ҚАСҚА АЙҒЫРДЫҢ ҚАСИЕТІ

Қаратаудың бауырында өскен Қасқа айғыр құлын күнінен-ақ болмысы дара, бітімі бөлек жануар еді. Оның кең жауырын, ұзын жалды, бөкен қабақты түр-тұрпатына көрген кісі қызықпай қалмайтын.

Біздің ауыл — Қаратаудың қос бұрымындай Үлкен және Кіші Бөген өзендерінің нақ ортасынан орын тепкен шұрайлы өлке – Ақбастау. Бабын тапқан диханға барын берген жері жомарт, адамдары ақкөңіл, кез-келген үйіне бас сұқсаңыз ас-суын ұсынбай аттандырмайтын қонақжай қалыпты халқы бар берекелі мекен. Жастары көргенді, қарттары шежірешіл, кішісі үлкенін сыйлаған өнегелі, өрісті өлке. Осындай құтты мекенде береке-бірлігіміз тасып, шаңырағымыз шаттыққа, босағамыз бақытқа, керегеміз күміс күлкіге толып, бір үйде үйелмелі-сүйелмелі он бір бала (оның бесеуі қыз, алтауы ұл) өсіп, үлкен өмірге қадам бастық. Қыздар өз теңдерін тауып қияға, ұлдар ұяға қонып жатты.

Жанар әпкем таудың ортасына орныққан қара ормандай қарағай еліне келін болып түсті. Таулы жердің табиғаты қатал, қыстың күні Шыбықбел асуында көлік қатынасы қиындағандықтан, етектегі елге түсу — үлкен жүк. Сондай шақтарда жездемізге Қасқа айғыры жақсы жолдас, сенімді серік бола біледі. Тізеден асар күртік қарды омбылап, діттеген жеріне қажытпай жеткізетін қайратын жыр етіп айтатын.

Жездемізге қолқа салып, Қасқаны жылдағы шөп жинау маусымы басталған тұста «біраз пайдаланып, қыстық отын-суымызды түсіріп алайық» деп ауылға алдырдық. Танауы желбіреп, жал-құйрығы желкілдеп жеткен тұлпарымыздың күн өткен сайын күйі болмай, шөп жеуден қала бастады. Тауға қарап шіңгірлегенде, жүрегің шымырлайды. Сонда да жерсініп, үйреніп кетер деп үміттендік.

Бір күні жоңышқалықта арқандаулы тұрған орнынан таппай қалдық. Шылбырын үзіп, өскен мекеніне құстай ұшып жеткен екен. Біз қайта барып алып қайттық. Әйтсе де, аздаған уақыт ішінде осы жағдай екі-үш мәрте қайталанды. Тағы бірде шылбырды шірене тартқан он жасар ініме ырық берместен құйғыта шапты, біз де артынан тұра ұмтылдық. Шіркін, жануардың сондағы бейнесі есімде әлі күнге кинолентадай сол қалпы сақталған. Желдей есіп, жал-құйрығы желкілдеп көз ұшында кетіп барады. Тау бөктеріне жақындаған тұста бойына ерекше күш дарығандай дүр сілкінді. Қарап тұрып сүйсінесің. Бейне бір өз жерінің шүйгін шалғынын сағынғандай, ауасын аңсағандай. Жол бойы көк шалғынды быртылдата үзіп, бауырын желге төсей еркелеп барады. Осы шабыспен үйіріне жеткенде шұрқырасып, бір жасап қалды.

Міне, осы эпизод есіме түскен сайын жүрегіме бір жылы сәуле құйылады.

P.S. Біз, қазақ, ежелден жылқыны жақын тартып, «жылқы мінезді қазақпыз» деуіміздің бір себебі жылқы төлінің бойындағы осынау ЖЕРШІЛДІК деген тектілік қасиетінен болар.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА