ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТҰЛҒА: ШОТ-АМАН УӘЛИХАНОВ

Көрнекті сәулетші, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат», «Отан», «Даңқ» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторы, Тəуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, ҚР сəулетшілер, дизайнерлер, жазушылар, суретшілер одағының мүшесі, бүкіләлемдік Шыңғыс хан академиясының, Шығыс елдері Халықаралық сәулет академиясының, халықаралық сəулет академиясының академигі (Ресей Федерациясы) Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихановтың қазақ елі үшін сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Шота (Шот-Аман) Ыдырысұлы Уәлиханов 1932 жылы 26 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Сырымбет ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Мәскеу мемлекеттік сәулет институтын бітірген. Белгілі қазақ мүсіншісі, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Республикалық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының төрағасы. 1956-1965 жылдары Қазақ қала құрылысын жобалау институтында, КСРО құрылыс және сәулетші академиясы Қазақ бөлімшесінде сәулетші, кіші ғылыми қызметкер болды. 1966-1967 жылдары Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары. 1967-1970 жылдары Қазақ өнеркәсіп құрылысын жобалау институтының аға ғылыми қызметкер. 1971-1978 жылдары ҚР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы төрағасының орынбасары. 1976 жылдан ҚР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы төрағасының бірінші орынбасары. 1973-1982 жылдары Қазақстан Сәулетшілер одағы басқармасының төрағасы. 1975 жылдан КСРО Сәулетшілер одағы басқармасының хатшысы. 1982 жылдан Қазақ азаматтық село құрылысын жобалау институтында бас сәулетшісі. 1990-1995 жылдары ҚР ҰҒА-ның Әдебиет және өнер институтындағы өнер және сәулетші бөлімінің меңгерушісі. 1995 жылдан ҚР Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төрағасы әрі Халықаралық Абылай хан қорының президенті.

Ол халқымыздың тарихындағы ардақты тұлғалардың ескерткішін жасап, ер есімін ел арасында ұлықтауға, сәулеті көз тартар ғимараттардың бой көтеруіне сүбелі үлес қосты. Бұл қатарда Елорда төріндегі Кенесары Қасымұлы, Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы, Ерейментаудағы Бөгенбай батырдың, ШҚО-дағы хакім Абай мен Шәкәрімнің, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов, Дина Нұрпейісова, Əліби Жангелдин, Тоқаш Бокин, Ғани Мұратбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Талғат Бигелдинов, Жұмағали Саин, Тайыр Жароков, Тахауи Ахтанов, Əбу Сəрсенбаев, Дінмұхамед Қонаев, Тілес Қажығалиев, Құрманай Омарова, Нұрғали Тасмағамбетов, Шафик Чокинге арналған туындыны халық жақсы біледі.

Сол сияқты Алматыдағы «Динамо» стадионы, Алматы қаласы əкімдігінің, қазақ-неміс университеті ғимаратының, Қарағандыдағы Космонавтика монументі сынды еңселі нысанның жобасын жасады. Сегіз қырлы, бір сырлы ағамыз еліміздің сәулет және бейнелеу өнерінің өзекті мәселелерін көтерген көптеген ғылыми мақаламен қатар бірқатар драмалық шығарма жазды. Олардың қатарында «Тағдыр», «Шоқанның анты», «Ақнұр», «Шоқанның ақ түндері», «Террор» атты пьесасы бар.