ҚАЗАҚСТАН «ШАНХАЙ БЕСТІГІНДЕ»

1990-шы жылдардың екінші жартысындағы Қазақстанның сыртқы саясатында «Шанхай бестігі» елдері: Қытай, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанмен қарым-қатынастың орны ерекше болды. КСРО мен ҚХР арасында екі елдің де Қарулы күштерін қысқартып, кеңес-қытай шекарасындағы сенімді нығайту жөніндегі келіссөздер 1980- шы жылдардың басында-ақ басталған. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, Қытаймен келіссөздердің жаңа кезеңіне қатысу үшін, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның біріккен делегациясы жасақталды. Келіссөзге қатысушы жақтар түйінді мәселелерде бір шешімге келіп, 1996 жылдың 26 сәуірінде Шанхайда бес елдің басшылары әлемнің дипломатиялық тәжірибесіндегі аса маңызды құжат – Ортақ шекара ауданындағы әскери сенімділік шаралары жөніндегі келісімге қол қойды.

Бір жылдан кейін, 1997 жылдың сәуірінде «бестік» елдерінің көшбасшылары Мәскеуде Шекара ауданында Қарулы күштерді қысқарту жөніндегі келісімге қол қойды. Дүниежүзілік қоғамдастықты елең еткізген, аса маңызды бұл уағдаластықтың құндылығы ерекше еді, сонымен қатар осы маңызды келісімдер – жаңа, қуатты сыртқы саяси құрылымдардың іргетасын да қалады. Бес мемлекет басшыларының 1998 жылғы 3 шілдедегі келесі кездесу орны ретінде Алматының таңдалуы да кездейсоқ емес. Онда Елбасы Н.Назарбаев «бестік» елдерінің өздері бірлесіп қол жеткізген, қымбат саяси капиталын ысырап етуге болмайтынын, керісінше, мұны сақтап, ынтымақтастық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты нығайта беру керек екенін айтты.

Алматыдағы келіссөзге қатысушылар бұрын қол қойылған құжаттардың тиімді әсерін жоғары бағалады және бес мемлекеттің өзара іс- қимылы шекара мәселелерін шешуге ғана тіреліп қалмай, жаңа сыртқы саяси жағдайда қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерін шешуге қабілетті құрылым түзу керектігі туралы айтып, ортақ байламға келді. Алматыдағы кездесуге қатысушылар өздерінің Бірлескен мәлімдемесінде бес елдің арасындағы татулық, достық және ынтымақтастықты бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің және дамудың факторына айналдыруға дайын екендерін білдірді. Осы сәттен бастап дипломатиялық айналымда «Шанхай бестігі» деген әуезді тіркес орнықты. Болашақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының сұлбасы енді айқын көріне бастады.