ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ МӘДЕНИ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ БАСТЫ ҚАЙНАР КӨЗІ

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң және 1993 жылғы Конституция жаңа тіл саясатының іргетасын қалады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып танылды, орыс тіліне ұлтаралық қатынас тілі мәртебесі берілді.

Билік қазақ ұлтының ұлттық беделін нығайтуға, оның мәдениеті мен тілін дамытуға, әрі осы орайда республиканы мекендейтін басқа этностардың құқығын бұзбауға ниеттілігін білдірді. Сондықтан тілдік тұрғыдағы кемсітушіліктің кез келген формасына тыйым салынады. Қазақстандықтардың бәрі қатынас тілін, оқуды, тәрбиелеу мен шығармашылықты еркін таңдау құқығын алды. Әсіресе, егер ел азаматы қазақ немесе орыс тілін білмесе, ол оның конституциялық құқықтарының шектелуіне негіз бола алмайтыны атап көрсетілді. Билік бір кезеңде мемлекеттік басқару мен іс жүргізу саласында орыс тілінің пайдаланылуын тежемей-ақ, мемлекеттік тілдің позициясын айтарлықтай нығайта алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде мыңға жуық қазақ балабақшасы мен орта оқу орны ашылды, тілдік курстарды оқыту тегін жүргізілді.

Мемлекеттің ойластырылған және прагматикалық тіл саясаты елді мекендейтін барлық этностық топтарды өзінің ұлттық ерекшелігін сақтау мүмкіндігімен қамтамасыз етті. Осының бәрі қоғамдық келісімге ықпал етті және елдегі сәтті қайта құрулар мен оның болашақ жетістіктерінің кепіліне айналды.