ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ XXIX СЕССИЯСЫНЫҢ ҮНДЕУІ
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясының Үндеуі қабылданды.
«30 жыл бұрын Тәуелсіздікке алғаш қол жеткізгеннен бастап халқымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел басшылығымен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті – ел дамуының басты ұстанымы ретінде таңдады. Бұл қағидат – табысты да ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың, саяси жүйені үздіксіз демократияландырудың, ұлттың әлеуметтік капиталын дамытудың мызғымас іргетасына айналды. «Қазақстандық жол» – патриотизм жолы, тұрақтылық пен халық игілігіне бағытталған реформалар жолы ретінде әлемге танымал болды. Нәтижесінде, Қазақстан бәсекеге қабілетті нарықтық экономикасы бар, заманауи мемлекеттік құрылымы және дамыған азаматтық қоғамы бар, әлем мойындаған – қалыптасқан мемлекетке айналды», — делінген Үндеуде.
Сонымен қатар онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында Тәуелсіздік жылдары елімізде барша азаматтар құқықтарының шынайы теңдігі қамтамасыз етілгені атап өтілген. Олардың әлеуметтік, этностық және діни ерекшелігіне қарамастан, болашағы біртұтас ұлт қалыптасты және ол жылдан-жылға нығайып келеді.
«Тәуелсіздікті, елдегі татулық пен келісімді күшейтуде Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі айрықша. Жалпыхалықтық институтқа айналған Ассамблея – құндылықтар мен азаматтық ұстанымдардың тұтастығын нығайтты және ортақ мақсаттар мен міндеттер аясында ел тұрғындарының мызғымас бірлігін қамтамасыз етіп келеді. Ассамблея азаматтық қоғамның тиімді институтына айналды, конституциялық мәртебеге ие болды және елдің жоғарғы заң шығарушы органына депутаттар сайлау құқығын алды. Ассамблея сессияларында ел тұтастығын сақтауда тарихи маңызы зор Ел бірлігі доктринасы, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сынды стратегиялық және бағдарламалық құжаттар бүкілхалықтық қолдауға ие болды. Бүгінгі таңда Ассамблея жалпыұлттық топтастырушы фактор және этносаралық қатынас құралы ретінде мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыруда», — деп жазылған қабылданған құжатта.
Мұнымен қоса онда Ассамблея қызметінің арқасында еліміздің этностық және мәдени сан алуандығы дамудың және реформалардың маңызды факторына айналғаны аталып өткен.
«Біз Елбасының татулық пен келісімнің қазақстандық бірегей моделін құрудағы тарихи рөлін айрықша атап өтеміз. Ассамблея – барлық азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және ұлттың адами әлеуетін нығайту, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру бағытындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген дамудың жалпыұлттық басымдықтарын іске асыру бойынша жұмысты жандандыруға шақырады. Біз, Тәуелсіздік пен бірлікті нығайта отырып, Отанымыз – Қазақстан Республикасының табысты дамуы мен өркендеуіне қол жеткізетінімізге нық сенім білдіреміз!», — делінген Үндеуде.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА төрағасы лауазымынан бас тартты. ҚХА Төрағасы лауазымы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырылды.