КӘСІПКЕР КЕЛІН

Сонау тоқсаныншы жылдары тарыққан заманда ала дорбаларын арқалап, саудаға етене жақындаған қазақ әйелдері бүгінде кәсіптің түрлі саласында танылып жүр. Кейіпкеріміз Гүлбану ИМАНӘЛИЕВА да өз кәсібін кәнігі қарабазардан бастаған. Сауданың қыр-сырын, қатпарын әбден меңгергенше талай қиындықты да өткерді. Бәрін жеңді. Жеңгені сол, бүгінде қаламыздағы ана мен балаларға арналған ең танымал «Mama_podium» дүкендер желісінің иесі. Жас келін бола тұра осының бәрін қалай еңсергенін Гүлбану өзі әңгімелеп берді.

 

 БАЗАРДА ОТЫРҒАНЫМА НАМЫСТАНАТЫНМЫН

— Мен жалпы көптеген мекемелерде жұмыс жасаған адаммын. Жұмысқа орналасқанымнан шығуым тез болатын. Өйткені біреудің қол астында азаннан кешке дейін отыру маған тән еместей сезілетін, менікі әрқашан қимылда болу, іздену, бір орында тұрмау. Бәрі де аяқ астынан басталды. Екінші қызыма аяғым ауыр кезінде інім Алматыда бір танысының түркиялық фирмадан қарызға тауар алып беретінін айтты. «Тауар алып сатасың ба?» деді. Кәсіп ашуға дайын ақшасы жоқтарға бұл жақсы мүмкіндік. Мен бірден келістім. Көп өтпей жолдасым мен бауырым Алматыға жол тартты. Жолдасым өзімнен де өткен аңқау жан. Бірінші кездескеннен-ақ ойындағы бүкіл бизнес планын әлгі делдал кісіге жайып салыпты. Неге өзім істемеске? деп ойласа керек, көпке дейін жауап бермей жүрді. Түбінде тауарды бермейтінін айтты.

Жолдасым мұнымен тоқтамай әйгілі «Барахолкаға» барады. Ондағы түрік азаматы тек қана қыз балаларға арналған жейделерін бір миллион қарызға беруге келіседі. Осының өзіне қуанған біз бірден базардан орын іздей бастадық. Бизнесті Шымкент қаласындағы әйгілі «Автонұр» базарынан бастадық. Басында үлкен құлшыныспен кіріскенмен, ішімде бір намыс жібермей тұратын. Дүркіреген «СДУ-ды» бітірген мына мен базарда отырмақпын ба, таныстарым көрсе не дер екен? – деп қуыстанушы едім. Базардан таныстарды көріп талай теріс бұрылған кездер болды.Ал, дәл қазір мен базарда отырып бастаған бизнесімді мақтан тұтамын! Өзіме «жарайсың!» – деп қоямын. Қалайша осының бәрі біздің қолымыздан келді?! – деп таңқаламын.

Базар маған көп нәрсені үйретті. Қарапайым халыққа не өтімді, не өтпейді? Қырғыз ағайындармен қалай бәсекелесу керек? Баға нарығын қалай бірқалыпты ұстау керек? Осының бәрін үйрене жүріп,  біраз көтерме беретін таныстарды да арттырдым.

 

