ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІМЕН ҚАТЫНАСЫ

Қазақстанның әлемнің жетекші елдерімен қарым-қатынасы қарқынды дамыды. Уақыт сынынан өткен Ресеймен байланысәлсіреген жоқ. Уақыт өткен сайын Қазақстан – Ресей ынтымақтастығының ауқымы кеңейіп, жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

1990 жылдардың екінші жартысы Қазақстанның тағы бір ұлы көршісі және маңызды әріптесі – Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынас үшін қолайлы кезең болды.1996 жылдың шілде айының басында ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминь Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді және бұл сапары аяқталған соң көп ұзамай екі ел арасындағы шекараны қайта белгілеу басталды. 1999 жылдың қараша айында Елбасының Қытайға кезекті ресми сапарының барысында екі тарап та жан-жақты ынтымақтастыққа мүдделі екендерін растады. Мұның мәнісін ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминь былай білдірді: «Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытай әрдайым Қазақстанның сенімді досы және жақсы көршісі болып қала береді».

Елбасының 1997 жылдың қарашасындағы АҚШ-қа сапары Қазақстан-Америка қатынастарының жаңа кезеңін бастады. Осы сапарда 18 маңыз ды құжатқа, оның ішінде Экономикалық серіктестік аясындағы іс-қимыл бағдарламасына, Ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орны және Каспий қайраңының солтүстік бөлігіндегі өнімді бөлуге қатысты келісімшарттарға қол қойылды. АҚШ президенті Билл Клинтонмен кездесуім кезінде Америка көшбасшысы Вашингтон «Орталық Азияда Қазақстан жетекшілік етеді» деген пікірде екенін айтты.

Қазақстанның сыртқы саяси мүдделері аясында ірі еуропалық елдер де болды. 1997 жылдың қарашасында қол қойылған Германиямен арадағы келісім, негізінен, экономикалық ынтымақтастыққа қатысты болды. Бес жылдың ішінде Елбасының (1995 жылдан 1999 жылға дейін) әртүрлі уақыттарда болған француз көшбасшысы Жак Ширакпен алты кездесуі Қазақстан мен Францияның көптеген мәселелерде келісімге келуіне көмектесті. 1997 жылдың маусымындағы Ұлыбританияға сапары қазақстандық және британдық бизнестің іскерлік ынтымақтастығына қол жеткізді. 1996 жылдың қыркүйегінде Түркиямен болған келісім екі елдің әскери саладағы тығыз қарым-қатынасының бастамасы болды және Қазақстанның қорғаныс қабілетінің нығая түсуіне айтарлықтай ықпал етті.

Қазақстанның 1990-шы жылдардың екінші жартысындағы күрделі, сан алуан және қат-қабат оқиғаларға толы халықаралық өмірі мемлекетіміз үшін баға жетпес тәжірибенің қайнар көзі болды, сырт елдермен қарым-қатынаста сындарлы саясат ұстанып, жаһандық геосаяси координаттар жүйесінде өз бағытынан жаңылған жоқ.