ЛАТЫН ГРАФИКАСЫ КӨП ОЛҚЫЛЫҚТЫ ТҮЗЕЙДІ

2012 жылғы желтоқсан айында   жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне кірісу керектігін мәлімдеген. Сол кезде жаңа әліпбиге көшуді бастап кету керек еді. Нұрсұлтан Әбішұлы міне, тағы да кемеңгерлік танытып отыр. Көпшілік қатары бұл бастаманы қызу қолдап, қуаттаймын

Қазақ тілі жалғамалы тіл, оның негізгі заңы — сингармонизм. Былайша айтқанда, сөздер қалай дыбысталса солай таңбаланады. Жұрнақтар мен жалғаулар сөздің айтылуындағы әуезділігін сақтап, оны бұзбайтындай етіп жалғанғаны жөн. Қатаң дауыссыздан кейін қатаң, ұяң дауыссыздан кейін ұяң дыбыстар жалғануы тиіс. Осындай ерекшеліктерінің арқасында қазақ тілі әлемдегі ең әуезді, құлаққа жағымды тілдердің  бірі болып саналады. 1940 жылы отарлаушылар орыс графикасын енгізумен ғана шектелмеді. Оны біраз орнықтырып алғаннан кейін емле ережелеріне реформа жасап, орфографиялық (жазылым) және орфоэпиялық (айтылым) заңдылықтар дегенді сылтауратып тілдік иірімдерімізді бұзып жіберді. «Қалай дыбысталса солай жазуымыз керек» дегендерді сауатсыз деп айыптады. Соның салдарынан қазіргі замандастарымыздың көбі қалай жазылса солай сөйлеп, тілдік орамдарымызды бұзып жүр. Біз латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді бекіту арқылы кирилл жазуына өткен кезде кеткен кешірілмес  қателіктерді түзеп,  осындай  олқылықтардың орнын толтыра аламыз. Бұған қоса-қабат латынға бізден бұрын өткен түбі бір, тарихы ортақ әзірбайжан, өзбек, түрікмен мемлекеттерінің жақсы тәжірибесін үйренгеніміз жөн. Сондықтан Елбасының бұл игі бастамасын толықтай қолдаймын.  Ендеше, латын әліпбиі қазақ тілінің көсегесін көгертсін деп тілейік.

Болатбек ТІЛЕУБЕРДИЕВ,

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің

филология факультетінің деканың ғалым, филология ғылымың докторы, профессор.

Шымкент қаласы.