КЕЛЕР ҰРПАҚТЫҢ БАҚЫТЫНА ТУЫЛҒАН ТҰЛҒА
Қадамы – қарышты, таңдауы – табысты, талғамы – алысты бағындырған, кемеңгерлік пен кемелділікті ту етіп, замана көшіне ілескен тәуелсіз қазақ елі ғасырдың бестен бір бөлігінен астамын артқа тастады. Ырыс қонып, бақ дарыған сақ ұрпағының ұстанған жолының дұрыстығын бүгінгі таңда әлем мойындап, жаһан жамырай жар салуда. Қазақ қоғамының ғана емес, Адамзат алдында салмақты да салиқалы ой айтып, ғалам ғалымдарының назарын аударып отырған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ елінің болашағын бағдарлы, келешегін кемелді ету жолында ізденімпаздықпен еңбек етуде. Билікті лауазым деп қана емес, ел алдындағы сындарлы жауапкершілік, ел артқан сенім деп қарайтын көшбасшымыз қашанда болсын сертіне беріктік, тірлігіне тұрақтылық танытып келеді. Тасқа басылған қарт тарихымыздан тағылымды сабақ ала отырып жасалған ел басқару стратегиясында басты назарда ұстанған Елбасы қағидасының бірі – елдегі тұрақтылық пен халықтың әлеуметтік жағдайы. Бұл туралы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын биылғы Жолдауында да жан-жақты атап көрсеткені көзі қарақты оқырманға белгілі.
Бүгінгі біздің сөз етеріміз де осы Елбасы бағдарламасында айтылған еңбек мәселесі, білім беру саласының өркендеуі жолындағы Мемлекет басшысының ерекше қамқорлығы, сонымен бірге Көшбасшымыздың кісілік келбеті мен ізденімпаздыққа құрылған адами қасиеттері төңірегінде болмақ.
Қазақстанның негізгі байлығы – адам капиталы дейтін болсақ, сол адам ресурстарының әлемдік өркениетке жетуінің бірден-бір жолы – теңіздей терең білімділікте екенін үнемі назарда ұстап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі таңда білім саласына айрықша көңіл бөліп отыр. Елбасы ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалатынын, ал ол үшін үздіксіз ізденіс пен өмір бойы оқу қажеттігін ескертті. Жолдаудың жетінші бағытында атап көрсеткеніндей, еліміздегі адам капиталының өсуі денсаулық пен білімге тікелей қатысты. Елбасы тапсырған оқыту үдерісіне заманауи әдістеме мен технологияны енгізу, педагогикалық құрамның сапасын арттыру, біліктілікті растайтын тәуелсіз жүйе құрып, жастар үшін білімге қолжетімділік аясын кеңейту мәселелері – асқан қажыр-
лы еңбек пен ізденімпаздықты, жасампаз идеялар мен ұшқыр қиялды, сонымен қатар нақты іс-әрекеттерді талап етеді. Мемлекетіміздегі түрлі деңгейдегі орта, арнаулы және жоғары оқу орындары мен білім мекемелері білім беріп қана қоймай, сондай-ақ алған білімін әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалануға икемделуі керектігі – уақыт қажеттілігі.
«Елдің ертеңін ойлау қажет. ХХІ ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты салауаты да сауатты өмірге бағыттауымыз керек», – дегенде Елбасы келер ұрпақтың тағдыры мен оның болашағына алаңдаушылық білдіріп қана қоймай, содан шығар жол да ұсынып отыр. Білім – біреулер ойлағандай тек оқытып қана қоятын технологиялық орта емес, ол сонымен қатар қоғамдық сана мен дамудың мақсат-міндеттерін қалыптас-
тыруға белсенді әсер етуші негізгі фактор. Қоғамдағы білімнің базалық, ұзақ мерзімді, қажетті құрылымдық, маңызды стратегиялық қызметі айқын. Сонымен бірге, білім әлеуметтік үдеріс, құбылыс, жүйе, әлеуметтік институт және қоғамның құраушысы ретінде сол қоғамдағы өзгерістердің бәріне тікелей қатысып отырады. Бұл – заңдылық.
Еліміздегі білім беру жүйесі әрдайым Елбасының ерекше назарында. Тәуелсіздік алған алғашқы қиын-қыстау заманның өзінде білім саласына қаржыны аямай салып, талантты жастарды мұхит астырып, шетелге оқуға жібергені болашақты баянды бағдарлағаны емес пе? Бүгінгі таңда да Нұрсұлтан Әбішұлының білім саласына ерекше көңіл бөліп, тікелей өзі қадағалап отыруы тегін емес. Себебі дүниенің кілті білімде екенін ол кісі өте жақсы біледі. Тәуелсіздіктің жиырма жылында елімізде ашылған Қазақ-британ университеті, КИМЭП, «Еуразия» университеті, «Назарбаев университеті» мен Назарбаев зияткерлік мектептері – Елбасы идеяларының жеңісті жемісі. Таяуда «Назарбаев университетінде» оқыған лекциясында айтқан «Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді. Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» деген астары терең, мағынасы кең Елбасының ойын білім саласында еңбек етіп, тер төгіп жүрген азаматтар тұжырымдамалық тұрғыдан қорытып, өзіндік ұстанымға айналдыруымыз қажет. 1993 жылы басталған «Болашақ» бағдарламасы Қазақстан жастарына еуропалық білім әперу әрекеті болса, бүгінгі таңдағы «Назарбаев университеті» – соның заңды жалғасы.
