ЛАТЫН — ШЕТЕЛДЕГІ ҚАНДАСТАРМЕН ЖАҚЫНДАСТЫРАДЫ

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көші­ру­дің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастан қолға алу қажеттігін атап өтті.Демек, көп кешікпей егемен еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды.

Бүгінгі таңда крииллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл кең таралған жазу. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефонда латын қарпінде жазу оңай, ал крииллицада қазақша тере алмай қиналып жатамыз. Себебі, латын әліпбиінің базасы қалыптасқан әрі ауқымы кең.

Өкінішке қарай, латын әліпбиінің қазақ тарихындағы ғұмыры ұзақ болған жоқ. Десе де, он шақты жылдың ішінде бұл жазу сол уақыттағы қазақ тілінің құлдырауын біршама тоқтатты. Себебі, латын әліпбиінің басым бөлігі фонетикаға негізделді, яғни, сөздің таза айтылуын сақтап қалды. Түркі дүниесіне ортақ заңдылықты сақтады. Біз енді сол үрдісті жалғастырып, заманға сай лайықтап, бейімдеп, ары қарай дамуына ықпал етуіміз қажет.

Бұл ретте ескеретін бір жайт, бүкіл түркі әлемі 34 таңба пайдаланған екен. Біз осы нұсқаны аламыз ба, әлде 33 таңбаны қолданамыз ба? Осы жағын нақтылап алғанымыз жөн. Биыл бірыңғай стандарттар қабылданатын шығар деп ойлаймын. Екінші мәселе – бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жақын қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Демек, біз болашақта латын әліпбиіне көшсек, сол қазақтармен жақындаса түсеміз. Түсіне білген адам үшін мұның да маңызы зор.

Владимир ШНАЙДЕР.