КӨРШІ МЕМЛЕКЕТТЕРМЕН БЕЙБІТ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ САЯСАТЫ

Қазақстан алғашқы күндерден бастап барлық елдермен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға әзірлігін және ниеттілігін білдірді. Бұл позиция өзгеріссіз қалды. Н.Назарбаев реалист саясаткер ретінде Қазақстанның жағдайында іргелес Ресей мен Қытай және бүкіл әлемге ықпалы үлкен супердержава – АҚШ сияқты ірі мемлекеттермен өзара тиімді, достық қарым-қатынастың маңызды екенін түсінді.

Қазақстан Президенті ретіндегі 1994 жылдың наурыз айында Ресейге жасаған ресми сапары Қазақстан – Ресей қарым-қатынастары дамуының маңызды белесі болды. Оның қорытындысы бойынша 22 құжатқа, оның ішінде Экономикалық әріптестік пен интеграцияны одан әрі тереңдету келісіміне, Ресейде тұрақты тұратын қазақстандықтардың, Қазақстандағы ресейліктердің азаматтық және құқықтық мәртебесі туралы меморандумға, Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Қазақстанның ең басты сыртқы саяси міндеттерінің бірі – шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасымен бейбіт қарым-қатынас орнату еді. 1993 жылдың қазан айында Қытайға жасаған алғашқы ресми сапарында Елбасы екі ел арасындағы өзара достық қарым-қатынастың негіздері туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды. Тараптар барлық даулы мәселелерді ешқандай күш қолданбай және қандай да бір формадағы қатерлі әрекеттерге, бір-бірінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қимылдарға бармай, бейбіт тәсілдермен шешетінін көрсетті.

Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі – Америка Құрама Штаттарымен екіжақты қарым-қатынас. 1992 жылдың мамыр айында Н.Назарбаев Сауда байланыстары туралы келісімге, Қаржы салымдарын ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімшартқа және Екі елдің үкіметтері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған АҚШ-қа алғашқы ресми сапарын жасады. Ол АҚШ президенті үлкен Джордж Бушпен көптеген саяси мәселелерге байланысты ортақ пікірге келді және осындай қарым-қатынас екеуара достық байланыстарға ұласты. Сол жылы АҚШ президенті Қазақстанды Тәуелсіздігінің бір жылдығымен құттықтап,  мынадай сөздер жолдады: «Өткен жылдарда Қазақстан халықаралық мойындалу тұрғысында және саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда үлкен прогреске қол жеткізді және осынау қиын кезеңдегі жетістіктеріңізбен мақтана аласыздар».

Қазақстан тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған Түркия біз үшін маңызды аймақтық әріптес. 1992 жылдың наурызында Алматыда екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас орнату туралы хаттамаға және екі ел азаматтары үшін визасыз тәртіп енгізу туралы келісімге қол қойылып, 21 сәуірде Түркия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Елбасына сенім грамотасын тапсырды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш жүзеге асырылған дипломатиялық салтанат біздің еліміздегі шет елдік дипломатиялық корпустың қалыптасуының басы болды.

Айқын экономикалық, саяси және мәдени факторларды ескере отырып Қазақстан ортаазиялық көршілері – Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Тәжікстан және Түрікменстанмен байланысқа ерекше көңіл бөледі.