ҚАЗАҚСТАН — ИСЛАМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫНА ТӨРАҒА
2008 жылы қатысушыларының саны жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі екінші орындағы (57 ел) Ислам конференциясы ұйымы халықаралық құрылымы 2011 жылы ИКҰ-ға Қазақстанның төрағалық жасайтыны туралы
шешім шығарды. Бір айта кетерлігі, Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуі – 2010 жылғы біздің еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі жемісті аяқталғаннан кейін жалғасты. Мұндай халықаралық-саяси жалғастылық Қазақстанның Еуропа елдерімен және мұсылман елдерімен өзара белсенді қарым-қатынас орнатқандығын, Қазақ елінің жаһандық миссиясының бірегейлігін, Ислам әлемі мен Батыстың арасындағы түсіністікке ықпал жасауға ұмтылысын айғақтап тұрғаны даусыз.
2011 жылы 28–30 маусымда Астанада Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлер кеңесінің 38-сессиясы болып өтті және бұл Қазақстанның төрағалық жасауына алғышарт жасады. Тарихи оқиға ретінде жарты ғасыр бойы жұртшылықтың құлағы үйренген Ислам конференциясы ұйымының атауы өзгеруін айтуға болады. Мүше-мемлекеттер «ынтымақтастық» ұғымы ұйымның алдағы уақыттағы атқаратын жұмыстарымен
көбірек сәйкесетіндігі туралы Қазақстанның пікіріне құлақ асты. Осылайша, Астанада Ислам әлемінің басты құрылымы өзінің қазіргі – Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) атауын иеленді. Бұл атау – оның анағұрлым топтасқан және тиімді халықаралық бірлестік екендігін білдіретін болады. Алғаш рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық іс-қимыл жоспары қабылданды.
Ислам ынтымақтастығы ұйымы үшін Сириядағы азаматтық соғыстың өршуі және осыған байланысты көзқарастар қайшылығының үдеуі – үлкен сын-қатер болды. Қазақстан осындай сын сағатта парасаттылық көрсетті және күрделі геосаяси жағдайда өзін объективті медиатор ретінде танытты.
Қазақстанның қағидатты ұстанымы, Сириядағы жағдайды талқылаған кездегі салиқалы, ұстамды көзқарасы Ислам ынтымақтастығы ұйымының іштей екіге бөлінуіне жол берген жоқ. Сонымен қатар Қазақстанның төрағалығы Сомалидегі гуманитарлық дағдарыстан шығу үшін 500 миллион долларды
жинастыруға мүмкіндік берді.
Қазақстанның төрағалығы алғашқы белгіленген мерзімінен жарты жылдан артық уақытқа созылды және 2012 жылы қараша айында Джибути қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлігі кеңесінің 39-сессиясында аяқталды. Осы кездесуде ИЫҰ азық-түлік қауіпсіздігі бойынша штаб-пәтерін Астана қаласында құру туралы біздің ұсынысымыз қолдау тапты, сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымының
Еуроодақпен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесімен, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезімен ынтымақтастықты тереңдету қадамдары да қолдауға ие болды.
Қазақстанның 2011–2012 жылдары ИЫҰ-ға төрағалығы – ұйым тарихындағы жаһандық өркениетті және дінаралық диалогта Қазақстан рөлінің
маңыздылығын танытқан кезең.