ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ЖОЛЫНА ТҮСКЕН ҚАЗАҚСТАН

Бүкіл экономиканы әртараптандырудың катализаторы мен негізі ретінде мемлекеттік индустрияландыру саясатының басты мақсаты өңдеуші өнеркәсіптің ел экономикасының негізгі драйвері ретінде дамуы мен
қалыптасуы үшін жағдай жасау болып табылады.

Өңдеуші сектордың орнықты өсуі мен бәсекеге қабілеттілігіне технологиялық прогрессивті өнеркәсіп құру, кейіннен жаһандық нарықтарға шыға отырып, орта, жоғары технологиялы өнім құруға бағдарланған жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың негізгі қорларын трансформациялау және цифрландыру жолымен қол жеткізілетін болады.
Мәселен, индустрияландыру жылдарында өңдеуші өнеркәсіп өнімдерін шығару өсімінің озық қарқынына қол жеткізілді, еңбек өнімділігі 1,3 есеге өсті, сала кәсіпорындарының негізгі капиталына инвестициялар ағыны 2,1 есеге ұлғайды.
Қазақстанда бұрын өндірілмеген 500 жаңа өнім түрінің өндірісі игерілді: жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк, жеңіл автомобильдер мен автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратурасы, жарықдиодты жарық шамдар, титан құймалары және қорытпалар, дәрілік заттар, сүт өнімдері және
басқалар.

Қазақстанда өндірілген және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті тауарлар саны артты, оның ішінде: бу турбиналары, мыстан жасалған бұйымдар, радиаторлар, аккумуляторлар, сусындар, кондитерлік бұйымдар және т.б.
Сапалы индустриялық серпіліс жасау және бәсекеге қабілетті өңдеуші өнеркәсіп құру үшін, әсіресе геосаяси жағдай мен жаһандық сауда қақтығыстары шиеленіскен жағдайда, бизнес пен мемлекет мүдделерінің теңгерімін сақтауды және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуды ескере отырып, дәйекті әрі сараланған мемлекеттік саясат жүргізу талап етіледі.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді, ол экономиканы әртараптандыру жөніндегі ұзақ мерзімді бағдардың қисынды жалғасы болып табылады.