ҚАРЫЗҒА БАТТЫҚ

— Қанша тыраштанғанмен, түріктен алған киімдеріміз өтпеді. Базардағы орынды да бір миллионға көршімізден қарыз сұрап жүріп алған едік. Тағы да қарыз алып, Бішкекке барамыз деп шештік. Қолда бар 600-700 мың теңгемен Бішкекке кіріп бардық. Бірте-бірте тауар айналымы жүре бастады. Жиналған ақшамызға апта сайын Бішкекке барып қайтатынбыз. Екі жүз мың жиналса соған қатты қуанушы едік. Ал, қазіргі бір тапсырысымның өзі бір миллионнан кем емес. Көп өтпей базардағы орнымызды қарызын өтей алмай сатуға тура келді. Бүкіл затты көшіріп алып үйге алып келдім. Заттардың бәрін жайғастырдым да, үйде сата бердім. Көрші-қолаң, туыс-туғандар-ақ қоймай алып кетті. Алайда ақшасын жинаймын дейсің де жаратып қоясың. Үйдегі кіріс атамның бір зейнетақысы, жолдасымның айлығы, құрғыр ақша өмірі жетпейді. Сауда үйінен тағы да қарызға дүкен аштық. Өз кезеңінде мектеп формасын саттық. Жалпы сауда жасаудың бір құпиясы – мезгілдік, мерекелік кезеңдерді, сұраныстарды ұтымды пайдаланып қалу екен. Біз о баста осыны түсінбей кез келген уақытта тауар алуға жүгіріп кете берген екенбіз. Осы жолы әжептеуір табыс таптық. Мектепке дайындық кезеңі аяқталған соң жанымдағы қыздар Түркияға тауарға баратынын айтты.  Менің де барғым келіп тұр. Бірақ қаражаттың барлығына жақын жерлерден күздік тауар алып қойғанмын. Тәуекел деп алтындарымды өткізіп, билет алдым. Жанымдағы қыздан жолдасым барған соң артымнан ақша салатынын айтып қарыз ала тұрғанмын. Сонымен, Стамбулға да аяқ бастық. Түсінген адамға сауда деген кәдімгідей дерт. Стамбулдың алпауыт әлемін, ондағы тауарлардың түр-түрін көрген соң алмай қайтқың келмейді. Қоржынды әбден толтырып алғанмын. Екі күн өткен соң жолдасым «ақша жоқ» деп хабарласқанда қатты уайымдадым.  Қарыз алған қыз ақшасын сұрай бастады. Мен ыңғайсызданып не істерімді білмей далмын. Алла бұйыртып, жолдасым әйтеуір тауып берді. Солай жүріп денсаулығымда кінәрат табылды. Аяғым ауырлығына қарамай кәсіптен қайтпағанмын ғой. Ақыры Алматыда босанып келдім. Арада уақыт өтіп, бөпем аяқтана бастағанда жолдасыма дүкен ашайық деп тағы қылқылдай бастадым. Қолда арзымайтын ақша. «Рахима Плазаға» барсақ қуыста бір елеусіз дүкен тұр екен. Егесі 8 жыл бойы қымбат киімдер сатқан саудагер. «Қарызға беремін, заттарымен ал» деді. Үш млн-ға түгел алып, қорқыныш пен тәуекелді серік етіп бастап кеттік. Бірақ біреуден қалған тауар өмірі өтпейді екен. Қайта өткіземіз десек, алмайды. Жалынып жүріп 2 млн тг-ге қайтардық. Одан соң анамның атынан 2 млн тг несие алып, тағы да неден бастарымызды білмей жүрдік.

 

БИЗНЕСТЕГІ БӘСЕКЕЛЕСТЕРІМ НЕМЕСЕ МЕНІ АЯҒЫМНАН ШАЛҒЫСЫ КЕЛГЕНДЕР

— Ешқандай дүние оңай жолмен келмейді. Әрбір бизнестің өз қиындықтары мен қызықтары болады. Біздің басымыздан да 10 айдың ішінде талай қызықтар өтті. Ойлана келе «Рахима Плазаның» үшінші қабатында балалар киімдерін сатып отырдым. Ол жерде де бизнесім жаман болған жоқ, Аллаға шүкір. Сол жерде отырғанда ойыма бір күні «сумка в роддом» ашу келді. Таңнан кешке дейін жанымдағы қыздарға осы идеямды айта беретінмін. Бір сөзбен айтқанда, қарызға кіріп кеткен соң, тығырықтан шығудың жолы осы деген шешімге келдім. Атын қалай қоямыз? – деп ұзақ ойландық. Ақыры қазіргі атауымызға тоқтадық. Ең бірінші жұмысты инстаграмнан парақша ашудан бастадым. Бірақ оған не  саларымды білмеймін. Бәсекелестерді зерттей келе интернеттегі суреттерін көшіріп өз парақшама салып қойдым. Әрине, мұны әдейі істеген жоқпын. Инстаграмм алаңы қып-қызыл сауда алаңы екенін қайдан білейін? Маркетинг әлемінен де хабарым жоқ кез. Тек сұраныстың бар-жоғын байқайын деген оймен жасаған алғашқы қадамым еді. Сұраныс бола бастағанда Алматыға аттандым. Фирмалармен келісіп, тауар таңдап жүрсем маған бәсекелестер жаза бастады. «Неге дәл менің суреттерімді парақшаңа саласың, дүкеніңнің атауын да бізге ұқсатып қойыпсың» деген хабарлама келді. Мен ашылмай жатып ол өзіне конкурент санай бастады. Қателігімді түсіндім, кешірім сұрап, менікі де дұрыс болмағанын айтып, суреттерді өшірдім. Содан соң өзімде алғашқы тауарларымды әкеліп парақша да жүре бастады.

