ҚАЗАҚТЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН ЕЛБАСЫ

Жер бетінде адамзат баласының бүгінгі аумалы-төкпелі заманда, ХХІ ғасырда түсінісіп, ортақ мәмілеге келісіп, баянды өмір сүретін кезі келді.

ХХІ ғасырдың әлем есігін ашқанына да анау айтты көп бола қойған жоқ. Сонда да болса ол біздерді өзінің сынақ безбеніне салып, іс-әрекетімізді, қимыл-қозғалысымызды зерттеп, зерделеп, тексеріп жатқан секілді. Сондықтан бұл сынақтан сүрінбей өту үшін өмірдің барлық саласында жаңаша көзқараспен қарауды қажет етеді.

ХХ ғасырдың соңында еліміз – Тәуелсіз Қазақстанның жүріп өткен жолына көз жіберер болсақ, көңіл қуантады. Өйткені жеткен жетістіктер, қанша дәріптеп айтсаң да жарасатын жасампаз істер баршылық. Қазақстанның бүгінін кешегісімен салыстыруға әсте болмайды. Өткен кезеңдерге қарағанда қазіргі Қазақстан қалыптасқан, өзге елдермен терезесі тең, дүние жүзі алдында мәртебесі биік, өз орны бар мемелекет. Бұл біздің келешекке деген сенімімізді ұштай түсері сөзсіз. Қазіргі кезеңді барлық салада ауқымды жетістіктер мен толағай табыстарға жетудің басы деп түсінсек, артық кетпеспіз.

Әлемнің алдыңғы қатарлы көшбасшы мемлекеттерінің тізгін ұстарлары, озық ойлы, тәжірибелі саясаткері, өзге тұлғалар, халықаралық  ұйымдар, қарапайым халық Қазақстандағы жаңаша ойлау жүйесінен пайда болған реформалар аз ғана уақыт ішінде нәтижелі болғанын мойындап да үлгерді. Бүгінгі таңда көптеген алпауыт мемлекеттердің өздері бізге ерекше қызығушылықпен қарайтын болды. Бұл – шындығында  да барша қазақстандықтар үшін баға жетпес мақтаныш.

Қазақстанның таңдап алған  саяси-экономикалық бағыты аз  ғана уақыт ішінде өзінің өміршеңдігін, нақтылығын, тек елімізге тән моделінің дұрыстығын дәлелдеп берді.

Шындығында да, Тәуелсіздік  жылдарында бірлесіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жүріп атқарылған жұмыстардың көптігі сондай, бұларды еске түсіргенде қуанышқа кенелесің. Әрине, мұндай жетістіктің өз бетінше келе қоймасы анық.

Әу бастан-ақ адамзат баласы жақсы өмір сүруді, бейбітшілікті орнатуды, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуды алдына мақсат етіп қойды. Бұл үшін аянбай терін төгіп, ұдайы ізденіп, мемлекетке тән барлық атрибуттарды байыппен, ақылмен, көрегендікпен іске асырғанда ғана оң нәтижеге жетерің белгілі.

Бұл күндері сенім мен серпіліске, қуаныш пен бақытқа қазақ халқын әлемге танытқан, бүкіл қазақтың, бүкіл қазақстандықтардың мақтанышына айналған Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасы деп қабылдағанымыз жөн.

Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанды, ондағы жомарт жүректі, кең пейілді, қасиетті қазақ деген  халықты дүние жүзі  білетін болды. Олар біздің жүріп өткен жолымызды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді біле бастады.

«Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасын жариялаған Тұңғыш Президентіміз ел дамуының бағытын бүге-шігесіне дейін жіктеп, жіліктеп берді. Бұл бағдарлама аясында көптеген ауқымды шаралар жүзеге асып, ел игілігіне айналып отырғанына халық куә.

Н.Ә.Назарбаевтың сыртқы және ішкі саясаттағы атқарған орасан зор қызметі туралы әрбір қазақстандық біліп жүргені абзал.

Сарманбай Исақ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қ.Қазиев атындағы әдеби жүлде лауреаты.