ЛАТЫНҒА КӨШУ АЛДЫМЫЗҒА ҮЛКЕН МІНДЕТ ҚОЙДЫ
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа Жолдауында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы ұсыныс айтты.
Еліміз тәуелсіздік алып, тіліміз бен салт-дәстүрімізді, тарихи құндылықтарымызды енді түгендеп, қазыналарымызды қайтарып жатқан тұста қазақ әліпбиін латынға көшіру туралы пікір айтқан ғалымдарымыз, саясаттанушыларымыз болды. Бірақ ол уақытта күрделі істің күрмеуі келмеп еді.
Міне, бүгін бұл бастаманы қолға алып, іске көшетін сәт туып отыр. Қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі орнын, ішкі және сыртқы жағдайды жан-жақты ескерген Мемлекет басшысы қазақ зиялыларының алдына үлкен міндет қойды.
Әрине, әліпбиді қашан және қандай жолдармен ауыстыру қажеттігін дұрыс қабылдаған жөн. Әліпбиді ауыстыруға ұзақ уақыт, қомақты қаражат, сонымен қатар ең бастысы интеллектуалдық күш-жігер керек.
Тағы бір айта кетерлік жайт, кейбір ағайындарымыздың латын әліпбиіне көшуіндегі орын алған олқылықтарын қайталамайтын оңтайлы жолды қарастыру қажет. Болашақ ұрпақ екі кеменің басын ұстамайтындай, жалпыға жеңіл, тілдік ортаға икемді болғаны абзал. Біз осыған үміттіміз.
Мәкен ЕРЖАН,
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы.