ХАЛҚЫН ҒЫЛЫМҒА БАҒЫТТАҒАН КӨШБАСШЫ
Елбасы белгілеген ең өзекті мәселелер – білім беру мекемелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту, білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру білім саласының дамуына игі әсерін тигізері сөзсіз. Үздіксіз білім беру; мектепке дейінгі, бастауыш, орта, кәсіптік, жоғары және ЖОО-дан кейінгі барлық түрлерін қамтитын «Жасқа қарайғы» білім берудің байланысын нығайту, мемлекеттік және жекеменшік білім беру мекемелері ұсынатын білім беру қызметтерінің арасындағы елеулі алшақтықты жою – қазіргі таңда аса қажетті, білім беру жүйесін жалпыұлттық күйде сақтауға себеп болар бірден-бір жетекші фактор.
Білім беру саласын жақсарту, деңгейін көтеру үшін Елбасы орта білім беру жүйесінде басшылар корпусының сапасын жақсарту жөнінде шаралар атқару қажеттігін атап өтті. Орта білім беру жүйесі – мектептердегі негізгі билік мектеп директорының қолында екені және мектепті басқаратын басшының интеллектуалы мен іскерлігі, тәжірибелігі сол білім ошағының тағдырын шешіп отырғаны белгілі. Кей жағдайда мектеп директорлары өз қызметтеріне әкімшілік тұрғыдан ғана қарап, мектеп ұжымына, ондағы мұғалімдер мен оқушылардың тағдырына, болашағына алаңдамайтыны ақиқат. Сондықтан да мектеп директорларының білімділігі мен іскерлік қабілетімен қатар, адамгершілігі мен патриоттығы, ұрпақ тәрбиесіне деген азаматтық позициясының адалдығы басты назарда болуы тиіс.
Елбасы қадап айтқан мәселенің екіншісі – мемлекеттік үлгі қалыптардың жеке мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында, халықаралық жоғары оқу орындарында сақталуын бақылауды жолға қою қажеттігі. Білім беру жүйесін жақсарту үшін бұл өте қажетті шешім деп білеміз. Себебі білім саласы бір жүйеге түсіріліп, мемлекеттік қалыпта дамыса ғана нәтижелі болмақ.
Мемлекеттік емес жоғары оқу орындарын оңтайландыру процесі – Елбасы тапсырған үшінші мәселе. Жасыратыны жоқ, еліміздегі 146 жоғары оқу орындарының барлығы бірдей тиісті талапты қанағаттандыра алмайды. Осы тұрғыдан келгенде, сала-сала бойынша оларды біріктіріп, жұмысын бір қалыпқа түсіріп, оңтайландыру – заман талабы. Ол үшін жоғары оқу орындарын арнайы тексеруден өткізіп, олардың санын оңтайландыру және кадрларды сапалы дайындауды қамтамасыз етпейтін білім беру мекемелерінің лицензияларын қайтарып алу жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Мұны еліміздегі білім беру саласына бөлініп отырған ерекше қамқорлық пен талап деп танығанымыз абзал. Қоғамға қажетті кадрларды
дайындап шығаратын түрлі саладағы жоғары оқу орындарының сапасы – еліміздің кемелді келешегіне қызмет ететін еңбек нарығындағы негізгі фактор. Мемлекетіміздің қарыштап дамып, өркендей түсуі, барлық сала бойынша сапалы мамандармен қамтамасыз етілуі және олардың сапасының жоғары деңгейде болуы осы жоғары оқу орындарында берілетін білімнің негізінде жатқаны белгілі.
