ҚАЗАҚСТАН – ДІНИ ДОСТЫҚТЫҢ МЕКЕНІ
Конституцияның 1-бабына сәйкес, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Әрі оның рухани күші дәстүрлі діндерді, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді құрметтеуіне негізделеді.
1990-шы жылдардың басында жаңа тәуелсіз мемлекеттерді қамтыған діни ренессанс Қазақстанды да айналып өте алмайтын. Халықтар өмірінде дін қашанда айрықша маңызға ие болды. Біздің елімізде этностық қана емес, сондай-ақ конфессиялық тұрғыда да ерекще жағдай қалыптасты. Тұрғындардың көбі ислам дінін, біраз бөлігі христиан дінін ұстанды. Сондақ-ақ иудаизм, буддизм және басқа да нанымды ұстанатындар баршылық. Біздің еліміздің мұсылмандары үшін 1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының ашылуы ерекше оқиға болды.
Конституция елдің барлық азаматтарына, діни сеніміне қарамастан, тең құқық береді. Әрі бір кезеңде 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған және діни төзімділіктің базалық ұстанымдарын айқындайтын «Дін еркіндігі мен діни бірлестіктер туралы» заң қоғамдық тәртіпке нақты қатер төндіретін секталар мен ағымдарға байланысты шектен шыққан либерализмімен де ерекшеленетін. Қазақстанда олардың қызметіне жол бермеу және бұрынғы конфессиялық саясаттың кінәраттарын жою үшін заң кейінірек жетілдірілді.