ЕЛБАСЫ ЖЕҢІСІ

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар оңай болған жоқ. Күйреуге бет бұрған қоғамды өткеннің еншісіне өткізіп, жаңа, азат, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру тым оңайға түскен жоқ. Бұл жайында Елбасы әркез айтып отырады. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деп аталатын Жолдауында былай деп сыр бөлісті: «Маған Сират көпіріндей қылпылдаған кезеңде тәуелсіздік алып, мемлекет құру ісі сеніп тапсырылды». Тәуелсіздік арқылы имандылыққа, хақ жолына бет бұрған бүгінгі оқырманға сират көпірі жайында тым тәптіштеп түсіндірудің өзі артық, ал енді ашық, баршамызға түсініктілеу жайт – біз шынында да қыл көпірдің үстінде тұрдық.

Сан ғасырлық күрестер мен азаттық үшін жанын пида еткен бабалардың арманы сол ғасырдың соңында ғана орындалды. «Ашылмас сорға толы маңдайлардың» жұлдызды сәті туды, ел өз көсемін бұл жолы қапысыз таңдады. Азаттық алғанға дейін сан алуан жауапты қызметтер атқарған, туған елін 18 жыл бойы басқарған Димаш ағаның аса бір үміт күткен ізбасарларының бірі Нұрсұлтан Әбішұлын барша еліміз қапысыз мойындап, бір ауыздан Президент етіп сайлады.

Қазақ халқына тәуелсіздік тізгінін ұстатқан, өзі сол халықтың көшбасшысы болып тізгінін ұстаған Елбасы сол жылдардың ғасырлар тоғысының мұғдарында «Мен бұл ғасыр Қазақстан тарихындағы ең бір ғажап ғасыр болады деп сенемін» деген ілгері үмітін жеткізген еді. Елбасы үміті зая кеткен жоқ. Қирап, келмеске кеткен кеңес қоғамынан өз жолымен жүретін, бейбіт, берекелі, ынтымағы жарасқан көпұлтты ел болуына қарамастан татулығы кісі қызығатындай мемлекет құруды Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырды. Сайын Сарыарқаның төсінде Астана тұрғызу үшін қандай тәуекелге бару керек еді, Елбасы барды.

Қорыта келгенде, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы, оның қалыптасуы мен дамуындағы рөлі айрықша. Оның есімі Қазақстан тарихының беттерінде алтын әріптермен жазылары анық.