Нұрсұлтан Әбішұлы ел ішіндегі қол жеткен жетістіктің қайсыбірі болмасын еліміздің еуропалық стандарт бойынша білім алып келген жастардың білімімен, жаңашыл идеяларымен, ұшқыр қиялдарымен, ерен еңбектерімен ұштастыра сөйлейді. Толағай табыстарымыз бен ілгерілеуіміздің жаһандық дағдарыс тұсында баянды болып сақталып қалуы ендігі жерде осы заманғы білімді, дарынды, ілкімді алғыр жастарымыздың отаншылдық, ұлттық рухани жан байлығы мен адал белсенділігіне байланысты екенін де үнемі ескертіп отырады. Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуын өрістету міндетін Елбасы білімді де дарынды, жаңаша ойлап іс-әрекет ететін жастарымыз-
ға аманаттайды.
«Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты — толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын», – деген Елбасының шын жүректен шыққан шынайы лебізі тәуелсіз мемлекетіміздің қайсыбір азаматын болмасын толғандырары, Президентіне деген сенімін берік етіп, одан әрі нығайтары хақ. Және осы бір Отанға деген ерекше сүйіспеншілік өзгелерімізге де үлгі болса, Отанды сүюді Елбасынан үйренсек деген сезім пайда болатыны жасырын емес.
Осы орайда айтқым келетін бір жай бар. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлының бойында қажырлылық пен қайраткерлік, еңбекқорлық пен жасампаздық, талапшылдық пен тәубешілдік сынды тағы да басқа ізгі қасиеттердің тоғысуы. Мемлекет көшбасшысы осы ізгілікті қасиеттерді игілікті іс-әрекеттер атқаруда асқан ізденімпаздықпен жұмсап, ел өркениетін өрісті етуде еңбек етіп келеді. Жаңа, асқақ, жасампаз мемлекет құруда әлемдік саяси тұлғалармен иық тірестіре, тіпті кейбірінің алдына шығып, көшбасшылық мәртебеге ие болды.
Әлемдік жаһандану заманында Жер планетасындағы қайсыбір жағдай болмасын, алыс-жақындығына қарамай елдің ішкі және сыртқы саясатына өзіндік әсерін тигізері анық. Қоғам қабырғасына батып отырған төрткүл дүниедегі дағдарыс дамушы елдердің өзінің еңсесін езіп, тығырыққа тіреуде. Көзі – қырағы, сөзі – сыралғы саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы егеменді елімізді еңселі етіп, өзгелерге алақан жайып еңкейтпейтін жалғыз жол – еңбек екенін бағдарламалық мақаласында «әлемнің әміршісі – еңбек» деген жалғыз ауыз сөзімен түсіндіріп берді. Жалпыадамзаттық маңызды мәселелерді мемлекет мінберінен ғана емес, Еуразия экономикалық интеграциясы, түрік мемлекеттері саммиті, діни конфесиялар ықпалдастығы, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО ұйымдары жиналыстарында көсемдікпен көтеріп жүрген Қазақ елінің басшысы әлемдегі кез-келген саяси мәселеден сырт қалған емес. Ортақ мекеніміз – Жер-Ана алдындағы перзенттік парызын жете түсінген ел көшбасшысы жалпыадамзаттық құндылықтарды қырағылықпен сақтауды межелеп, әлемді мекендеген түрлі ұлыстар мен ұлттардың бір-бірімен суыспай, туыса жүруін мақсат еткен аса маңызды жиын өткізу идеясын да жаһанда тұңғыш бас болып, көтере білді. Талай жылдан бері жиналмай, қордаланған мәселесі шаш-етектен болған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын Астанаға шақырды. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен ынтымақтастық жөніндегі серіктестерден 38 мемлекет, шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Елбасы басқарған жиында келелі кеңес өткізіліп, айшықты ой айтылды. Жаһаннан жиналғандарды әлем болашағының көркеюі жолындағы өзіндік ұстанымына иландырып, сәуегейсінген білгіштердің болжамын жоққа шығарып, қобалжыған халықтың күдігін үмітке ұластырды. Саммитте Астана декларациясы қабылданып, әлемнің назарын аударған аса құнды құжатқа қол қойылды. Мұнда да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлік беделі мен саяси ұстанымының күштілігі ықпал еткенін жоққа шығара алмаймыз.
Оңалбай АЯШЕВ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика университетінің
ректоры, педагогика
ғылымдарының докторы.
2012 ЖЫЛ.