Төртіншіден, дуальды кәсіби білім беруді дамыту мәселесі. Бұл қазіргі таңда өте қажетті, себебі жұмыс істей жүріп кәсіби шеберлігін арттыру, теориялық алған білімін іс-тәжірибеде ұштастыру маманды кәсіби жағынан өсіріп қана қоймай, өмірге бейімдейді. Осы тұрғыдан келгенде, өзім басқаратын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында кәсіби білім факультеті ашылып, аталған мамандыққа студенттер қабылданды. Сонымен қатар, институт жанынан «Сәндік өнер» орталығы мен тігін, ағаш өңдеу шеберханасы, «Эстрадалық өнер» және «Асыл мұра руханият» орталықтары құрылды. Студенттер ұлттық қолөнерге хобби ретінде қарамай, өмірге бейімделу мақсатында белгілі бір кәсіпті меңгеріп, дипломды маман болып шығумен қатар, екі-үш қоғамдық кәсіби мамандықты бірдей меңгеретін болады.
Облыс көлемінде жаппай мамандықтар кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін осы заманғы қолданбалы біліктілік орталығын ашу – уақыт талабы. Еліміздегі білім беру жүйесінде оқу үдерісінің практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлінбей, оқушылардың жеке ерекшеліктері ескерілмей, рухани-парасаттылық тәрбиесінің тәсілдері жеткіліксіз болып отырғанын да атап өткен Президент оқу-тәрбие үдерісін түбегейлі жаңартып, өзгерту қажеттігі маңызды екеніне тоқталды. Ол үшін бірнеше жаңа пәндерді енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, «Қазақстан құқығы», «Өлкетану», «Акмеология» сынды пәндердің жүргізілуі жастар арасындағы біраз түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін ашық жариялады. Бұл тұрғыда біздің оқу орнымызда біршама істер атқарылды.
Байқап отырсақ, Елбасының білім мен тәрбие төңірегіндегі идеялары ақыл-ойдың алыбы Әбу Насыр әл-Фарабидің «тәрибесіз берілген білімнің қауіпті» екендігі жайлы осынау жалпыадамзаттық идеяларымен қанаттас, мұраттас. Тәрбие жұмысы патриоттық, мораль мен парасаттылық сезімдері, ұлтаралық келісім, тән мен жанның дамуы, заңға мойынұсынушылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру жауапкершілігін жүктейді. Олай болса, Елбасы Жолдауда оқыту үдерісінің тәрбиелік құраушысын күшейту қажет деген пікірді айта отырып, Үкіметті мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту жөнінен бесжылдық Ұлттық іс-қимылдар жоспарын қабылдауға
міндеттеді.
Елбасы мектептегі білім беру мен Қазақстанда мұғалім мамандар даярлау мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Осыған орай бүгінгі күні білім жүйесіне енгізіліп отырған міндеттердің бірі – мұғалімдерді қайта даярлау мен оқыту. Бұл мамандар үшін аса қажетті процесс. Ол жеке тұлғаның өз білімін жетілдіріп, өзін-өзі тәрбиелеуді еліміздің ішкі және сыртқы саясатымен, экономикалық және әлеуметтік дамуындағы ірі өзгерістермен, қоғамның оқу-тәрбие орындарының алдына қойған әлеуметтік тапсырыстарымен байланыстыруын, жаңаша іс-қимыл жасауын талап етеді. Мамандыққа деген қызығушылық жоғары оқу орындарында ғана қалыптаспай, мектеп қабырғасында жүргенде басталуы шарт. Себебі мектептегі ұстаздарын бір кездері идеал, үлгі тұтып, еліктеп, қызығып, пәнге деген құштарлықтары артып, сол асқақтаған арман болашақ кәсіпке – ұстаздық мамандығына жетелеуі тиіс. Сонда ғана нағыз патриот-педагог маман шығары сөзсіз. Осы ретте ерекше назар аударатын жайт, «Мектеп-ЖОО-Мектеп» тізбесінің тұтастығына айрықша маңыз бере отырып, қоғамдық-экономикалық қатынастарды ізгілендіру мен жеке тұлғаның жаңа өмірлік көзқарасын қалыптас-
тыратын маңызды субьектілер екенін естен шығармай, педагогикалық ынтымақтастықта, іскерлік байланыста жұмыс істеген жөн. Мектеп, білім және тәрбие мекемелері тапсырыс беруші, жоғары оқу орындары «өнім» беретін, маман дайындайтын жауапты мекеме. Болашақ кәсіби маман ұстаздар даярлауда тапсырыс беретін мекеменің өзінің болашақ маманының қандай теориялық білімдер мен нақты іскерлік, дағдыларды қалыптастыруын талап ететіндіктерін, мамандықтың оқу жоспарындағы таңдау пәндеріне ұсыныс берулерінің қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты мұғалімдерге жүктелер міндеттер де өте жауапты.
