КЕПІЛДЕНДІРІЛГЕН ӘЛЕУМЕТТІК ТОПТАМАЛАРДЫ «GRAMAD» САУДА ҮЙІНЕН АЛУҒА БОЛАДЫ
«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңнамаға сәйкес, азық-түлік түрінде тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға беріледі.
Осы орайда Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы «Gramad Retail» ЖШС сауда үйімен келісім-шартқа отырған болатын. «Gramad» сауда кешені құрамында үш супермаркет және бір гипермаркет кіретін дүкендер желісі бар. Сауда орталығы арқылы жыл басынан бері 125 мыңнан астам кепілдендірілген әлеуметтік пакет таратылды.
Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардың балаларына басқарма ұсынған тізім бойынша беріледі. Басты мақсат – тауарларды төмен бағамен сатып алуға және қаламыздың көпбалалы отбасыларына, шағын және орта бизнес үшін де қолжетімді болуына жағдай жасау.
Айта кетерлігі, кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар денсаулық сақтау министрлігінің негізінде қалыптастырылды. Жиынтықтарға әртүрлі жарма, картоп пюресі, сүт және т.б. өнімдер кіреді. Барлық азық-түлік сертификатталған. Аз қамтылған отбасының әрбір баласына арналған гигиеналық құралдар жиынтығы тоқсанына (3 ай) бір рет ұсынылады.
Кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы алу шарасын жеңілдету мақсатында арнайы @aspgramadbot телеграм-бот жұмыс жасайды. Бот арқылы азық-түлік беру пунктерінің мекен-жайларын және күні мен уақытын білуге болады. Ол үшін баланың ЖСН нөмірін енгізу қажет.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі