ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫ РУМЫНИЯДА

Тәуелсіздіктің отыз жылдығы Қазақстан үшін экономикалық прогресс пен орнықты даму дәуіріне айналды. Бұл туралы Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Ольга Перепечина мәлімдеді.

Перепечина Қазақстанның Румыниядағы Елшілігі ұйымдастырған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы — өткені, бүгіні және болашағы» ғылыми – практикалық конференциясына қатысты. Конференция қатысушыларының алдында онлайн-режимде сөйлеген сөзінде Перепечина еліміздің жетістіктеріне тоқталып, Қазақстан тәуелсіздік жылдары халықаралық аренада беделді ойыншыға айналғанын атап өтті.

«Тәуелсіздіктің отыз жылдығы Қазақстан үшін экономикалық прогресс пен орнықты даму дәуіріне айналды. Біздің еліміз посткеңестік кеңістіктегі ең табысты және ауқымды нарықтық реформаларды іске асыруда көшбасшы болып табылады. Бүгінде Қазақстан өз дамуының жаңа тарихи межесінде тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен маңызды саяси және демократиялық реформалар жүзеге асырылуда», — деді ол.

Сенатор конференцияға қатысушылардың назарын Парламенттегі жоғарғы палатаның жұмысына және депутаттардың елде жүргізіліп жатқан саяси өзгерістерді заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі белсенді қызметіне аударды. Бүгінгі таңда сенаторлар алдында президенттік реформалардың төртінші пакетін заңнамалық қолдау міндеті тұр, деп қосты ол.