Ұстаз келбеті қандай болуы керек? Ол өз ісіне адал да шебер, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңірген, шәкірт жанына нұр себуші, бүгінгі күннің лайықты тұлғасы болғаны абзал.
Мемлекет басшысының ізденімпаздығының нәтижесінде өмірге келген, қазақстандық білім берудің жаңа моделін қалыптастыруға кіріскен «Назарбаев университеті» – еліміздің білім беру саласы үшін методикалық-теориялық және практикалық көмек беретін жолбасшы үлгілі оқу орнына айналып отыр. Қадамын жаңа бастап отырған оқу ордасы аз уақыттың ішінде мың жарымнан астам студент тартып, жетпіс шақты ғылыми жобаны игере бастауы, әлемнің беделді ғылыми басылымдарында (инфакфакторлы басылымдар) оқытушы-профессорлық құрамның ғылыми еңбектері жарияланып, ғылыми жаңалықтар жасап, әлден-ақ 4 патент алса, «Назарбаев университеті» – ХХІ ғасырдағы қазақстандық жоғары мектептің болашақ үлгісі бола алатын жаңа ментальді көшбасшы жоғары оқу орны» бола алғандығының кепілі.
«Назарбаев университеті» – өмірге жаңа қадам жасап отыр-
ған жаңа типті жас жоғары оқу орны. Сөйте тұра әлемдік білім беру жүйесіне тартылуы, қадамын жаңа заманаға лайық жаңашылдықпен бастауы бізді қуантады. Білім және ғылым министрлігіне Б.Т.Жұмағұлов басшылыққа келген кезеңнен бері атқарылып жатқан игі істердің жемісі ретінде, Елбасының тікелей тапсырмасымен қайта қалпына келтірілген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты үшін де «Назарбаев университеті» бағдаршам іспетті. Оқу орны қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанның сапалы мамандарын даярлауда өзіндік бет-бейнесі бар, сара дәстүрі қалыптасқан жоғары оқу орнына айналды. Институт ұжымы алғаш мемлекеттік мәртебесін алған күннен бастап, оқу-тәрбие жұмыстарын заманауи талаптарға сай өрістетіп, еліміздің білім беру саласы үшін бәсекеге қабілетті, Отандық еңбек нарығында сұранысқа ие білікті маман даярлап шығару жолында аянбай еңбек етуде. Айналып келгенде, бұл да Елбасымыздың ізденімпаздығының жемісі, білімге ерекше көңіл бөлуінің жарқын мысалы. Елім білімді болса, жаһандық даму үдерісіне білімді ел болып жетсек деген асқақ арманның шынайы жеңісі. Олай болса, біз де білім беру жүйесінің өткен заманалардан келе жатқан озық дәстүрін сақтап, жетілдіріп, есесіне жоғары мектеп жүйесіндегі қағидатқа айналып шеміршек болып қатып қалған тозық әдеттерінен арылып, жаңаша іс бастауымыз керек. Нақты өміршең үлгіні «Назарбаев университетінен» ала отырып, талапты, талантты жастарды шақыра білудің сан-алуан жолдарын ойластырудан бастап, шет елдік Кембридж университеті секілді әбден танылған оқу орындарынан жаңаша ойлай алатын, әлем мойындаған білікті мамандарды шақырып дәріс оқытуды мақсат етіп отырмыз. Қазіргі таңда өз дәрежесінде толық жүзеге асырып үлгермеген бір ісіміз – шет-
елдік әріптестермен тізе қоса, білім біріктіріп ғылыми жобаларды өрістету, екеуара ынтымақтан туған ғылыми нәтижені өмірге, өндіріске қолдану. Ашқан жаңалықтарымыз үшін әлемді мойындатып патент алу.