Тағы бір қызығы, бір күні дүкенге әйел адам кірді. Жолдасым екеуміз асты-үстіне түсіп тауар көрсетіп жатырмыз. Сөйтсек ол бізге ұрсуға келіпті. «Неге дәл «Рахима Плазадан» дүкен ашып алдыңдар, менің балаларымның несібесін жеп» дегенде үстімнен мұздай су құйып жібергендей болды. Не дерімді білмей, «біз әлі кетеміз» деп кешірім сұрай беріппін. Қазір ойласам саудаға алғаш келгенде аңғал болған екенбіз. Кімсіз сіз? – деп дүкеннен шығарып жіберсем де болар еді. Бірақ осы кішіпейілдігімнің арқасында Алла маған барлығын беріп жатыр. Маған «Сенің қолыңнан ештене келмейді» деп жазғандар да болды. Негізі іштарлық пен көреалмаушылық артық энергияны жеп қояды. Сен қызғанған сайын энергияң болмашы нәрсеге жұмсалады.

 

9 АЙДА ӨЗ БИЗНЕСІН ӨРГЕ ДОМАЛАТҚАН «MAMA_PODIUM»-ның АРТЫНДА КІМ ТҰР?

— Мен Гүлбану қарапайым отбасыдан шыққан, бұрындары миында көп «таракандары» болған екі қыздың анасы, қайынатасы бар келін, аяулы жар, өте көпшіл қызбын. Жасым 30-ға енді толды. Үйдің жалғыз қызы болсам да ерке емеспін. Жолдасым Ержан екеуіміздің 2 қызғалдағымыз бар. Айғаным 5 жаста, Хадиша 2 жаста.

Бизнесті екіншіме аяғым ауыр кезде бастадым. Жеке блог жүргізген, тәтті пісірген ұнайды. Ең жақсы көретін мекенім Стамбул. 10 рет болсам да әлі де барғым келеді. Билегенді жақсы көремін. Өмірлік ұстанымымым – біреудің ала жібін аттамау, адамгершілік және қарапайымдылық.

Шын мәнінде әйел адамға барлық жүкті алып жүру қиын. Әрбір жетістіктің арқасында үлкен еңбек пен қиыншылық тұрады. Кей кездері өмірдегі ең маңызды деген бір дүниені құрбан етуіміз керек болады. Қазіргі  бизнесімнің алға басуы үшін мен жанұямды, жеке өмірімді, қыздарымды құрбан еттім. Күн-түн демей, үйдің бетін көрмей жұмыс істеу оңай емес. Ыстық тамақ, таза төсек, тыныштық дегеннің бәрін ұмыттым. Кей кезде үйім апталап, айлап жиналмады. Сол кезде өзімді кінәлі сезінетінмін. Қара шаңырақта қайынатаммен бірге тұрамыз. Келіндік қызмет тағы бар.

Балаға уақытылы көңіл бөлмесең ол ауырып бастайды. Ана махаббатына қанып өспеген бала психологиялық түрде де дұрыс дамымайды. Соның өзінде бәріне үлгеруге тырысамын. Бірақ кейде қатты шаршайсың. Бәрін тастап алысқа кеткің келеді.

Аллаға шүкір, бизнесіміз қарыштап дамып келеді. Күннен күнге сұраныс өсуде. Екі дүкеніміз бар. Түркиядан, Ресейден және отандық сапалы өнімдерді ұсынып келеміз. Жабайы саудадан кәнігі кәсіпкерге айналу жолында мені қолдаған барлық жандарға алғысым шексіз.

 

ОТБАСЫМА ҚАЛАЙ ҮЛГЕРЕМІН?

