ҚР БҒМ КОМИТЕТІ 14 КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗУ ФАКТІЛЕРІН АНЫҚТАДЫ

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің қызметкерлері 14 кәмелетке толмаған балаға қатысты еңбек заңнамасын бұзу фактілерін анықтады. Жұмыс берушілер еңбек шартын жасамастан 14 жасөспірімді жұмысқа тартып, олар күні бойы еңбек еткен. Бұл балалар еңбегін қанауға қарсы ұлттық ақпараттық науқан барысында анықталды.
Іс-шара шеңберінде балалар еңбегін қанау мәселесі және бұл проблеманың бала мен қоғам үшін тигізетін салдары туралы түсіндіру жұмыстары, азаматтарды хабардар ету шаралары жүргізілді.

Балаларды еңбекке заңсыз тарту фактілері анықталғаннан кейін жұмыс берушілермен және кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес, он төрт жасқа толған оқушыларға оқудан бос уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін жұмыстарды орындауға рұқсат етілетінін айта кеткен жөн. 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағаттан, 16-18 жастағы жасөспірімдер аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Бұл ретте, жұмыс беруші кәмелетке толмаған баланың өзімен, оның ата-анасымен, қамқоршысымен немесе бала асырап алған ата-анамен еңбек шартын жасауға міндетті.