Әлемнің беделді ғылыми басылымдарында, яки инфакфакторлық басылымдарға талпыныс қазақстандық жоғары оқу орындарында басталды. Әредік жақсы нәтижелер де төбе көрсетіп отыр. Алайда, Қазақстанның өз ішінде инфакфакторлы бірде-бір басылымның болмауы көңілге қаяу салады. «Назарбаев
университеті» секілді жоғары мектептің жаңа моделін жасай алғанда инфакфакторлы бір басылым ашуға, сөйтіп шет елдің ғылыми ойын өзімізге тартуға неге болмайды?! Айналып келгенде мұның өзі өзіміз ашқан жаңалықты алдымен өзіміз қызықтау, шет елдіктер қағып алып кетпей тұрып, алдымен өзіміз өндіріске енгізуге мұрындық болмас па?!
Елбасының білімге ерекше ден қоюының тағы бір белгісі – арнайы «Білім» телеарнасын ашуы. Біле білген кісіге – бұл еліміздің жастарына білім берудің жолы ғана емес, тұтас қазақ елін ағартушылық ізгілік жолына салу болып табылады. Орайында облыстық телеарналардың «Білім» телеарнасымен тығыз байланыста жұмыс істеп, білім берудің жергілікті жанды мәселелерін күн тәртібіне көтеруін қалаған болар едік.
Елбасы балаларды сәби жастан – балабақшадан қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқыта тәрбиелеу мәселесін қойды. Бұл – Елбасының «Балапан» бағдарламасымен сабақтас туындап отырған талабы. Қазіргі таңда мектеп жасына дейінгі мекемелер саны 3,5 мыңнан астамға артыпты. Демек, мемлекеттік мүддені алға ұстап жұмыла кіріссек, қоғамның болашағы болып табылатын балаларға жағдай жасау қолымыздан келеді екен. Жинақталған осындай тәжірибеден соң Елбасы билік алдына халқымыздың балаларын 2013-2014 жылға дейін 70 пайыз, ал 2020 жылы 100 пайыз балабақшамен қамту талабын қойды. Және елдің ертеңін өсіретін бұл талапты жан басына қаржыландыруды енгізген соң мемлекет пен жекеменшік әріптестігін дамыту, арқылы жүзеге асыруға болатынын айтты. Демек, мемлекетке қарап отыр-
май, жекеменшік балабақшаларға да жол ашылады деген сөз. Осының баршасы, Елбасының елге қамқорлығы, қазақ ұлтына қамқорлығы. Ең бастысы, Елбасы елге нендей де бір жаңа бастама көтеру алдында оны өзі іздене жүріп табады, өзі бірге жүріп іске асырғысы келеді. Елбасы балабақшадан бастап үштұғырлы тіл мәселесін енгізуді тапсырмас бұрын оның өзі ағылшын тілін үйренді, әлі үйренуде.
Елбасы ұсынып отырған «БІЛІМ – ҒЫЛЫМ – ИННОВАЦИЯ» үштігі – еліміздің жоғары мектебі үшін әрі сын, әрі сенім. Елбасы әлгі аталған үштікті алға тарта отырып, бізге әлемдік білім беру үдерісіне өз бетімізбен барып қосылуды міндеттеп отыр. Міндет межесінен табылып, ІЗДЕНІМПАЗДЫҚТЫ Елбасынан үйренейік!
Оңалбай АЯШЕВ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика университетінің
ректоры, педагогика
ғылымдарының докторы.
2012 ЖЫЛ.