«КӨШБАСШЫЛЫҒЫ БАЛА КЕЗДЕН ЕРЕКШЕЛЕП ТҰРАТЫН»
Біздер Елбасымен Алматының іргесіндегі Қаскелең ауданының орталығындағы мектепте бірге оқыдық. Білім ұясының жанында балалар үйі, интернат бар еді. Жетім, тұрмысы төмен отбасының, шопандардың ұл-қыздары сонда жатып оқыды. Соғыстан кейінгі жылдар ғой, заманның жағдайы мәз емес-тін. Сондықтан балалық шағымыздың да жұпыны болғаны рас. Көп оқушы ауыл-ауылдан жетінші сыныпты тәмамдап келді бұл мектепке. Содан кейін онжылдықты сол жерден бәріміз бірге аяқтап шықтық.
Нұрсұлтан мектепке алғаш келгенінен қабілеттілігін танытты. Еліміздің іргелі бір тұтқасын ұстайтынына сеніміміз кәміл еді оның. Динав Аитов деген тағы бір білімді сыныптасымыз бар еді. Оны «энциклопедия» дейміз. Нұрсұлтан екеуі бәрімізді жетелейтін, сүйрейтін. Білмегенімізді ұғындыратын. Сұрағаныңды «пәлен кітаптың түген бетінде» деп дәлдікпен айтып беретін екеуі. Химия, математика, физика, тарих… тіпті барлық сабақтан да алғыр еді олар.
Нұрсұлтан екеуміз тоғызыншы сыныпқа дейін бір партада отырдық. Ол кештерді ұйымдастыруға келгенде алдына жан салмайтын. Викториналық сұрақтар өткізетінбіз. Бұдан бөлек, мектепте оқып жүрген кездерде-ақ Нұрсұлтанның көшбасшылық қасиеттері ерекшеленіп тұратын. Кез келген дүниені қиюын келтіріп, ұйымдастырып жіберетін. Оның шапшаңдығы, спортқа ебі, оқу үлгерімі, қамқорлығы – бәрі-бәрі әлі күнге дейін есімізде.
Сыныптастар 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналған мерейтойда бұдан кейін жыл сайын кездесіп тұруға уағдаластық. Арамыздан «староста» етіп Едігені сайладық. Содан бері мүмкіндік болса, жылда наурыз айында бас қосып келеміз.
Былтыр сонау Оңтүстіктің мақталы өңірінде тұратын, сыныптағы ең жасы кіші қызымыз Роза Шымкентке қонаққа шақырды. Қуана қабыл алдық шақыруын. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлына, сол кездегі Шымкент қаласының әкімі
Ғабидолла Әбдірахымовқа, сондай-ақ Отырар ауданының бұрынғы әкімі болған Ерлан Айтаханов мырзаларға, бізді құрметтеп күтіп, сыйлап, әсерлі кездесу ұйымдастыруға атсалысқан барша мекемелерге алғысымыз шексіз! Өте риза болдық. Барынша жағдай жасап, бәйек болып, көңілімізді аулады. Дәм татырып, киелі мекендерге апарды, сый-сияпат та көрсетті.
Шымкент қаласының жастары да бізді ерекше ықыласпен күтіпті. Әрбірімізбен танысуға, танып, білуге деген құлшыныстары қойылған сұрақтарынан байқалып тұрды. Бұл кездесуіміз де мағыналы өтті. Олар Тұңғыш Президенттің өмірбаяны, қандай оқушы болғаны, оқу үлгерімі, тағысын-тағы осы секілді сауалдарын жолдап, сұрақтарға менімен бірге сыныптастарым Едіге Жүнісбеков, Роза Мәтеқызы, Күләш Әмірова жауап беріп, әдемі естеліктер айттық.
Рая СИРАЗИТДИНОВА,
Елбасы сыныптасы.