— Кез келген ситуацияда адамның қос қанаты бар деп ойлау керек. Менің дәл қазіргі жағдайымда қос қанатым – бизнесім мен отбасым. Екеуіне 50/50 қарамасам екеуінің бірінен мәселе туындайды. Мен отбасыма көп уақыт бөлуге тырысамын. Мысалы сіз үйде жүргеннің өзінде таңнан кешке дейін балаңыздың немесе күйеуіңіздің қасында отырмайсыз, ары кетсе арасында 2-3 рет бетінен сүйіп ары қарай тірлігіңізді істей бересіз. Мен айды, аптаны уақыттарға бөлемін. Жоспардың ішінде міндетті түрде отбасымен бір кешкі ас, таңғы ас немесе үйге келгенде кем дегенде 30  минут бірге уақыт өткізу бар. Үй жинап, тамақ істеуден шаршамаймын, тек уақытымды тиімді өткізу үшін ондай жұмыстардан бас тартуға тура келді. Ақша тапқан кезде қоршаған ортамен бөлісе де білу керек. Мен 10 000 тг беріп екі аптада бір рет тазалықшыларға жинатамын. Тамақты екі күнге бір дайындаймын немесе үйде тамақ жоқ болып, мен жұмыста болсам тапсырыс беремін. Қыздарым бала-бақшада. Соңғы кездері үйге көмекші қыз алдық. Ал, жолдасыммен бизнесте де біргеміз.

 

ЖАҚСЫ ӘЙЕЛ МЕН ЖАМАН ӘЙЕЛ

— Қоғамда әйелдер туралы, әйел энергетикасы, әйел адамның жан сұлулығы мен тән сұлулығы туралы көп айтылады. Менің де әйел ретінде түйген өз ойым бар.

Ең бірінші, әрбір әйел өзіне сұрақ қоя білуі керек. Мен қандай әйелмін? Мен әйел ретінде бірінші отбасыма, сосын қоғамға не бере аламын? Менің отбасымдағы және қоғамдағы рөлім қандай? Менің Алланың жаратқандағы миссиясы қандай? Отбасындағы атмосфераның жақсы, жылы болуы 70 пайыз әйелге байланысты. Жақсы әйел әрдайым жолдасының қас-қабағын қарап, сол отбасының өсуіне, дамуына берекеде, бірлікте өмір сүруді ойлап, соған талпынатын әйел деп ойлаймын.

Әйелдердің жаманы болмайды. Жеке пікірім. Тек қана өзін тәрбиелемеген немесе отбасынан, дәлірек айтқанда анасынан, әжесінен тәрбие көрмеген немесе тәрбие көрсе де жеткілікті ала алмаған, өзін жете бағаламаған жан дер едім. Қазіргі қоғамда жаман әйел атанбас үшін әрдайым даму үстінде болсаңыз керемет. Кітаптар оқып, адамдармен араласып, жақсы энергия беретін құрбы-құрдастарыңызбен кездесіп тұрыңыз.

Мен де осы кәсіпті өркендеткенше қаншама іздендім. Бизнесті жүйелеп беретін адам болса деп ойладық. Сол кезде бізге көмекке Сәкен Ділімбет келді. Сәкен Ділімбет тренер, бизнес-консультант, магазин эксперты және менің жеке менторым. Осы маманның сабақтарына ақылы қатысу арқылы мен өзімнен бизнесвумен жасадым. Алдағы уақытта көптеген жобалар болады. Адам тек ізденіспен ғана өсетінін ұмытпайық.

Әйел адамның тәрбиесі жайлы біртуар тұлға Дінмұхаммед Қонаев атамыз ел басқарып тұрған кезінде бір шопанның үйіне түседі. Сонда ол кісі: «Димеке, 40 жыл ел басқардыңыз, айтыңызшы, осы өмірде жаман әйел мен жақсы әйелдің қандай айырмашылығы болады?» деп сұраған екен. Сонда Дінмұхаммед Қонаев қысқа ғана: «Жаман әйелдің екі қолында пышақ болады. Бірімен дастархандағы нанды турайды, екіншісімен көрсетпей жаныңды турайды. Жақсы әйелдің қасиеті – қолында оқтау болады, тілінде тоқтау болады» деп жауап қайырады. Менің де бүінгі әйелдерге айтарым осы ой.

Жазып алған

Аяулым ТАСТАНБЕК.