МАШИНА ЖАСАУ — ЕЛДЕГІ ЕҢ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУШЫ САЛАЛАРДЫҢ БІРІ

Тәуелсіз елдің тегеуріні мықты болуының негізгі шарты — экономикасының бәсекеге қабілетті болуы. Ұлттық өнеркәсіптің технологиялық деңгейінің көрсеткіші – машина жасау. Ол экономиканың жалпы
бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Сондықтан да бұл саланың дамуына біз ерекше назар аударамыз. Соңғы жылдары машина жасау елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың біріне айналды: индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында өндіріс ауқымы екі еседен аса ұлғайды, 2013 жылғы 300 млрд.теңгеден 2014 жылы 853 млрд теңгеге дейін, ал 2015 жылға қарай машина жасау өнімінің көлемі 1 триллион теңгеден артты. Бүгінде ел импортының жалпы құрылымында машина жасау өнімдері 18,4 млрд доллар. Көлемі жағынан да, түрлері жағынан да даму әлеуеті арта түсуде. Мұнай-газ, тау-кен металлургия, энергетика және агроөнеркәсіп кешендерінің Қазақстандағы машина жасау өнімдеріне ұзақмерзімді сұранысы туралы айта аламыз.
Бізде тау-кен өндірісі өнеркәсібіне арналған автокөліктер, комбайндар, вагондар, құрал-жабдықтар көптеп шығарылуда. Елде ғарыштық жер серіктерін, тікұшақтарды, электронды және оптикалық өнімдерді, компьютерлерді, электр жабдықтарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелерді шығару қарқынды дамуда.
2013 жылы жеңіл автокөліктерді шығару 2012 жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық (19186-дан 3471 автомобильге дейін) өсті. 2013 жылы 922 автобус шығарылды, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге көп (205 автобус). Жолаушылар вагондарының өндірісі 2012 жылмен салыстырғанда 4 есеге артты (35-тен 135 вагонға дейін).
2013 жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласына 47,5 млрд. теңге инвестиция құйылды, ол – 2008 жылғы көрсеткіштен 3,4 есеге артық. Бұл ретте, 2008 жылмен салыстырғанда тікелей
шетел инвестицияларының көлемі 24,1 млн. АҚШ долларына ұлғайды.
Саладағы еңбек өнімділігі 2013 жылы 2008 жылмен салыстырғанда 125,9% артып, бір адамға 24,3 мың АҚШ долларын құрады.
Машина жасау саласы бойынша өнім өндіру көлемі 853,9 млрд.теңге болды, физикалық көлем индексі – 114,6%. Оның ішінде 26,7 млрд. теңге сомасына (ФКИ — 101,4%) компьютерлер, электронды және оптикалық өнімдер, 78,0 млрд. теңгеге (ФКИ — 100,2%) электр жабдықтары, 95,2 млрд. теңгеге (ФКИ — 95,5%) басқа санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар, 156,5 млрд. теңгеге (ФКИ — 178,9%) автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер, 157,3 млрд. теңгеге (ФКИ
— 115,5%) басқа да көлік құралдары шығарылды, ағымдағы мерзім ішінде 340,1 млрд. теңгеге (ФКИ — 108,6%) машиналар мен жабдықтар орнатылып, жөнделді.