ҚАЗАҚСТАНДА 3D СОТ САРАПТАМАСЫ ЕНГІЗІЛУІ МҮМКІН
«Жыл сайын Қазақстанда 30 мыңға жуық аутопсия жүргізіледі», – деп мәлімдеді медицина ғылымдарының докторы, сот-медициналық сарапшы Франц Галицкий. Бұл туралы профессор «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау жөніндегі онлайн-дөңгелек үстел барысында айтты.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіш еліміздің сот-сараптамалық құрамы үшін айтарлықтай жүктеме және бірқатар аймақтарда кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. «Аутопсия, яғни мәйітті сою санын азайтсақ, маман жетіспеушілігі мәселесін шешеміз», – дейді дәрігер Галицкий.
Дүниежүзілік Банктің «Сот төрелігі секторын институционалдық нығайту – сот сараптамасын күшейту» жобасының үйлестірушісі, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің провосты Сергей Пеннің пікірінше, виртуалды 3D-аутопсия дәстүрлі аутопсияға балама бола алады.
«Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі эксперименттік шара ретінде томографтың көмегімен 3D-аутопсияны енгізуді жоспарлап отыр. Техникалық тұрғыдан алсақ шығыны аз емес, сондықтан еліміздің барлық өңірінде бірден қолдану қиынға соғады. 3D аутопсия кезінде денеге пышақ тимей адам өлімінің негізгі себебі анықталады. Зерттеу барысында оның ішкі ағзаларына зақым келмейді», – деп хабарлады Сергей Пен онлайн дөңгелек үстелде.
Мәжіліске енгізілген заң жобасыҚазақстанның сот сараптамалық қызметін реформалау жолындағы үлкен қадам екенін ескере келе, ҚР Әділет министрлігі Сараптама қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры Тимур Исабеков 3D аутопсия жеке сот-сараптама қызметінің жүйесін неғұрлым тиімді ететінін атап өтті.
М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ
Университетінің баспасөз қызметі