Бибіпатима апаның әңгімесінен арнайы «Алдаспан» үшін