ҚАЗАҚСТАН КӨП ВЕКТОРЛЫ САЯСАТТЫ ҰСТАНАДЫ
Елбасының сыртқы саясат доктринасының жүйе құраушы элементі болған көпвекторлы саясат әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және ел үшін практикалық маңызы бар барлық мемлекеттермен достық және болжана алатын өзара қарым-қатынастарды дамытуды көздейді. «Қазақстан өзінің геосаяси орналасуына және экономикалық әлеуетіне қарай тар аймақтық проблемалармен шектеліп қалмауы тиіс, — деді Елбасы. — Бұл біздің көпұлтты халқымызға ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастыққа да түсініксіз болар еді. Қазақстанның болашағы — Азияда, Еуропада, Шығыста және Батыста. Нақ осындай саясатты жүргізе отырып, біз Қазақстанның қауіпсіздігіне қандай да болмасын қатерлердің пайда болуына жол бермейміз».
Өткен уақыт көпвекторлық ұстанымның дұрыстығын толығынан ақтап шықты, республиканың өзінің ұлттық мүдделерін тиімді жақтай отырып, халықаралық аренада дербес және ықпалды болуына мүмкіндік берді. Бірде Француз Республикасының Президенті Жак Ширак Қазақстан туралы былай деген болатын: «Франция 1991 жылы болған өзгерістерді маңызды және шешуші деп бағалайды. Белгісіз және күрделі жағдайда Сіздің еліңіз мемлекет құрудың қайтпас жолына түсті, өзінің ұлттық құндылықтарына және ұзақ тарихына адалдықпен қатар демократия мен құқықтық мемлекеттің жалпыадамзаттық ұстанымдарын жақтайтындығын мәлімдеді. Қазақстан 15 жыл ішінде тұрақты институттары және серпінді экономикасы бар елге айналды».
Н.Ә.Назарбаев алдын кеңінен шолып, халықаралық өмірдің негізгі мегатрендтерін практикалық саясатында ескеріп, ұрымтал сәттерді өзіне тән сезімталдықпен байқап отырады. Кейбір бұрынғы кеңестік көшбасшылар біздің Президенттің 1994 жылғы наурыздың 29-ында ММУ-да сөйлеген кезіндегі айтқан еуразиялық бастамасын дер кезінде ұғынып, бағамдай алмады. Алайда бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекетаралық қатынастардың одан кейінгі бүкіл даму қисыны еуразиялық идеяның өміршеңдігін қуаттады. 2000 жылғы қазанның 10-ында Қазақстан, Ресей, Беларус, Қырғызстан және Тәжікстан Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты (ЕурАзЭҚ) құрды, ол бүгінгі таңда бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең табысты және тиімді ықпалдастық жобалардың бірі болып табылады. Н.Ә.Назарбаевтың беделі мен ықпалының арқасында Қазақстан еуразиялық ықпалдастықтың локомотивтерінің біріне айналды. Ресейлік сарапшылардың атап көрсетуінше, Қазақстан қазіргі кезде Ресейдің тең дәрежедегі стратегиялық әріптесі болып қана қоймай, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі оның табиғи бәсекелесі болып отыр. Сонымен қатар мамандар ЕурАзЭҚ бойынша әріптестерімен бірге, Қазақстан ГУАМ елдері — Грузиямен, Украинамен, Әзірбайжанмен және Молдовамен қатынастарды ойдағыдай дамытуда.